Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Жамбыл облысының бірінші басшылары» атты екі томдық кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті

0 542

Бүгін Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің Мәжіліс залында архив құжаттары негізінде Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында «Архив-2025» бағдарламасындағы тапсырмаларды орындау мақсатында және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай «ЕЛБАСЫ ЖАМБЫЛ ЖЕРІНДЕ» атты фото-құжаттар көрмесі мен «ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ БІРІНІШІ БАСШЫЛАРЫ» атты екі томдық кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Тұсаукесер рәсімі «ЕЛБАСЫ ЖАМБЫЛ ЖЕРІНДЕ» атты құжаттар көрмесін таныстырудан басталды. Көрмеге Елбасымыздың Жамбыл жеріне әр жылдары жасаған іс-сапарынан көрініс беретін суреттерін қойылған. Мұнда 1992 жылы Президенттің «Қордай» аграрлық-өндірістік ғылыми бірлестігінің егінжайымен танысуы, 1995 жылы Шу қаласында теміржол торабының ашылу салтанаты, 1997 жылы 8 қаңтарда облыс орталығы Жамбыл қаласын Тараз қаласы деп өзгерту туралы Жарлыққа қол қоюы, ортағасырлық тарихшы, ғалым Мұхаммед Хайдар Дулати ескерткішін салтанатты түрде ашуы, 2002 жылы Тараз қаласының 2000 жылдығы кезінде Елбасы Бәйдібек бабаның ескерткішін ашуы, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау салтанаты кезінде түскен суреттер көрініс тапқан.
Іс-шараның негізгі бөлігінде архив құжаттары негізінде «ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ БІРІНІШІ БАСШЫЛАРЫ» атты екі томдық кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.
Бұл екі томдықта Жамбыл облысының құрылғанынан бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихында оның дамуына сүбелі үлес қосқан 20 басшының суреттері мен өмірбаяндары қамтылған. Алғаш облыстың тізгінін ұстаған Михаил Ткаченкодан бастап, Ізмұхамед Еділбаев, Шолақ Артығалиев, Махмуд Сапарғалиев, Асанбай Асқаров, Бименде Сәдуақасов, Мұстахым Ықсанов, Мұқатай Жүрмұхамедов, Хасан Бектұрғанов, Әнуар Жақыповтар жайлы архивтік деректер негізіндегі өмір тарихы енгізілді. Сонымен қатар, Қазақстанның көк туы желбіреген кездегі облысты тізгіндеген Сәбит Байжанов, Өмірбек Байгелді, Амалбек Тшанов, Сарыбай Қалмырзаев, Серік Үмбетов, Бөрібай Жексембин, Қанат Бозымбаев, Кәрім Көкірекбаев, Асқар Мырзахметов, қазіргі басшы Бердібек Сапарбаевтың өмірбаяндары қамтылған.
Іс-шараға облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Сенімхан Жексенбаев, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысының орынбасары Сара Мадиева, «Знамя Труда» облыстық газетінің тілшісі Жарылқасын Нұралиев және өзге де зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.