Жамбыл облысы Жуалы ауданында жеке кәсіпкер Гульчахра Исмаилова нарықтық экономикаға бейімделе отырып, мақсары майын мемлекеттік стандартқа сәйкес келетіндей, өзінің сауда маркасымен құтыға құйып шығаруда,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.
Мақсарыдан алынатын өнім – асқатық май. Бағасы да қымбат емес. Бұл дақыл бірқатар аудандарда өсірілуде. Тіпті құнарсыз деген жердің өзінде де мақсары жақсы өнім береді.
Шет мемлекеттерде қымбат бағаланатын мақсары майы өзімізде көпке дейін қолданылмай келді. Бүгінде жеке кәсіпкер Гульчахра Исмаилова ширек ғасырдан бері аудан орталығында мақсары дәнінен экологиялық таза май шығарумен айналысып келеді. Бастапқыда үйінде шаруа қожалықтардан аз көлемде мақсары дәнін қабылдап, одан май өндіріп жүрді. Шағын ғана цехта өндірілген өнімін күнделікті орталық базардағы сауда нүктесіне апарып өткеретін.
– Алғашында жұртшылық біздің шығарған өнімге тосырқай қарады. Сөйтсек, мұнымыз ерекше қасиетке ие өсімдіктің пайдасын жете білмегендіктен екен. Кейіннен мақсары майының экологиялық таза, құнарлы екенін түсінгеннен кейін ғана тұтынушылар қатары артты. Біртіндеп өндіріс алаңын кеңейтіп, сапалы май шығару қажеттігі туындады. Іздене жүріп жұбайым Рустам екеуміз Қытайдан жаңа құрал-жабдығын сатып алып, жаңа қонысымызға орнатып, цех жұмысын қайта жандандырдық. Шикізат болса өндіріс те жақсы жұмыс істейді. Соңғы жылдардағы құрғақшылық біздің өндірісімізге де өз әсерін тигізбей қоймады. Бірақ одан да жол тауып шығып келеміз. Оның үстіне қазір азық-түлік бағасы да қымбаттап кетті. Бұған дейін майдың литрін 600 теңгеден тұрақты ұстап келдік. Ал енді бұл бағада ұстап тұруға мүмкіндік жоқ. Бағаны біршама көтеруге тура келді. Қазір литрін 800 теңгеден босатып жатырмыз. Тұрақты алатын тұтынушыларымыз бар. Алматыдан, басқа қалалардан арнайы тапсырыспен алып тұратын клиенттеріміз де бар, – дейді жеке кәсіпкер.
Цех жұмысын жүргізуге жұбайы Рустам мен ұлы Сухраб көмектесуде. Гульчахра мақсары майының сапасы күнбағыс пен мақта майынан кем түспейтініне сенімді. Дақылдың дәні дәстүрлі медицинада да кеңінен қолданылады. Мақсары гүлінен қайнатылған шәй бүйректі тазартады, қанды сұйылтады, қысымды төмендетеді. Дәрігерлер оны ағзадағы ас қорыту кезіндегі бұзылысатарға және басқа да аурулар кезінде қолдануға кеңес береді.
– Мақсары дәні қалдықсыз өнім болып есептеледі. Шикізат өткізген шаруа қожалықтар өз қалауына қарай, кейде майын алып, жомын қалдырып кетіп жатады. Ал жом дегеніңіз малға қажетті нағыз азық түрі. Майы алынғаннан кейін де үлкен сұранысқа ие. Мәселен, мақсарының майынан қалған қалдықтан Иранда халуа дайындалса, Түркияда түрлі сабындар шығарады, – деді ол.
Жеке кәсіпкер жыл бойына май өндірумен шектелмей, алдағы уақытта егістік алқаптарына майлы дақылдар себуді де көздеп отыр.