Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбыл облысына Қырғыз Республикасы ІІМ делегациясы келді

0 158

Жамбыл өңіріне Чу облысы Ішкі істер басқармасының бастығы Сапарбек Асаналиев және Талас облысының ІІБ бастығы Марлис Асанов бастаған Қырғыз Республикасының делегациясы келді.

Делегацияның сапары аясында Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзинмен кездесу өтті.

Қазақстандық және Қырғыз тәртіп сақшылары өңірлер аумағында ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес бойынша кеңейтілген өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың тиімді тұстарын талқылады.

Арманбек Баймурзин ұрлыққа, ұйымдасқан қылмысқа, есірткі саудасына, экстремизм мен терроризмге, заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жөніндегі бірлескен жұмыстар айтарлықтай нәтиже беретінін атап өтті.

Қырғыз әріптестердің ақпаратына сәйкес, ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін ағымдағы жылы Жамбыл облысының аумағында іздеуде жүрген 11 қылмыскердің мекенжайы анықталды. Өз кезегінде, Қырғыз Республикасының құқық қорғау органдары ағымдағы жылы іздестіріліп жатқан 1 адамды анықтады.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Чу облысы Сокулук ауданының тұрғынынан 27 ұрланған телефон табылып, тәркіленді. Оны ол «тараздық» өткізушілерден сатып алып, Бішкек қаласында қайта сатуды жоспарлаған. Жалпы айтқанда, бiрлесе жүргізген жұмыстар арқылы анықталған осындай оң мысалдар жетерлік.

Жамбыл облысы ПД бастамасы бойынша көрші елге малды алып кету және әкелу деректерi тiркелетiн арнайы база құрылды. Бұл өз кезегінде мал ұрлығының алдын алу жұмыстарын жақсартуға айтарлықтай мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, кездесуде Жамбыл облысында төленбеген айыппұлдары бар Қырғыз Республикасында тіркелген көлік құралдарын анықтау бойынша сұрақтар талқыланды.

Сонымен қатар, екі елдің аймақаралық ынтымақтастығын нығайтуда жергілікті жағдайды жетiк меңгерген шекара маңындағы аудандық полиция бөлімдері бастықтары мен учаскелік полиция қызметкерлерi үлкен рөл атқарады.

Жұмыс кеңесі барысында өзара жедел ақпарат алмасу тетіктері де пысықталды.

Тараптар мұндай кездесулердің қылмысқа қарсы күресте өзекті мәселелерді шешуде бiрлесе келiскен ұстанымдарды әзірлеуге зор үлес қосатынына сенім білдірді.

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.