Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Жамбыл журналистикасының мектебі мықты»

0 379

Халықтың көзі, құлағы һәм тілі саналған газеттің ұлт руханиятында алар орны ерекше. Билік пен бұқараның арасына алтын көпір болып жүрген басылымдарға бүгінде зор жауапкершілік жүктелген. Солардың бірі – облыстық «Aq jol» газетіне биыл 100 жыл толды. Ғасырлық белеске жеткен газет қазақ журналистикасының қарыштауына зор үлес қосып келеді. Айтулы мерейтойға орай аймақтағы іргелі 3 бірдей басылымды біріктіріп отырған «Aulieata-media» ЖШС-нің бас директоры Оралхан Дәуітпен сұхбаттасқан едік.

– Биыл «Aq jol» газетінің құрылғанына 100 жыл толды. Осы бір ғасырдың бедерінде басылымның бет-бейнесі, бағыт-бағдары, құрылымы қалай өзгерді?

– «Aq jol» газетінің ардагері, белгілі журналист Тұрсынхан Толқынбайұлы ағамыз биыл басылымның жүз жылдық шежіресін жасап шықты. Оны газетте шетінен жариялап жатырмыз. Шежіреде мынандай мәліметтер келтірілген: Журналист Әкпарбек Доспамбетовтің «Қызыл редакторлар» деген мақаласында («Еңбек туы», 1972 жылғы 12 қараша) «Кедей еркінің» қалай шыққаны, тұңғыш редакторы кім болғанын туралы да біраз деректер бар. Үзінді келтірелік: «…Әулиеатада газет шығару мәселесі шешілген-ді. Бірақ оның редакторы кім болуы керек? Осы сұраққа жауап бәрінен де қиын соқты. Себебі жергілікті сауатты жігіттердің бәрі журналистика, әсіресе полиграфия мәселелерінен бейхабар болатын.


Ұмытылмас сол тұста уездік-қалалық партия комитетіне Ташкенттен Түркістан телеграф агенттігінің тілшісі Анна Владимировна Алматинская келе қалады. 1908 жылдан бері журналистикамен айналысып, талай-талай әңгіме, очерк жазып жүрген бұл тілші әулиеаталықтарға қатты ұнап қалады. Оған орыс және мұсылман газетін шығаруға атсалысу мәселесі ұсынылады. Анна Владимировна қазақ тілін білмейтіндігін айтып, жауапты міндетті мойнына алғысы келмейді. Басшы партия қызметкерлері Сыдық Абланов, Үсіп Сатыбалдинов және басқалар Әулиеатаға келген журналисті қолқалап қоймайды. Оған халық мұғалімі Шарап Балтабаевты көмекші етіп белгілейді. Жаңа баспаханаға Шәріп Сандыбаев, Өмірзақов және Халметов деген қазақ жігіттерін жұмысқа алады. Алыстан келген журналист бұдан соң газеттің шығарушысы болуға келіседі. Сөйтіп, «Кедей еркінің» тұңғыш нөмірі сол кісінің редакторлығымен қанат қағады…».
Міне, бұл 1922 жылдың 1 мамыры еді. Сонымен газеттің алғашқы атауы – «Кедей еркі», алғашқы бас редакторы – Анна Алматинская. О баста осы басылымның тұсауын кескендер газеттің алғашқы нөмірін 1 мамыр күніне әдейі туралап, ынтымақ пен бірліктің мерекесін жақсы ырымға балағаны анық. Міне, «Aq jol» газеті содан бері бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан ел болуға үндеп, осы жолда аянбай еңбек етіп келеді.
Өз тарихында газеттің атауы тоғыз рет өзгеріпті. Бір өкініштісі, газеттің 1922-1939 жылдар аралығындағы тігінділері облыстық мұрағатта жоқ болып шықты. Шамасы Ташкентте сақтаулы болса керек. Жүз жылға жуық тарихында бұл басылымға талай редакторлар басшылық жасады. 1922 жылғы «Кедей еркі» аталған кезінен бері газетті Анна Алматинская (1922-1924), Сыдық Абланов (1924-1936), Ғабды Аманғалиев (1936-1938), Жайық Бектұров (1939-1942), Ғайса Сармұрзин (1943-1959), Төленді Оңғарбаев (1959-1961), Беген Байсақалов (1963-1964), Баттал Жаңабаев (1965-1985), Арғынбай Бекбосын (1985-1995), Әлдихан Қалдыбаев (1995-2004), Мақұлбек Рысдәулет (2004-2010), Ғалым Қасабай (2010-2013), Қуаныш Иембердиев (2013-2014), Көсемәлі Сәттібайұлы (2014-2017, 2018-2020), Қуат Әуесбай (2017-2018) сынды азаматтар басқарды.
Бұл бас редакторлардың қолтаңбасы газеттің сарғайған тігінділерінде жатқаны анық. Осы жылдар ішінде газеттің мазмұны жаңарып, сапасы артты. Талай таланттардың тұсауын кесті. Қазақ детектив жанрының тұңғышы, әдебиетіміздің көрнекті өкілдерінің бірі Кемел Тоқаев 1948 жылы осы газетте журналист болып еңбек еткен.

– Өзіңіз де бұған дейін осы ата газеттің бас редакторы болдыңыз. «Aq jol»-ды басқарған редакторлар несімен ерекшеленді, артында қандай із қалдырды?

– «Aq jol»-ды басқарған редакторлар батылдығымен ерекшеленді. Шынында, басылымның батылдыққа толы жолы жылдар бойы жалғасып келеді. Коммунистік режимнің тұсында-ақ бұл басылым Кенесары ханды ақтап жазған мақалалар берді. Бүгінде күллі қазақ қадір тұтатын ұлтымыздың ұлы перзенттері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев пен Асанбай Асқаровқа тағылған айыптауға ең алғашқылардың бірі болып араша түскен, ұлының артында ұлты тұрғанын танытқан да дәл осы «Aq jol» болатын. Бұл туралы Арғынбай Бекбосын өзінің «Тағдыр етсе Алла…» атты кітабында жан-жақты жазып кеткен. «Өзімнің педучилищеде дәріс алған ұстазым, парасат-ұстамы аса тағылымды Әкім Садықбеков ағамыздың «Қонаевтың кінәсі не?» деген мақаласын жариялап жібердік. Ел дүр ете түсіп, хат дегеніңіз борап кетті. Жариялаудан жазбадық. Редакция қызметкері Қыстаубай Байтуов Димекеңе екі рет барып, ол кісімен сұхбат жүргізді. Жалпы осы бір азаматтық абыройлы іске Қыстаубай үлкен үлес қосты. Кейінірек мен де Димаш ағаға сәлем беріп: «Адам – Алатау» атты көлемді сұхбат-очерк жаздым. Ол брошюра түрінде жүз мың дана болып басылып, қалың жұртқа таралды», – деп жазады Арғынбай ағамыз.
Сол жылдары белгілі журналист Жақсылық Сәтібековті Бішкекке Асанбай Асқаровтың сотына аттандырған ғой. Көп кешікпей, газетте оның «Асқаровтың соты» атты очеркі жарияланған. «Еңбек туынан» соң, оны Шерхан Мұртаза «Социалистік Қазақстанға», Әмірсейіт Әлиев «Оңтүстік Қазақстан» газетіне басқан. «Күллі Қазақстан көтеріліп кеткендей болды! Үнсіздіктің іргесі бұзылды. Асқаровты қорғау жөнінде қоғамдық комитеттер құрылды», – деп еске алады сол күндерді Арекең.
Шынында, ерлік қой. Жалпы редактор қандай болса, газет сондай болып шығады дейді ғой. Рас сөз. Басшы бүгежектей берсе, тілші де кең көсіле алмайды. Бас редактор батыл, тәуекелшіл болуы керек. Оқырманның, жұрттың не қалайтынын сезуі тиіс. Сондықтан бәрі бас редакторға байланысты деп ойлаймын.

– Бұрын «Aq jol» газеті өз алдына жеке басылым болатын. Екі жыл бұрын «Aulieata-media» ЖШС-нің құрамына енді. Бұл өзгеріс газетке қаншалықты әсер етті?

– Егер шатаспасам, «Жамбылда бірнеше ақпарат құралдарының басын қосқан медиа-холдинг құрылады екен» деген әңгіме облысты Қанат Бозымбаев басқарып тұрған кезден бері айтылатын. Кейінгі жылдары да бұл әңгіме жиі көтеріліп, тіпті қаптаған пікірталас тудырып, қыза түскенімен, жоқ дүниені жаңадан жасауға ешкімнің батылы бара қоймады. Міне, Жамбыл жұртшылығы үшін бейтаныс сол жаңа құрылым 2020 жылдың маусым айында дүниеге келіп, «Aulieata-media» ЖШС-нің тұсауы кесілді. Үш облыстық газеттің басын қосқан бұл құрылымның тізгіні белгілі журналист Нұрбек Бекенге сеніп тапсырылды. Жасыратыны жоқ, алғашқы кезде ел арасында «Осы құрылымның қаншалықты қажеттілігі бар еді?» деген әңгімелер де айтылмай қалған жоқ. Медиа-холдингтің өзіндік өрнегімен көш бастағанына екі жылдан енді асты. Облыстық үш газет пен «Жамбыл-инфо» сайты және СММ топтың басын қосқан бұл серіктестіктің алар асуы әлі алда екені сөзсіз. Өйткені уақыт өткен сайын серіктестік заманға сай құрылғанын дәлелдеп келеді. Аз уақыттың ішінде үш ұжымның бухгалтерия, шаруашылық, жарнама бөлімдері қосылып, ортақ бөлімге айналып, кейбір штаттар қысқартылып, заманға сай ықшамдалды. Кейбір бөлімдер қайта құрылды. Осындай күрделі өзгерістердің арқасында қаржы үнемделді. Қазір үш облыстық газеттің ұжымы бір ғимаратта отыр. Қызметкерлер бір-бірімен араласып, ұжымның әр қуанышын бірге бөлісіп, бір отбасының баласындай тату-тәтті еңбек етуде.

– Бірер жылдың бедерінде мерзімді басылымдар жекеменшікке өтіп жатыр. Енді осындай алып медианың құрамындағы газеттер де дәл сол жолға түсетін көрінеді. Жалпы осы бастамаға сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Әрине, заман өзгерді, қоғам өзгерді. Қазір технологияның дамуына байланысты жұрттың өз пікірін білдіретін, ортаға салатын мүмкіндіктері көбейді. Қазір қолында ұялы телефоны, интернеті бар адамның барлығы әлеуметтік желілерде өз ойын білдіріп, қоғамдық пікір тудырып жатады. Осыдан кейін басылымға жазылу мәселесі жыл өткен сайын саябырсып келе жатқанын жасырудың қажеті жоқ. Мұның сан түрлі себебі бар. Қазір ақпарат алудың жолдары оңайлады. Тіпті соңғы кездері жастардың арасынан «Газет деген әлі шыға ма?» деген де қорқынышты әңгімелерді естіп қаламыз. Жасыратыны жоқ, қазір қалалық және аудандық газеттердің көпшілігі жекешеленген. Өз алдарына тіршілік етіп жатыр. Біраз жылдардан бері осы салада жұмыс істеп келе жатқандықтан, әрине, аудандық газеттерде еңбек етіп жүрген әріптестерімізді жақсы танимын. Бірақ жекешеленіп кеткен ол редакцияларда бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан журналистердің қатары азайып, жаңа толқын пайда болуда. Оның да кейбірінің журналистикаға қатысы бар, қатысы жоқ деген сияқты. Жекешеленген газеттердің барлығы құрылтайшыларының айтқанымен жүреді. Бірақ соңғы кездері билік газеттерді қайтадан қажет етіп жатқан сияқты. Әйтеуір жоғары жақтан осыған ұқсас әңгімелерді естіп қаламыз. Қысқасы, бұл мәселеге де мемлекеттің көмегі қажет. Осы тығырықтан шығатын басқа жолдарды қарастыру керек сияқты. Жақында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі бұл мәселенің талқыланып жатқанын айтып қалды. Сол министрлікке үлкен үмітпен қарап отырмыз.

– Бұрын «Aq jol» газеті» дегенде ойымызға ақыл тоқтатқан аға журналистер қауымы оралатын. Қазір ұжымның құрамы жасарды, жаңарды. Бұл басылымның жаңа ғасыр белесіндегі жаңаша бағыты ма? Және аға буын ардагерлермен қаншалықты кеңесіп, ақылдасып отырасыздар?

– Ардагерлерін сыйлау, құрмет көрсету дәстүрі бұл ұжымда бұрыннан қалыптасқан. «Aq jol» газетінің бас редакторы қызметін атқарған екі жылда төл мерекеміздің қарсаңында осы шаңырақта еңбек еткен ардагерлерімізге барып амандасып, сый-сияпатын жасап отырдық. Одан бөлек, «Aq jol» газетінің 100 жылдығы қарсаңында құдайы ас өткізіп, ардагерлерімізді шақырып, бата алдық. Ауызашар өткіздік. Ол дастарқанның төрінде де Елен Әлімжан, Тұрсынхан Толқынбайұлы бастаған қаламгер ағаларымыз отырды. Жалпы баспасөзге қатысты қандай да іс-шаралар өткізсек, мейлінше ардагерлерді қамтуды жөн көреміз. Бұл – тек «Aq jol»-да ғана емес, «Знамя труда», «Аr-Аi» газеттерінде бар дәстүр. Жақында «Aq jol» газетінің 100 жылдығы және қазақ баспасөзінің қайраткері, осы басылымды 20 жылдай уақыт басқарған белгілі қаламгер Баттал Жаңабайұлының құрметіне бильярдтан жарыс өтті. Жарыстың демеушісі – Талас ауданының әкімдігі болды. Яғни ардагерлерге деген құрмет ешқашан толастамайды. Істің жайын ағаларымызбен ақылдасып, талқылап отырамыз. Ал редакцияда бүгінде негізінен жастар еңбек етуде. Дегенмен де облыстық «Aq jol» газетіне жастар соңғы рет 2005-2006 жылдары жұмысқа орналасқан екен. Сол жылдары келген Ф.Әбдікерімова, Т.Сұлтанбеков, Б.Сатыбалды бүгінде қырық жасқа жақындап қалған журналистиканың белді, беделді мамандары саналады. Әрине, одан кейін де бірлі-жарым түлектер келген. Бірақ бірден лек болып, тобымен келген жастар осы ғана. Қанша дегенмен, жастың аты – жас. Олар осы саланың соңғы жетістіктерін тез меңгереді. Сондықтан алдағы уақытта журналистикадағы кадр мәселесін редакция, әкімшілік және оқу орындары бірлесіп шешпесе, бірнеше жылдан кейін редакцияларда тіптен тілші қалмайтын түрі бар. Яғни оқу орындарымен меморандумға қол қойып, студент жастар редакцияда жұмыс істеп, жас маман ретінде олардың еңбекақысына бюджеттен тиын-тебен қарастырылса деймін. Ал жалпы Жамбыл журналистикасы ешкімнен кем емес. Мектебі мықты. Ақпаратты жылдам әрі нақты беру жағынан қамшы салдырмайды.

– Қазір халық блогерлер мен журналистерді жиі шатастырып жатады. Бұл туралы Мемлекет басшысы наурыз айындағы Жолдауында баса айтып, БАҚ туралы заңды өзгертуді тапсырған болатын. Қаламгерлер қауымына мәлім журналистерге қандай да бір жеңілдіктер қарастырылып, өз алдына мәртебе берілмеген. Осы саланың өкілі ретінде БАҚ туралы заңнан қандай өзгерістер күтесіз?

– Әрине, оқырманның газеттерге деген көзқарасының өзгеруіне қалам ұстаған ағайындар да кінәлі сияқты көрінеді маған… Жаппай газет ашу, сол арқылы қолында билігі барларға ақпараттық шабуыл жасау, анықталмаған нәрселерді жазу, түймедейді түйедей етіп көрсету, тырнақ астынан кір іздеу – міне, осылар журналистиканың қадірін кетірді. Мен барлық журналисті жамандап отырған жоқпын. Кімнің қандай журналист екенін ел жақсы біледі. Бірақ қайбір жылдары осындай тенденцияның өрістегені жасырын емес. Қазір енді барлығы сайт ашып алған, ең болмағанда әлеуметтік желілерде белсенді. Қашан көрсең, әр тақырыпты белсенді түрде қозғап, өз ойларын білдіріп жатады. Әрине, демократиясы бар елді кім не айтса да, қандай пікір білдірсе де еш сөкеттігі жоқ. Бірақ оларды журналистермен шатастыратындар көп. Осының салдарынан жалпы журналистикаға деген, оның ішінде басылымға жазылу деген көзқарас мүлдем өзгеріп кеткен. Журналистерге қандай да бір жеңілдіктер қарастырып, өз алдына мәртебе беру мәселесі талай жылдан бері талқыланып келеді. Енді БАҚ туралы заңнан үлкен үміт күтеміз.

– Өзіңізді дүйім жұрт «Орақ тілді Оралхан журналист» деп таниды. Кезінде билікті ащы сынайтын оппозициялық бағыттағы газетте де қызмет еттіңіз. Кейін мемлекеттік басылымға ауыстыңыз. Сізге бұлардың қайсысы ой мен сөз еркіндігін бере алды? Жеке көзқарасыңызға қаншалықты әсер етті?

– Республикалық газеттерде еңбек етіп жүріп, шынында, талай сын мақала жаздық. Талай жанның тағдырына араша түскен болармыз. Иә, рас соңғы кездері мақаланы сирек жазатын болып кеттім. Өйткені бас редактордың жұмысы ауыр болды. Кезінде «Aq jol» газетін 20 жылдан астам уақыт басқарған Баттал Жаңабайұлы «бас редактор қызметінен екі себептен кеттім» деп еді. «Біріншісі, жеке шығармашылық жұмысым мүлдем тоқтап қалды. Екіншісі, көзімнің көруі нашарлады», – деп. Менің де жеке шығармашылығым тоқтап тұр және бас редактор болған екі жылдың ішінде көзім әжептеуір нашарлады. Күні бойы мақала оқисың, ноутбукке үңіліп отырасың. Газеттің әр санын мейлінше бастан-аяқ оқып шығып, қатесін түзетуге тырысамын. Бұл қол астымдағы қызметкерлерге сенбегендік емес. Соған дағдыланып кеткен сияқтымын. Әйтеуір Құдай ақырын берсін. Содан өзім жаза алмай жүрген мәселелерді тілшілерге тапсырамын. Соларды жұмсаймын. Дегенмен де «Aq jol»-дың мерейтойын өткізіп алсақ, өзім де жазуға отырамын деп жоспарлап жүрмін. Қай басылымда еңбек етсем де, тек әділін, шындығын жазу – менің басты ұстанымым.

– Өзіңіз журналистикамен қатар, әзілмен әрленетін әңгімелердің де жазу шеберісіз. «Ақ самаурын» атты жинағыңыз да жарық көрді. Көбінесе қаламы қарымды журналистер ақыл тоқтатар жасқа жеткен соң, жеке шығармашылыққа бет бұрып жатады. Өзіңізде дәл қазір мұндай ой жоқ па? «Ақ самаурын» жинағының жалғасын оқырман қауым қашан оқи алады?

– Әрине, тағы да кітап шығару ойда бар. Оған біраз дүниелер жиналып та қалды. Көптеген ойлар, жоспарлар бар. Алла бұйыртса, бұл жолғы кітабымды басқашалау стильмен шығарсам деймін. Ең бастысы – ешкімге еліктемей-ақ, өзімнің жазуыммен танылсам деймін. Әрине, әлеуметтік желіге жарияласаң, жұрт қарапайым тілмен жазылған дүниеңді мақтап, көкке көтеретіні анық. Бірақ бұл жолы сол қызық оқиғаларды ептеп байытып, басқашалау жеткізсем деймін… Бәрін уақыт көрсетеді. Алла күш-қуат берсін, амандығын жазсын.
– Күні ертең «Aq jol» газетінің ғасырлық мерейтойы аталып өтпек. Айтулы күннің мерекелік дайындығы қандай? Сондай-ақ оқырман қауымды қандай жаңалықтармен қуантпақсыздар?

– «Aq jol» газетінің 100 жылдық мерекесіне орай биыл көптеген іс-шаралар жоспарланған. Алды ақпан айынан басталып кетті. Жыл сайын жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туған күнінде ұйымдастырылатын «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысы биыл «Aq jol» газетінің 100 жылдығына да арналды. Редакция өз жүлделерін тікті. Сәуір айының басында «Жүз жылдыққа – жүз терек» акциясы бойынша «Жеңіс» саябағына ағаш отырғыздық. «Aq jol» газеті ардагерлерінің басын қосып, ауызашар берді. Және белгілі марафоншы Жақсылық Мамырбекұлы «Aq jol» газетінің 100 жылдығына арнап 100 шақырым жүгіріп, Талас пен Тараздың арасын жалғады. Яғни Талас ауданының Тамды ауылынан Тараз қаласындағы Баспасөз үйіне дейін жүгіріп келді. Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханасында «Ақ жол» және қазақ баспасөзі» атты дөңгелек үстел өткізіп, іс-шараға қазақ баспасөзінің мықтыларының барлығы дерлік қатысты. Енді мерейтой өтетін күні «Ғасыр шежіресі» кітабы мен фотокөрменің тұсаукесер рәсімі өтеді. Одан бөлек, тарихи орындарға экспедиция жасау және Тараз қаласынан «Aq jol» газетінің атына берілген көшенің тұсаукесерін өткізу секілді іс-шаралар жоспарланған. Қараша айында оқырмандармен кездесулер ұйымдастырып, «Aq jol» газетінің 100 жылдығын аудандарда жалғастырсақ деген де жоспарымыз бар.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.