Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жас ғалымдарға қолдау көп

0 169

Қазақ ғылымы дамуының негізгі күші – ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындары. Бүгінгі күні Қазақстанда ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын 383 ұйым бар. ҚР Білім және ғылым министрлігінің жетекшілігімен еліміздегі оқу орындары жанынан ғылыми-зерттеу орталықтарының құрылуы да отандық ғылымның ілгерілеуіне өзіндік үлес қосуда.

Елімізде білім беруді және ғылымды дамыту үшін түрлі шаралар кешенді іске асырылуда. Осыған орай, қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін кеңейту, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылымның үлесін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметі 2019 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын қабылдады. Аталған бесжылдықта бағдарламаны іске асыру үшін 11,5 млрд теңге қаржы бөлу көзделді. Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының 16-65 жас аралығындағы ересектердің құзыреттілігін халықаралық бағалау бағдарламасының нәтижелеріне сүйенсек, Қазақстан оқу бойынша 34-орынды, математикалық сауаттылықтан (39 елдің ішінен) 33-орынды және ақпараттық-коммуникативтік технологиялар саласындағы сауаттылық бойынша (36 елдің ішінен) 32-орынды иеленген. Бұл нәтижелер әлдеқайда төмен дегенді білдіреді. Білім және ғылым жүйесіндегі бұл ахуал өзгермейтін болса, кәсіби кадрлардың азаюы және еліміздің экономикалық әлеуетінің әлсіреуі орын алуы мүмкін. Дегенмен бұл құлдырау емес. Еліміз етек-жеңін жинап, тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері әлемдік рейтингіде бәсекеге қабілетті болуға ұмтылуда. Қазақта ғылым кейін ғана пайда болған жоқ. Қазақ ғылымы сонау ғасырлар қойнауынан өріс алады. Өнертапқыштар халқымызда бұрыннан болған. Әйтпесе бірнеше таспа қайыстан көмкеріп қамшы өріп, ішек пен ағаштан түрлі аспаптар жасап, бүгінгі күнге ұмтылмас мұра қалдырмаған болар еді. Қанша ғасыр бұрын зәулім-зәулім кесенелер мен күмбездер орнатып, күннің түсу бағыты негізінде жылынуды қамтамасыз ететін сәулет өнерінің ірі жетістіктері – моншалар құрылысын ойлап, іске асырғаны тарихтан белгілі болса, ғылым мен өнертабыс ХХ ғасырда пайда бола қалды деп қалай нүкте қоямыз? Домбыра мен қобыздың, сыбызғы мен сазсырнайдың әуелеген үні құлақтың құрышын қандырғанда, «нағыз физика, нағыз акустика, нағыз өнертабыс деген осы екен-ау» деген ойға қаласыз.
Ал ХХІ ғасыр – ғылым мен техниканың дамыған дәуірі. Адамзаттың өмір сүру дағдысы ауырдан жеңілге ойысқан сайын адам бір ғана түймешік арқылы бүкіл әлемді басқарғысы келеді. Адам армандайды және қолынан бәрі келеді. Ұшатын кілем болса, айшылық жерден жылдам хабар алсам дейді. Ақырында ұшақтың да, ұялы байланыстың да сан түрін ойлап табады. Жарықты қосасыз ба, телеидарды басқа арнаға бұрасыз ба, қиындығы жоқ. Тіпті орныңызда отырып басқара беріңіз. Пультті өзіңізбен алуды ұмытпасаңыз болғаны.
Мұның бәрі – ғылым мен білімнің дамығандығының нәтижесі. Отандық ғылым мен өндірісті сөз ететін болсақ, салыстырмалы түрде даму деңгейіміз төмен. Үйіңіздегі теледидарыңыз атақты «LG» компаниясынікі болса, компания Кореяға тиесілі. Қолыңыздағы смартфоныңыздың сыртында тістелген алманың суреті бейнеленсе, ол АҚШ-қа тиесілі. Көлігіңіздің құжатында «Hyundai» деген жазу болса, ол да Оңтүстік Кореяның өнертабысы.
Рас, отандық ғылымның қазіргі деңгейі өркениетті елдермен салыстырғанда төмендеу. Себеп – қаржыландыру жүйесі мен ғылымды басқару мәселелері. Маңыздысы – ғылымның елге, өнеркәсіптің дамуына қосатын үлесі, әкелер пайдасы. Бұл ретте біз дүниежүзінде 61-орындамыз. Бұл көрсеткіш дамыған елдер деңгейінен 24 есе төмен дегенді білдіреді. Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында білім мен ғылым дамуының әлсіз тұстарының бірі – ғылым, білім және өндірістің нашар байланысы деп көрсетілген. Ғылым-білімнің дамуында ғалымдар саны мен сапасы да басымдыққа ие. Осы ретте статистикаға сүйенсек, елімізде 1 млн халыққа 662 ғалымнан келеді, бұл Ресейге қарағанда (2 852) 4,3 есе, Беларуське қарағанда (1 805) 2,7 есе және АҚШ-қа қарағанда (4 256) 6,4 есе аз.
Отандық ғылымның қарыштауына тағы бір кедергі – ҚР жоғары білім беру жүйесінде ғылыми қызметкерлерді еңбекке ынталандыру деңгейінің төмендігі. Ғылымды ақшамен бағалауға болмайтыны белгілі. Дегенмен бүгінгі нарық заманында болашақтың іргетасын қалаушыларға алаңсыз ғылыммен айналысуға жағдай жасалуы тиіс.
Бір ерекше атап өтерлігі, отандық ғылым бүгінгі күні дамудың даңғыл жолына түсіп келеді. Ғылым сапасын жақсарту жөніндегі шараларды іске асыру нәтижесінде ғылымды қаржыландыру жеті есеге дейін ұлғайғаны, бизнес тарапынан ғылыми қызметті бірлесіп қаржыландыру үлесінің артқаны қуантады. Бизнестің ғылымға қосқан үлесі 3 жыл ішінде 4,8 млрд теңгені құрады. Жыл сайын елімізде ғалымдардың еңбегін қолдау, жас ғалымдарды ғылым саласына тарту мақсатында үнемі дарынды жастардың бастамаларын қолдауға бағытталған жобаларға қаржы бөлініп, конкурстар, форумдар ұйымдастырылады. Мұндай маңызды шараларға шетелден қатысушылар да шақыртылып, ел дарындыларының тәжірибе алмасуына жағдай жасалады.
Елімізде қабылданған бағдарламалар мен ұтымды саясаттың нәтижесінде біршама ғылым салалары дамып, қазақ ғылымының жетістігі ретінде бағалануда. Атап айтар болсақ, «Парасат» ғылыми-техникалық орталығы» АҚ таукен және металлургия саласы бағдарлама негізінде «отқа төзімді және сапасы төмен шикізаттарды өңдеу мен байыту технологиясымен» ең алғаш демеркуризациялы өңделген көмірден вакуумда алтын өндіру, бөліп алу үшін үздіксіз әсер етуші құралдар мен технология әзірледі.
Ж.Әбішев атындағы химия-металлургиялық институты ҚР Минералды шикізаттарын кешенді қайта өңдеудің Ұлттық орталығымен бірлесе отырып, «Минералды-шикізат ресурстары мен түрлі-түсті металлургияның техногенді қалдықтарын тиімді пайдаланып, отандық өндіріске қажетті өнім алу» бағдарламасы бойынша маңызды ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Іргелі ғылымдар бағдарламасы бойынша емдік дәрі-дәрмек жасауда «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» АҚ «Өсімдіктер және олардың синтетикалық баламаларының жаңа биологиялық белсенді қосылысы» тақырыбында алғаш рет бірегей дәрілік заттар алуды қолға алғаны – еліміз үшін мақтан тұтарлық жаңалық. Қазақстан Республикасында атом энергетикасының дамыту бағдарламасы бойынша энергетика саласында жер бетін атмо-геохимикалық түсіруде оның геологиялық ортадағы техногендік өзгерістерінің әдістемесі мен модельдік бағдарламасы әзірленді
Сондай-ақ алғаш рет Қазақстанда радон 222Rn изотобынан дозалық жүктемесі анықталып, қазақ ғалымдары оны алудың әдістемелік нұсқаулығын әзірлегенін де ауыз толтырып айтуға болады. Бұған қоса ауыл шаруашылығы, медицина салалары бойынша елімізде ірі-ірі жетістіктер орын алғаны көңіл қуантады.
«Ғылымы жоқ елдің болашағы жоқ»,– деген екен ғұлама ғалым әл-Фараби. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі», – деген болатын. Президентіміз айтпақшы, расында, біздің заманымыз – ғылым мен білімнің дамуына білек түріп белсене кірісетін кезең.
Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының қорытындысы қойылған мақсаттар мен міндеттер 93,4 пайызға орындалғанын көрсетеді. Ендігі кезекте бекітілгеніне 3 жылдан астам уақыт өткен Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша орындалған міндеттердің пайыздық үлесі жоғары болатынына сенім мол.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ,
журналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.