Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбыл ауданында шаруа қойын дронмен бағады

0 530

Қазақ – ежелден мал баққан халық. Төрт түліктің қасиетіне бас иетін дана ел оны баптап, кәдесіне жаратып, ішсе асы, мінсе көлігіне жаратқан.
Таң бозара уақ малын алдына салған шопан, түстігін арқалап, күн ұясына батқанда ауыл маңына жақындайды. Шаң-тозаңнан сақал, мұртын ақ басқан шаруаның күнделікті тірлігі бұл. Астындағы сенімді сайгүлігінің де көрген күні осы.
Бұл көрініс иісі қазаққа таныс жағдай.
Дегенмен бұрынғылардың жолын қуғанымен, бағытын өзгерткен шопандар бар. Ол Тоғызтарау ауылының тұрғыны – Гаухарбек Шонтаев.
«Жанұя» шаруа қожалығының төрағасы төрт түлігін дрон арқылы бағады.

– Алғашында жылқымды жоғалтып, табанымнан таусылдым. Көзге қарайған көрініске ылдыйлай жөнелесің, барсаң қойдың терісі немесе ағаш. Осылай мал жоғалса әбден әбігерге түсем. Әлгі атты іздеп жүргенде таныстарым дрон аппаратын ауылға әкеліп, іздестіруге көмек берді. 10-12 шақырымға дейін ұзақтыққа баратын дронды ауламда отырып-ақ басқарды. Бірнеше күннен кейін мына дрон жылқының үстінен дөп түсіп, суретке де түсіріп алды. Басқа үйірге қосылған екен. Дереу атқа қонып, жетектеп әкелдім. Кейіннен осы дрон арқылы қой бақса қалай болар екен деген ойға келіп, 580 мың теңгеге су жаңа апаратты сатып алып қолдандым. Несін жасырайын, шопанымында, бақташымда – осы. Қойды таңертең қорадан шығарып жіберемін де, түс қайта дронды кеңістікке ұшырып, жырақта жүрген қой-ешкілерді үйдің маңына дейін тырқырата қуып келемін. Қысқа ғұмырында мұндайды көрмеген олар зәресі кетіп, айдаған бағытыңнан танбайды. Оның үстіне айналада қандай қойшылар мал жайып жүргенінен, арлы-берлі өткен төрт-түлікті бақылап, аңғарып бақташыларға хабарлап отырам.Бірақ бәйбішем мазданады. Үйде болған соң, қол босап, шайда сұрай береді екенсің. Өмірсерігіме: «Сен келін алып қолың ұзарса, мен дрон алып қолым ұзарды»,-деп әзілдеп қоямын. Жалпы айтпағым, әр нәрсенің ебін тапсақ, жұмысыңда жеңілдейді, бос уақытыңда пайда болатынын айтқым келеді, – дейді Г.Шонтаев.

Ақжігіт Жетпісбай,
Жамбыл ауданы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.