Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбыл спортының жұлдызы биік

0 336

Елімізде халықтың салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануына айрықша көңіл бөлінуде. Әсіресе жер-жерде еңселі спорт нысандары бой көтеріп, алаңшалар орнатылуда. Бұл бағытта облыста да атқарылған жұмыстар аз емес.

Бүгінгі таңда облыста 67 спорт мекемесі жұмыс істесе, оның 51-і облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты. Олардың қатарында 6 спорт клубы, 38 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, Бұқаралық-спорттық шаралар өткізу орталығы, Жоғары спорт шеберлігі мектебі, Олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығы, «Тараз-Арена» спорт сарайы, Олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі, Аула және дене шынықтыру спорт клубы, Орталық стадион бар. Қалған 16 нысан аудан әкімдіктерінің бағынысында. Аталған спорт мекемелерінде 29 219 спортшымен тұрақты түрде 1045 оқытушы-жаттықтырушы жұмыс жүргізуде. Қазіргі таңда облыста спорттың 72 түрі қамтылған.
Жүйелі жүргізілген жұмыс пен қолайлы жағдайдың арқасында саңлақтарымыз тұғыр биігінен үнемі көрініп келеді. Мәселен, былтыр облыс спортшылары түрлі республикалық және халықаралық байрақты бәсекелерде 1914 медальге ие болса, ағымдағы жылдың І жартыжылдығында барлығы 608 медальге қол жеткізді. Осы орайда қазақ күресінен ХІ «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің қола жүлдегері Ғалымжан Қырықбай, дзюдодан жастар арасында Азия чемпионы Нұрқанат Серікбаев, KWU каратеден Әлем кубогінің жеңімпазы Камила Кемелбекова, парапауэрлифтингтен ашық панамерика чемпионатында жастар арасында жеңімпаз атанса, ересектер арасында күміс жүлдегер Ерболат Кәрібай, еркін күрестен U-15 Азия чемпионы Нұрмұхамед Тұрдалы, грек-рим күресінен U15 жасқа дейінгі кіші жасөспірімдер арасында Азия чемпионы Диас Жақсылықбек, еркін күрестен жасөспірімдер арасында Азия чемпионы Нұрданат Айтанов, грек-рим күресінен әлем және Азия чемпионатының қола жүлдегері Юсуф Ашрапов, еркін күрестен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері Юнус Гафуров, еркін күрестен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері Дәулет Ергеш, паражүзуден Әлем кубогінің, әлем чемпионатының күміс, Токиода өт-кен Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері Нұрдәулетті ерекше атап өткен жөн. Сондай-ақ биыл жамбылдық 1 спорт-шы – «ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері», 8 спортшы – «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері», 47 спортшы – «ҚР спорт шебері» нормативін орындады. Ал 2 жаттықтырушы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағына ие болды. Сонымен қатар 584 спортшыға «ҚР спорт шеберлігіне кандидат» спорттық атақтары берілсе, 629 оғланымыз түрлі деңгейдегі Ұлттық құрама командаларға мүше болып отыр. Оның ішінде 265 спортшы Ұлттық құрама, 239 спортшы жастар құрамасы және 125 спортшы жасөспірімдер құрамасы сапында ел абыройын халықаралық спорт бәсекелерінде асқақтатып келеді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 405,6 мың адамға немесе облыс тұрғындарының 35,4 пайызына жетсе, ағымдағы жылдың І жартыжылдығында бұл 424,9 мың адамды, яғни облыс тұрғындарының 36,9 пайызын құрап отыр. 2025 жылға дейін аталған көрсеткішті 50 пайызға жеткізу көзделуде.
Қазіргі таңда облыстағы барлық аудан мен Тараз қаласы әкімдіктерінің дене шынықтыру және спорт бөлімдері жанынан бұқаралық-спорттық шараларды өткізу орталықтары ашылды. Бұл өз кезегінде облыста бұқаралық спорттың дамуына ықпалын тигізіп отыр. Сонымен қатар бұқаралық спорт жұмыстарына тың серпін беру мақсатында қолға алынған облыс тұрғындарын дене шынықтыру және спортпен жүйелі айналысуға тарту үшін облыста 2021 жылы қосымша 96 спорт бойынша нұсқаушы штаттық бірліктері енгізіліп, қазір олардың саны 233-ке жетті. Оның ішінде 202 спорт бойынша нұсқаушы аудандарда жұмыс атқарады.
Бүгінде облыс бойынша спортпен жүйелі түрде шұғылданатын дене мүмкіндігі шектеулі адамдардың жалпы саны І жартыжылдығының қорытындысы бойынша 4045 адамды немесе 21,1 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 63 адамға артып отыр.
Халықтың спортқа деген қызығушылығын арттырып, жағдай туғызу мақсатында өткен жылдың өзінде облыста 11 дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүргізіліп, 5-і қолданысқа берілді. Тағы 6 нысан осы жылдың соңына дейін есігін айқара ашады деп күтілуде. Сонымен қатар биыл жаңадан 12 дене шынықтыру кешенінің құрылысы басталды. Бұлардың барлығы ауылдық елді мекендерде орналасқан. Бұдан бөлек, былтыр облыс орталығы мен аудандарда 89 спорт алаңшасы жергілікті тұрғындардың игілігіне берілді.
Қазіргі таңда аудандар мен Тараз қаласындағы спорт нысандарының саны 2836 нысанды құрап отыр. Оның ішінде 2834 нысан тұрғындар үшін қолжетімді. Оның 646-сы Тараз қаласында, 2 188-і аудандарда орналасқан.
Бұқаралық спортты дамытудың басты тетігі түрлі байрақты бәсекелерді ұйымдастырумен де өлшенеді. Бұл бағытта да қыруар жұмыс атқарылуда. Айталық, былтыр облыс бойынша салауатты өмір салтын насихаттау бағытында барлығы 2827 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, бұған 196,4 мың адам қатысса, осы жылдың І жартыжылдығында 1607 іс-шара өтіп, 164,7 мың адам қамтылды. Атап айтқанда, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған облыстық спартакиада, «Жастар нашақорлыққа қарсы!» ұранымен жастар арасында «STREETBALL» облыстық фестиваль, облыс ардагерлері арасындағы жарыс, студенттер арасындағы «Jastar Fest-2022» облыстық бәсекесі, «Әкем, анам және мен – спорттық жанұя» ойындары, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында Шерхан Мұртаза атындағы облыстық спартакиада, «TARTYL FEST» спорттық фестивалі сынды додалар көпшіліктің көңілінен шықты. Сонымен қатар ағымдағы жылы «Аула ойындары-2022» және «Көше ойындары-2022» спорттық фестивальдері кезең-кезеңімен өтті. «Аула ой-ындары-2022» спорттық фестивалінің І кезеңінде – 15 004, ІІ кезеңінде – 4816, ІІІ кезеңінде – 373, барлығы 20 193 адам қамтылды. Ал «Көше ойындарына» 10 985 адам қатысты. Аталған фестивальдің ақтық кезеңін ағымдағы жылдың қыркүйек айында өткізу жоспарлануда. Жыл соңына дейін салауатты өмір салтын насихаттау бағытында өтетін спорттық іс-шаралар санын 3000-ға жеткізуді де көздеп отырмыз.
Еліміздегі спорттың дамуына жамбылдық жампоздардың да қосқан үлесі қомақты. Кешегі Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ибраимов, Бейбіт Ыстыбаев секілді ұлт мақтаныштарының ізін жалғаған бүгінгі жастарымыз да тұғыр биігінен қол бұлғап, жерлестерін үнемі қуантып келеді. Тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануы қашанда біздің басты назарымызда бола бермек.

Ғали Райымқұлов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.