Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақ ғылымын қалай дамытамыз?

0 170

Соңғы жылдары мемлекет тарапынан ғылымға ерекше қолдау көрсетіліп келеді. Айталық, енді жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарында жұмыс істейтін ғалымдарға жалақысы мен үстемеақысына ай сайын 185 мың теңгедей қосымша ақы төленбек. Сондай-ақ бұл сома жыл сайын өсіп отырады. Мұның сыртында оларға әрбір бес жылда тұтас 1 жылға созылатын, ақысы төленетін шығармашылық демалыс беріледі. Ғалымдар оны, мысалы, кітап жазуға арнай алады. Ел Парламенті егде тартқан ғалымдарды қолдау және ғылымды жастарға қызықты ету үшін жаңа тетіктерді заңдастырып жатыр.

Ұлттық статистика бюросының ақпаратынша, 2023-2024 оқу жылында Қазақстанда 112 ғылым ордасы жұмыс істейді. Оның 77-сі – университет: ішінде үшеуі «зерттеу» мәртебесін алды (ұлттық зерттеу университеті). Сондай-ақ 14 академия, 10 ғылыми институт пен оларға теңестірілген жоғары мектептер, консерваториялар бар.
Меншік түріне қарай бөлсек, осы ғылыми ұйымдардың басым көпшілігі немесе 59,8 пайызы – мемлекеттік. 39,3 пайызы – жекеменшік. 0,9%-ы шетелдік, көпшілігінде – ресейлік.
Ағымдағы оқу жылында республиканың осы жоғары білім беру ұйымдарында 37 391 оқытушы жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде басым көпшілігі – 40,1%-ы немесе 14 982 адам «магистр» академиялық дәрежесін алған. 28,1%-ы немесе 10 504 адам өз саласы бойынша «ғылым кандидаты» ғылыми дәрежесіне ие. 27,8%-ы немесе 4 168 адам – доктор (PhD).
Сарапшылар бұрынғы Білім және ғылым министрінің жоғары оқу орындарын жаппай жабумен шектен тыс елігіп кеткенін сынап жүрді. Салдарынан соңғы 5 жылда жоғары білім беретін ұйымдар саны өсу орнына 9,6%-ға құлдыраған. Осы кезеңде Ұлттық статбюро дерегінше, студенттер саны қайта 9,3%-ға артқан.
Нәтижесінде, ЖОО-ларға шектен тыс жүктеме түсті. Былтыр Президенттің тапсырмасымен жаңа Ғылым және жоғары білім министрлігінің әзірлеуімен қабылданған Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында бұл проблема ашық айтылады.
Ғылым министрлігінің дерегінше, Қазақстанның жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесі алдағы 7 жылда «күшті демографиялық жүктемелерді бастан кешіретін болады». Егер елдегі халық саны былтыр 20 миллион адамды құраса, 2050 жылға қарай 27,7 миллионға жетеді деген болжам бар. «2029 жылға қарай мектеп бітірушілер саны 2 есе өседі деп күтілуде. Бұл жоғары білім мен ғылым ұйымдарының шамадан тыс жүктелуіне, білікті профессорлық-оқытушылық құрамның тапшылығына, ЖОО мен жатақханалардағы орындардың, заманауи инфрақұрылымының жетіспеушілігіне, зертханалық базасының, жабдықтарының тез тозуына әкеліп соқтырады. Осы үрдіс болашақта сақталса, жоғары білім берудің жыл сайынғы бюджеттік шығыны 2030 жылға қарай 1,3 трлн, 2040 жылы 3,1 трлн теңгеге жетеді. 18 жыл ішінде тек студенттердің бірінші мамандық алуына қажетті мемлекеттік бюджет шығыстары 29,1 триллион теңгені талап етеді», – деп хабарлады ведомство.
Статистика мамандары қазірден қазақстандық білім қуған жастардың шетелге, негізінен, Ресейге кету үрдісі күшейгеніне назар аудартты. 2019 жылдан бері қазақстандық ЖОО-ларға түсушілер санының кему тренді белең алды. Мысалы, 2018 жылы елдегі 124 ғылым мен жоғары білім ұйымында 542,5 мың студент білім алса, 2019 жылы бұл сан 604,3 мыңға өсті.
Алайда ары қарай құлдырады: 2020 жылы 125 ЖОО-да небәрі 575,5 мың студент қалды. 2021 жылы ЖОО-лар қатары 122-ге кеміді, оларда 576,6 мың студент қана болды. 2022 жылы ЖОО-лар саны 116-ға дейін қысқартылды, демографиялық өсімнің қарқын алғанына қарамастан, студенттер саны 578,2 мыңды ғана құрады. 2023 жылы ғылым мен білім ордаларының саны 112-ге дейін азайды. Олардағы ғылым қуған жастардың қатары 592,7 мың ғана болды.
Яғни Қазақстан халқының саны 2019 жылғы 18,5 миллионнан 2023 жылы 20 миллионға дейін өсті. Ал студент жастар саны 2019 жылғы көрсеткіштен де азайып кетті. Тағы бір дерек: 2019 жылы 125 ЖОО-да 604,3 мың студент оқыса, 2023 жылы 112 ЖОО 593 мыңдай студентті оқытуға мәжбүр болды. Осыдан-ақ бұрынғы министрдің «қысқарту» науқанынан аман қалған оқу орындарына қандай жүктеме түсіп жатқанын аңғаруға болады.
Жағдай ары қарай ушыға бермеуі үшін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз шешімімен 2022 жылдың 11 маусымында Білім және ғылым министрлігін екі министрлікке бөліп, ғылым мен жоғары білімге жеке отау құрып берді. Сонымен бірге Қазақстанда шетелдік беделді оқу орындарының филиалын ашу жұмыстарына серпін берілді. 2023 жылы жетекші шетелдік университеттердің жаңа ашылған бөлімшелерінің саны сегізге жетіпті. Әзірге соның өзі ғылым ордаларына деген тапшылықты жоя алмай тұр.

Ғалымдар қанша жалақы алады?

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке сенсек, жоғары оқу орындарындағы ғалымдар күреп табыс таппайды. Квазимемлекеттік сектордағы, ұлттық компаниялардағы жас маманның жалақысы көлемінде ғана алады. С.Нұрбек сала тізгінін өзі қолына алғалы, ЖОО профессорлық-оқытушылық құрамының жалақысын 160 мыңнан 350 мың теңгеге дейін, ал ұлттық университеттерде жалақыны 228 мыңнан 400 мың теңгеге дейін өсіргенін жеткізді.
Университеттерде осылай екен, ал ғылыми орталықтағылардың халі нешік? Ғылым министрінің дерегінше, ондағы ғалымдардың орташа жалақысы 2 есе өсті: бүгінде 252 мың теңгеге жетті. Іргелі зерттеумен айналысатын ҒЗИ-лер енді тікелей бюджеттен қаржыландырылады.
Дардай профессор даңқы бар тұлғаның компаниялардағы хатшы қыз деңгейінде ғана табатынын білген соң, жастар ғылымға сонша ынтыға бермейді. Басқа салада карьера жасаса, тәуелсіз әрі бай-бақуатты болатынын түсінеді. Бұған қоса, профессорлар мен оқытушылардың біразының баспанасы жоқ, жатақханада тұрады. Ал оларда орын жетпейді: жаңа министрлік құрылғанда, 2022 жылы ЖОО жатақханаларындағы жалпы орын тапшылығы 55 050 орынды құрапты. Қолға алынған шұғыл шаралар арқылы оны 3 есеге азайта алған.
Соның өзінде 2023 жылдың соңында жатақханаларда 17 488 орын тапшылығы тіркелген. Атағы елге танымал, азуы алты қарыс деген ғалымның жатақханадағы орын үшін жастармен жағаласып жүруі де абырой әпермейді.
Әділін айту керек, жалғыз жалақыға қарап қалмай, ғылыми зерттеулермен белсенді айналысып, ғылыми жаңалықтар ашатын, өнімін коммерцияландыратын ғалымдар ауқатты. Бұл үшін мемлекет барлық жағдайды жасады. Мысалы, ғылым саласының 2023-2025 жылдарға арналған жалпы бюджеті 3,3 есе артып, 643 миллиард теңгені құрады. Талантты ғалымдар мемлекеттен де, шетелден де мол гранттық қаржыландыру алып, игере алады.
Ғылым министрлігінің дерегінше, ғалымдардың 151 жобасы мемлекеттен қолдау тапты, инвесторлардан да 6,7 миллиард теңге жеке қаржы тартылды. 2022 жылы инновациялық өнімді сатудан және қызмет көрсетуден түскен табыс сомасы 24,9 миллиард теңге болды. 15 жоба бойынша 402,2 миллион теңгеге өнім экспортталған.
Елімізде 2023-2025 жылдарға арналған «Жас ғалым» жобасы іске қосылды. Оның аясында жас ғалымдардың зерттеулеріне қайтарымсыз грант қаржы беріледі. Бұл үшін конкурсқа қатысып, зерттеудің елге игілік әкелетінін, ғылымды дамытуға керек екенін дәлелдеу керек.
Талап жоғары: «Web of Science» дерекқорында импакт-фактор бойынша алғашқы үш квартильге кіретін немесе «Scopus» дерекқорында «CiteScore» бойынша процентильге ие алғашқы елулікке енетін журналдарда ғылыми мақала басып, жобаның ғылыми негізін дәлелдеу қажет. Сондай-ақ жобаға жеке серіктес тауып, ол шамалы болса да инвестиция құйып, бизнеске қызықты екенін байқатуы керек.

100 миллиард теңгені кім еншілейді?

Осы орайда Парламенттің қос палатасының депутаттары «Кейбір заңнамалық актілерге ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын әзірледі. Оның авторларының бірі, 2019 жылдан бері Білім және ғылым министрлігін басқарған, қазіргі Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, құжат ғалымдардың жағдайын жақсартатын көптеген тетікті іске қосады.
Біріншіден, ғалымдар үшін жаңа үстемеақы түрін енгізеді. Мысалы, «доцент» атағы бар ғылым кандидаттары – ай сайын 25 АЕК (2024 жылы – 92 300 теңге), «профессор» атағы бар ғылым докторлары – 50 АЕК (биыл 184 600 теңге) қосымша ақы алатын болады.
Асхат Қанатұлының айтуынша, ғылыми-зерттеу институттарында немесе университеттерде істейтін ғалымдар доктор (PhD), ғылым докторы, ғылым кандидаты сияқты ғылыми дәрежелері үшін бүгінде онсыз да ай сайын жалақысына қосымша үстемеақы алады. «Ол – баяғыдан бекітілген норма. Енді оларға профессор немесе доцент сияқты ғылыми атақтары үшін тағы жала¬қысына қосымша ақы беру ұсынылып отыр. Мысалы, доктор PhD, ғылым кандидаты бүгінде ай сайынғы жалақысына ғылыми дәрежесі үшін 62 мың теңгедей үстемеақы алса, бұдан былай ол қосымша доцент деген ғылыми атағы үшін тағы 30 мың теңгеге жуық үстемеақы, яғни жалпы алғанда, 92 мың теңгені ай сайынғы жалақысына қосымша алады. Ол ғылым докторы болса және өз жалақысына 130 мыңға жуық үстемеақы алып отырса, мына заң қабылданған соң профессор атағы үшін қосымша 60 мың теңгедей алады. Сонда барлығын қосқанда, ай сайынғы жалақысына 185 мыңдай үстемеақы беріледі», – деді депутат.
Екіншіден, өмірге жолдама алатын тағы бір қолдау тетігіне сәйкес, халықаралық тәжірибеде бар саббатикал институты, яғни шығармашылық демалыс енгізіледі. ҒЗИ-да немесе университетте бес жылдан астам уақыт жұмыс істеген ғалымдарға бір жылға дейінгі шығармашылық демалыс беріледі. Осы бір жылда оларға тиісті орташа жалақысы төленіп тұрады. Депутаттардың пікірінше, бір жылдық ұзақ демалысты ғалымдар кітабын жазуға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын аяқтауға, ғылыми мақалаларын басуға жұмсай алады.
Бірақ депутат Ерболат Саурықовтың айтуынша, алған бір жылдық шығар-машылық демалысын ғалымдар басқа университетте сабақ беруге арнауы мүмкін, салдарынан, ғылыми зерттеуін аяқтауда ешқандай нәтижеге жетпейді. Сондықтан заң жобасында жеке норма пысықталады. Ғалым шығармашылық демалыста ғылыммен айналысып, мақалаларын, монографияларын шығарудың орнына басқа бір университетке барып, қосымша сағат алып жұмыс істейтін болса, онда университетінде немесе ғылыми-зерттеу институтында алған шығармашылық демалысы тоқтатылуы мүмкін.
Үшіншіден, тек мемлекетпен, Ғылым және жоғары білім министрлігімен шектелмей, алда әкімдерге де жергілікті бюджеттен жергілікті ғалымдарды қаржыландыру құзыры ұсынылады. Заң бастамашыларының пікірінше, мұндай шешім өңірлерде ғылыми әлеуетті неғұрлым тиімді пайдалануға ықпал етеді, ғылымның дамуындағы өңірлік ерекшеліктер мен қажеттіліктерді барынша ескеруге мүмкіндік береді. Сәйкесінше, әрбір әкімге өңіріндегі проблемаларды шешуге өз ғалымдарының ғылыми зерттеуі мен жаңалықтарын қолдануына жол ашылатын көрінеді.
Төртіншіден, заңнама бойынша жер қойнауын пайдаланушылар, ірі кен орындары, консорциумдар жыл сайын өз табысының 1%-ын қазақстандық ғылымды дамытуға жұмсауға міндеттелген. Олар ол қаржының бір бөлігін жергілікті мазмұнды дамыту аясында кәсіпкерлерге немесе «Алатау» инно-технологиялар паркіне бөледі.
Мына жаңа заң инвесторларды барлық миллиардтарды тек ғалымдарға беруге міндеттемек. Ғылым министрлігінің хабарлауынша, бүгінде жер қойнауын пайдаланушылардың табысының 1 пайызы жылына 100 миллиард теңгеден асады. Бұл қаржының арқасында ғылымды коммерцияландыруға арналған гранттар да 2023 жылы үш есе – 6 миллиардтан 19 млрд теңгеге дейін арттырылған.
Бұл ретте 2024 жылы жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми қаражатын толығымен орталықтандыру жоспарланып отыр.
Ғалымдарға 185 мың теңгеге дейін қосымша үстемеақы беру талабы негізінен мемлекеттік ЖОО-ларға бағдарланған. Ал жекеменшіктегілер өзі би, өзі қожа. Депутаттардың айтуынша, «қосымша үстемеақысы бар» деп доценттер мен профессорлардың жеке университеттерден жаппай мемлекеттікке кетіп қалу қаупі қылаң берді. Бұл мәселені қарастырған жұмыс тобы ғалымдардың қосымша үстемеақысын төлеуді жекеменшік ЖОО-лардың мемлекеттен алатын қаражаты, гранттары есебінен шешуге болады деген тоқтамға келіпті.
Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылымның ел экономикасына үлес қосуын қамтамасыз ету үшін екі жыл бұрын «ҒЗИ мен университеттерге қатысты коммерцияландыру бойынша KPI енгізбек» болған. Оған қарсылық көп болып, бұл бастамасы идея күйінде қалды. Жаңа заңның үстемеақы, ұзақ демалыс сияқты игіліктері ғалым болуға қызыққандар санын арттыруы мүмкін. Ал Қазақстанның жақсы атағын әлемге жаятын ғаламат ғылыми жаңалықтар пайда болар ма екен?

Елдос СЕНБАЙ,
журналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.