Қалалық қоғамдық-саяси газет

Болат жолдың бойындағы бейқамдық

0 341

Кейде күнделікті күйбең тірліктің көлеңкесінде, тынымсыз тіршіліктің қарбаласында көзге көріне бермейтін ескертпелерді ұмытып кетіп жатамыз. Ал оның соңы қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтырады.

Тараз станциясы желілік полиция бөлімі бастығының орынбасары Аслан Дүйсенбаевтың айтуынша, болат жолдың маңында тұратын елді мекен тұрғындарының бейқамдығы кейде осындай оқыс оқиғаларға жеткізіп жататыны қынжылтады екен. Дегенмен полиция қызметкерлері әрдайым тұрғындарға профилактикалық шаралар өткізіп, олардың өз өмірлеріне өздері жауапты екенін ескертудей-ақ ескертіп келеді.
– Жыл басында, яғни қаңтар айында Тараз станциясы кезекшісінен түскен хабарлама бойынша қызметкерлер «Тараз-Талас» жол аралығының 3512 шақырымының №5 пикетіне жеткен еді. Құрамына 52 вагон тиеген №2493 жүк пойызы адам қағып кеткен. Ол сол жерде көз жұмды.
Ал наурыз айында Жуалы ауданындағы Боранды бекетінде де осындай қайғылы оқиға орын алды. Кейде жасөспірімдердің бейқамдығының соңы да осындай өкінішті оқиғамен аяқталады.
«Боранды-Сұрым» темір-жол аралығының 3444 шақы-рымында екі жолдың ортасында отын теріп жүрген 17 жасар жасөспірім құлағына құлаққап киіп алып, артынан келген пойызды байқамай қалған. Құрамына 44 вагон тиеген №1169 жүк пойызының машинисі қанша белгі беріп, дабыл қақса да, жасөспірім естімеген. Соңы өкінішпен аяқталды.
Сәуір айында «Қаратау-Ақтаутас» теміржол аралы-ғының 92 шақырымында №3603 жүк пойызы 1978 жылы туған азаматты қағып кетті. Ал маусым айында Талас станциясының 3520 шақырымында №1275 жүк пойызы 1957 жылы туған азаматты басып кетті. Екеуі де өзекті өртеген өкінішпен аяқталды. Жалпы болат жолдың бойында жасөспірімдердің «Тик-Ток» түсіріп, әлеуметтік желіге бейне, сурет жүктейміз деп теміржолдың үстіне шығып кететіні жиі орын алып жүр. Біз оларға барынша мұның өте қауіпті екенін, қателіктер кешірілмейтіндігін жеткізіп бағамыз. Алайда ата-аналары тарапынан да бақылау болса дейміз. Мысалы, тамыз айында «Тамды-Жұма» теміржол аралығында 7-9 жасар екі бала №3607 жүк пойызының вагондарына жармасып, 70 шақырымда секіріп түскен. Салдарынан 9 жасар бала ауыр жарақат алса, 7 жасар бала алған жарақатынан ауруханада көз жұмды. Өте өкінішті, – дейді Тараз станциясы желілік полиция бөлімі бастығының орынбасары Аслан Дүйсенбаев.
Иә, «Сақтансаң, сақтайды!» деген. Ендеше, өзіміз бен жақындарымыздың өміріне сақ болайық, ағайын!

Ерман ӘБДИЕВ, журналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.