Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбылда жыл соңына дейін 12 ветпункт пайдалануға беріледі

0 126

Жамбыл облысы аумағында барлығы 11 ветеринариялық станция мен 160 ветеринариялық пункт жұмыс істейді. Оларда жалпы 1121 қызметкер бар, оның 1 мыңға жуығы – мал дәрігерлері. Ветстанциялардың 10-ы, ветпункттердің 119-ы қызметтік ғимаратпен қамтылған. Биылға жоспарланған 28 ветпункттің 16-сы қолдануға берілді, қалған12-сі жыл соңына дейін ұсынылмақ.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз брифингінде облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов баяндады. Оның айтуынша, аудандық ветеринариялық станциялары мен пункттерде барлығы 219 автокөлік бар. Енді олардың амортизациялық уақытының жетуіне байланысты тозығы жеткен көліктерді жаңарту көзделіп отыр.

«Ветеринариялық станциялар аудандық әкімдіктерге бағынысты болғанда мал дәрігерлерінің айлық жалақысы орташа есеппен 80-90 мың теңге құраған. Ал облыстық ветеринария басқармасына қарағалы бері бұл көрсеткіш 110-120 мың теңгеге өсіп, бір жүйеге келтірілді. Ағымдағы жылға бекітілген жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы жүргізілетін ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес өз деңгейінде орындалуда. Аса қауіпті аусыл, сібір жарасы, құтыру сынды індеттерге қарсы егу толық орындалды», – деп атап өтті басқарма басшысы.

Спикердің сөзіне қарағанда, жануарлардың бруцеллез ауруына диагностикалық тексеру үшін қан сынамасын алу жұмыстары да аяқталған. Бұл шара бойынша оң нәтиже көрсеткен барлық мал саны 2019 жылы 2279 болса, былтыр 1551 болған. Ал жыл басынан бері 1136 басты құрапты. Демек, дертті малдар жылдан жылға азаюда. Екі жыл бұрын 184 адам бруцеллезге шалдықса, өткен жылы 127 азамат жұқтырыпты. Биыл аталған індетпен 66 адам ауруханаға түскен.

«Жамбыл облысы аумағында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидасын басшылыққа алып, олардың санын реттеу бағытындағы іс-шаралардың арнайы жоспарын бекіттік. Қазіргі таңда Тараз қаласы мен аудандар аумағында қаңғыбас иттер мен мысықтарды гумандық жолмен аулау жүргізілуде. Оларды ұстайтын орын салу, оны күтіп ұстауға кететін шығын бюджеттік бағдарламада қаралмағандықтан, уақытша күтіп ұстау орныұйымдастырылды. Ауланған жануарлар арнайы автокөлікпен тасымалданады», – деді Ербол Жұмабекұлы.

Ол өңірдегі мал иелері арасында мал ұстау міндеттері жайлы ағарту жұмыстары тұрақты жүргізілетінін де айтты. Сонымен қатар қолдан ұрықтандыру бойынша оқыту ұйымдастырылып, 138 ветеринар маманы сертификат алған. Бұл қолда бар жануарларды асылдандыруға жол ашады және жануарлар арасында аса қауіпті аурулардың таралуын азайтады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.