Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жарқын болашаққа бастайды

0 156

«Біз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз. Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ. Әрине, мұның барлығы – күрделі мәселелер. Бірақ оны шешудің нақты жолдары бар», – деді Президент.

Президенттің әр жылғы Жолдауында Үкімет алдына қойған міндеттері ретімен нәтиже беріп келеді. Биылғы Жолдауда да Мемлекет басшысы бірнеше тапсырма берді. Сонымен әуелі Ұлттық қордың қаражатын тиімсіз жұмсау мәселесі тоқтатылады. Жолдау аясында қордың қаражатын аса қажет инфрақұрылымды дамытуға және еліміз үшін маңызы зор жобаларды қаржыландыруға жұмсалатынын мәлімдеді. Бұған қатысты Мемлекет басшысы: «Бюджет үдерістерін барынша жеңілдету қажет. Мемлекеттік органдардың игерілмеген қаражатты келесі жылға қалдыруына мүмкіндік беру ке- рек», – деп тапсырма берді.

Сонымен қатар жастарға жан-жақты қолдау көрсетілетінін де атап өтті. Яғни келер жылы 100 мың жас жұмыспен қамтылып, екі қолға бір күрек табады. Әрі кәсіп ашуға талпынған жастарға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі.

Президент биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді де ұсынды. «Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын. Сондай-ақ мен көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.
Қорыта айтқанда, мемлекетіміздің әрбір азаматы Президент Жолдауының маңызын ұғына отырып, ондағы тапсырмалардың реттілікпен іске асуына жұмыла еңбек етеді деп ойлаймыз.

Шарапат СҮЙІМҚҰЛ,
«Елу жылда – Ел жаңа» қоғамдық бірлестігінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.