Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тараздықтар салауатты өмір салтын берік ұстануда

0 111

Халқымыз «Шынықсаң шымыр боласың» деп тегін айтпаған. Расында, бүгінде спорт – тек ұлт саулығының ғана кепілі емес, ел айбынын асырып, жер жүзіне танытудың таптырмас құралы. Бұл тұрғыда шаһарымыздың саңлақтары ешкімнен де кем түспейді. Осы мақсатта бұқаралық спортқа баса мән беріліп, салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасалуда.

Бүгінде Таразда 646 спорт ғимараты жұмыс істесе, оның 502-сі мемлекеттік, 144-і жекеменшік, 343-і білім беру мекемелерінде орналасқан. Жыл сайын қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің теңгеріміндегі барлық кіші футбол алаңшалары үшін ойын қақпаларындағы футбол торлары жаңартылып, доптар сатып алынуда. Мұндай алаңшаларда жыл басынан бері жүйелі шұғылдану кестесі бекітіліп, сағат 8-00-ден 19-00-ге дейін мектеп жасындағы балалар, сағат 19-00-ден 22-00-ге дейін жастар мен ересектер үшін қолжетімді екенін айта кеткен жөн. Айталық, 7925 баланы, жасөспірімдер мен жастарды қамтитын 35 кіші футбол алаңшасы қызмет көрсетуде.
Былтырдың өзінде облыс орталығында 28 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. Оның 24-і жеке қаражат, 4-і қалалық бюджет тарапынан жүзеге асты. Олардың қатарында жалпы ауданы 600 шаршы метрді құрайтын үстел теннисі, «ADIL» самбо және бокс бойынша залдары, 20х40 метрлік шағын футбол алаңы, үстел теннисі мен көркем гимнастика заманауи орталығы секілді еңселі нысандар жетерлік. Бұлардан бөлек, шаһарда 7 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, 5 кәсіби спорт клубы, Олимпиада жеткіншектерін даярлау, Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталықтары, Олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі, Жоғарғы спорт шеберлігі мектебі, Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған спорт клубы, «Тараз-Арена» спорт сарайы сынды бұқаралық және кәсіби спорт түрлерімен айналысу үшін облыстық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын 18 мекеме жұмыс істейді. Аталған нысандарда бүгінде 10 353 мектеп жасындағы балалар мен жастар қамтылған. Сонымен қоса азаматтарды дене шынықтырумен жүйелі шұғылданумен қамтуды ұлғайту, барлық жастағы және санаттағы тұрғындардың бос уақытына бағдарланған спорттық өмірді жандандыру мақсатында былтыр қалалық бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығы ашылды. Орталықта 11 аумақтық округке бекітілген 11 спорт бойынша әдіскер жұмыс атқаруда.
Ағымдағы жылдың 8 айында дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде 135 996 адам, яғни қаладағы жалпы халық санының 36,8 пайызы шұғылданатыны белгілі болды. Олардың сапында оқушылар мен жастардың үлес салмағы басым. Шаһарда спорттың 60 түрі қамтылса, оның ішінде қазақ күресі, тоғызқұмалақ, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, бәйге, асық ату, бестас, «Ордабасы», «Құсбегі» секілді ұлттық ойындарға ерекше басымдық берілген. Осы мақсатта қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» мен 9 салмақ дәрежесі бойынша 14-15 жас, 7 салмақ дәрежесі бойынша 16-17 жас, 8 салмақ дәрежесі бойынша 18-19 жас аралығында «Жас Барыс» қалалық іріктеу турнирі өтуде. Сонымен қатар балалар, жасөспірімдер, жастар және ардагерлер арасында тоғызқұмалақ, ұлттық ойын «Ордабасы», асық ату, т.б. ұлттық спорт түрлерінен жарыстар да үнемі ұйымдастырылып тұрады.
Спорттық бұқаралық іс-шаралар легі тек мұнымен шектелмейді. Мәселен, былтыр облыс орталығында әртүрлі деңгейдегі 624 іс-шара өтіп, оған 43 308 адам қамтылды. Ал биылдың өзінде 86 314 адамды қамти отырып, әртүрлі деңгейдегі 497 бұқаралық шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше назар аударылуда. 2012 жылдан бастап қалада осындай азаматтарға арналған спорт клубы жұмыс істейді. Мұнда 281 адам спортпен жүйелі түрде шұғылдануда. Сондай-ақ жеңіл атлетика, жүзу, пауэрлифтинг, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, таэквондо, арбамен билеу, еркін күрес сияқты 9 спорт түрі бойынша 10 штаттық жаттықтырушы еңбек етуде.
Облыс орталығының барлық 11 округінің жастарын спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту мақсатында көктем айларында апта сайын демалыс күндері ойын кестесіне сәйкес 2002-2007 жылы туған жасөспірімдерден жасақталған аула командалары арасында шағын футболдан Тараз қаласы әкімінің Кубогы өтті. 500-ден астам адам қамтылып, 32 команда бақ сынаған жарыста 63 матч ойналып, «Құмшағал» алқабының командасы жеңіске жетті. «Жастар» стадионында «Спорт технологиялары» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен ауқымды «SUPER BOL» реалити-шоуының ақтық кезеңіне іріктеу сайысы да көпшілік көңілінен шықты. Финалдық іріктеуге қатысушылар киім-кешекпен қамтамасыз етіліп, танымал жаттықтырушылардың жетекшілігімен Талғардағы футбол базасында 2 ай бойы жаттығуға және кәсіби келісімшарт жасасуға мүмкіндік алады. Тараз қаласында қатысушыларды қамту 16-24 жас аралығындағы 520 адамды құрап, олардың 13-і ақтық кезеңге жолдама алды. Қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің шағын футбол алаңдарында аула командалары үшін еліміздің атаулы күндері мен ресми мерекелеріне орайластырылған турнирлер де тұрақты түрде өткізіледі. Сонымен қатар жастардың, ересек тұрғындардың және ардагерлердің қатысуымен қаланың орталық көшелерінде көктемгі, күзгі кросс, Президенттік миль (2400 м) өткізу де дәстүрге айналған.
Айталық, биыл қаланың орталық көшелерінде 5, 10 және 21 км 3 қашықтықта жеңіл атлетикалық жартылай марафон өтіп, оған Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларынан қатысушыларды қоса алғанда, 1000-нан астам жүгіру әуесқойлары қатысты. Мұндай бәсекелердің қатары «Әкем, анам және мен – спорттық отбасы» ойыны, аула ойындарының спорттық фестивалі, көше спортынан үш жас санаты бойынша өтетін чемпионаттармен толығуда.
Мемлекет спорт саласына тиісті деңгейде қолдау көрсетсе, спортшылар да жоғары дәрежеде дайындалып, соның арқасында зор нәтижелерге қол жеткізе алады. Немесе, керісінше, спорттың даму деңгейі мен халықтың дене шынықтыруға деген немқұрайлығы экономикалық өрлеуге кері ықпалын тигізуі мүмкін. Әрине, мейлінше дені сау, даярлығы жан-жақты халық мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға да барынша үлес қосады.
Қалай десек те, бұқаралық спорт бүгінгі Қазақстан қоғамын алға жетелеу және ұлттық стратегиялық мүдделерге жету үшін ауадай қажет. Сол себепті бұл бағыттағы жұмыстар ұдайы жалғаса бермек.

Тимур БАЯНОВ, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.