Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбыл журналистері жасыл алаңда

0 317

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай кеше шаһар төріндегі «Ұлан» стадионында жамбылдық журналистер арасында дәстүрге айналған Шерхан Мұртаза атындағы облыстық спартакиада өтті.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйытқы болуымен журналистер арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға бағытталған жарысқа биыл 8 құрама қатысты. Жүзге тарта журналистің басын қосқан аламан кіші футбол, үстел теннисі, арқан тарту, дойбы, эстафеталық жүгіріс және қол күресі секілді спорт түрлерін қамтыды.
БАҚ өкілдерінің басын қосқан дүбірлі доданың ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков тілшілер қауымын төл мерекесімен құттықтап, толағай табыстар тіледі.
– Бұқаралық ақпарат құралдары – халық пен биліктің арасындағы алтын көпір. Мемлекет басшысының бастамасымен халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында жүргізіліп жатқан үлкен істер, Президент Жолдауы негізінде қабылданған бағдарламалардың жүзеге асырылуы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихатталады. Қарапайым жандардың тыныс-тірлігі мен мұң-мұқтажын да Сіздер жария етесіздер. Сіздердің жарияланымдарыңыз бен хабарларыңызда көтерілген мәселелер, айтылған ой-пікірлер арқылы шешімдер қабылданып, міндеттер белгілене-ді, – деген Нұржан Қырықбайұлы облысымыздың спорт саласының дамуына өз үлесін қосқаны үшін өңірдегі бірқатар БАҚ қызметкерлеріне Алғыс хат және ақшалай сертификат табыстады.
Келесі кезекте сөз алған облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова қаламгер қауымның қоғамдағы маңыздылығын тілге тиек етті.
– Мемлекет саясатын халыққа жеткізу жолында, орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмысын көрсетуде журналистер әрдайым жауапкершілік танытып келеді. Кейбір өзекті мәселелер журналистер қаламына ілігіп немесе теледидар бетіне шығып, содан кейін шешімін тауып жатады. Сіздерге шағармашылық табыс тілей- мін, – деді басқарма басшысы.
Қаламсаптары мен микрофондарын бір сәтке спорттық құралмен алмастырған сала иелерінен командалық есеп бойынша «Тараз пресс» құрамасы Шерхан Мұртаза атындағы спартакиаданың жеңімпазы атанып, 350 мың теңге сыйақыны иеленді. Республикалық «Cалық тәртібі» газеті күміспен күптеліп, 250 мың теңге қаржылай жүлдені қанжығасына байлады. Ал үшінші орын жүлдесі аймақ айнасы – «Jambyl» телеарнасына бұйырып, әріптес құрама 200 мың теңге сыйақыны еншіледі. Жарыс соңында жеңімпаз және жүлдегер журналистер арнайы марапатталды.

Жұматай Көксубайұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.