Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбыл облысында 40 ауылды газдандыратын стансаның құрылысы басталды

0 460

  2021 жылға дейін Жамбыл облысындағы 371 елді мекеннің 237-сі немесе 936 мың тұрғын табиғи газбен қамтылған болатын. Биыл 25 газдандыру нысанының құрылысына 10,8 млрд теңге қаржы қаралған. Соның ішінде 17 жоба жыл соңында аяқталатын болса, 8-і 2022-2023 жылдарға өтпелі екен. Қазір Жуалы ауданының 15 ауылына дейін жеткізуші газ құбырының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Бұл туралы ӨКҚ баспасөз алаңында Жамбыл облысы әкімдігі энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев айтты. Оның сөзінінен белгілі болғандай, 2021 жылы Шу, Мойынқұм, Жуалы, Жамбыл, Талас аудандарындағы 40 елді мекенде тұратын 89 мың адамды көгілдір отынмен қамту үшін 2 автоматтандырылған газ тарқату стансасының құрылысы басталған. Сондай-ақ, Сарысу ауданында құны 15 млрд теңгені құрайтын 2 ауқымды жоба іске асуда. Бұл Жаңатас қаласы мен аудандағы 13 ауылды, яғни 40 мың халықты газбен қамтиды.

Т.Рысқұлов ауданында 10 елді мекенді газдандыру үшін 4 жоба іске асып жатыр. Бұдан бөлек, Мойынқұм ауданының 9 елді мекенін газдандыру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге қаражат қарастырылуда. Құрылыс жұмыстары алдағы жылдарға жоспарланған», – деген спикер өңірдегі 156 әлеуметтік нысанның 28-інің жылу қазандықтары табиғи газға ауыстырылғанын жеткізді. Енді келесі жылы 74 нысан, 2023 жылы қалған 54 нысан қазандықтары толық газға ауыстырылады.

Құдайберген Нұрсерікұлы 2021-2022 жылдардағы жылыту маусымына аймақтағы тұрғындарға 188 мың тонна көмір қажет екенін айтты. Қажеттілік былтырғымен салыстырғанда 58,7 мың тоннаға төмендеген. Ал «Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы» ЖШС 1 маусым мен 10 қараша аралығында облысқа 265,650 мың тонна көмір тасымалдапты. Өңірде көмір сатумен 25 нарық субъектісі айналысады.

«Шұбаркөл, Қаражыра көмірлерінің бағасы сортына қарай орта есеппен 12-14 мың теңгені құрап отыр. Ал, елді мекендерге дейінгі жеткізу шығынымен қосқанда, 18-20 мың теңгеден сатылуда. Әзірге облыс көлемінде көмір тапшылығы байқалмайды. Бүгінде нарық субъектілерінің теміржол тұйықтарында 5 568 тоннаға жуық көмір қоры бар, қараша айында 18,8 мың тонна көмір келеді», – деді спикер.
Ол әлеуметтік нысандардың автономды қазандықтарына жоспарланған 67,390 мың тонна көмір толық жеткізілгенін хабарлады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.