Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы саласында 5 бағыт субсидияланады

0 170

Ағымдағы жылдың тамыз айында облыс әкімдігінің ауыл шаруашылық басқармасының субсидиялау саласына сыртқы талдау жүргізілді,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Бүгінгі таңда өңірде 5 бағыт (мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, инвестициялық субсидиялар, қайта өңдеу және шағын қаржыландыру) субсидияланады. Бөлінген бюджет қаражаты «Qoldau» ақпараттық жүйесінде тез арада таусылатындығы зерделеніп, оның тапшылығын жасанды түрде туындалатындығы анықталған. Жалпы субсидиялауға соңғы 3 жылда  65 млрд. 404 млн. теңге қаржыландырылған.

Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысы Әділхан Әшірбаев ӨКҚ алаңында өткен брифингте мәлім етті.

Спикердің айтуынша, Агенттікпен сыбайлас жемқорлықтың туындауының себептері мен шарттарын анықтау және оның себептерін жою мақсатында нақты шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, іс жүзінде өзінің тиімділігін дәлелдеген жемқорлық тәуекелдерін анықтайтын сыртқы талдау жүргізу механизмі кеңінен қолдануда.

«Мысалы, 2021 жылдың 3 тамызында басқармамен №4 паспортқа (құдық қазуға) 468,0 млн. теңге бөлінгенімен, 10 тамызда аталған қаражат «Qoldau» бағдарламасында таусылған. Осыған орай, №4 паспорт бойынша берілген өтінімдерді іріктеп зерделеумен, тек 7 күн ішінде бір ғана шаруа қожалығы жалпы сомасы 249,0 млн. теңгеге 81 өтінім (8 IP адрестен) берілгені анықталды. Тектес жағдай, «А» атты кәсіпкер 17 маусым мен 05 тамыз аралығында жалпы сомасы 248,0 млн. теңгеге 61 өтінім беру кезінде де орын алған. Талдау нәтижесімен кейбір шаруа қожалықтарының басшыларының ЭЦП кілттерін пайдалана отырып үшінші тұлғалар тарапынан іске асыратындығын көрсетті»,- деп атап өтті департамент басшысы. 

Осы орайда, департаментпен Ауыл шаруашылық министрлігіне шаруа қожалықтарымен әрбір өтінім берген кезде «Qoldau» бағдарламасында биометриялық сәйкестендіруді енгізу және субсидияның бір түр бойынша (оның ішінде 1 паспорт бойынша) өтінім берген кезде белгілі бір шектеулер енгізу туралы ұсыныс берілген.

Бұған қоса, жүргізілген талдау барысында субсидия саласын қаржыландыруды жоспарлау әдістемесін әзірлеу қарастырылмағандығы, субсидиялауға арналған бюджетті қаржыландыруды жоспарлау кезінде деректер жинау тиісті деңгейде жүзеге асырылмайтындығы туралы айтылды.

«Субсидия бағыттары бойынша нақты қажеттілік туралы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінен анық ақпарат берілмейді, басым бағыттарды айқындау мақсатында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен жұмыс жүргізілмейді. Соның салдарынан қанағаттанбаған шаруашылықтардың саны өсуде, өйткені олардың көбісі субсидиялаудың нақты бағыттары бойынша бөлінген бюджет қаражатының жетіспеушілік проблемасына тап болуда», – деді Ә.Әшірбаев.

Сонымен қатар, талдау барысында мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы да зерделенген. Яғни, басқармамен инвестициялық субсидиялар беру үшін 2019 – 2021 жылдар аралығында  5 260 қызмет көрсетілсе, соның 2652 қызмет көрсету мерзімі бұзылғандығы анықталған.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.