Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қайырымды болу қапысыз қалдырмайды

0 248

Алла Тағала адамзат баласының рухын жаратқанда, оның бойына жамандыққа қарсы жиіркеніш, рухани мазасыздық секілді ішкі күймен бірге жақсылыққа құмарлық, ізгіліктен жүрекпен ләззат алу сезімдерін құйған. Оған біздің кез келген тіршілік иесіне жасаған игі ісімізден кейінгі жан-дүниемізде пайда болатын ерекше сезімдер дәлел болмақ. Сол секілді бұл өмірде кімге де болсын, шаңның тозаңындай жасалған қиянат сұраусыз қалмайтынындай, жақсылық та шексіз нығметіне қауыштыратыны – өзгермейтін заңдылық.

Қайырымдылық деген – өзгенің мұқтаждығын өз қажетіндей көріп, шама-шарқы келгенше айналаға пайдасын тигізу. «Итке сүйек тастағаның қайырымдылық емес. Өзің де аш отырып, итпен сүйек бөліскенің – қайырымдылық» деген нақылдағыдай, бұл ұғымды тек материалдық дүниемен шектеп қана қоймай, адамның жанына терең үңіле біліп, жан жарасына дауа болатын әрекеттермен де өлшеген дұрыс. Өйткені Алла Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанындағы сахабалары: «Уа, Алланың Елшісі! Ең жақсы адам кім?» – деп сұрағанда, ол: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген. Яғни қайырымдылық ұғымының ауқымы кең.
Асыл дінімізде қайырымдылықтың өлшемі мұсылман баласына міндет саналатын бес парыздың бірі зекетте бекітілген. Нисаб мөлшеріне жететін дәулеті бар адам байлығының белгілі бір бөлігін жылына бір рет Алла Тағаланың ризалығы үшін қоғамдағы мұқтаж адамдарға риясыз көмек ретінде беруді зекет дейміз. Кімде-кім зекет берсе, әлеуметтік ортадағы түрлі келеңсіздіктер мен қылмыстар азаяр еді. Алайда адамзатқа жақсылық қаламайтын шайтан малғұн пендені: «Зекет берсең, кедейленіп, аш-жалаңаш қаласың», – деп азғырып, тура ниетінен тайдыруы мүмкін. Анығында, зекет мал-мүліктің азаюына емес, көбейіп, өсіп-өнуіне себеп болады. Құранда бұл шындық былай баяндалады: «Алла өсімнің берекесін жояды, ал садақасы берілген малдың берекесін арттырады» («Бақара» сүресі, 276-аят). Демек, қайырымды болу – өзіңді сараңдықтан құтқарумен қатар, қоғамды тәрбиелеу құралы. Осы тұста жақсылыққа үздіксіз ұмтылу бізді толассыз нығметке қауыштыратынын Құрандағы Алла Тағаланың: «Алла жолында не жұмсасаңдар да, Алла Тағала міндетті түрде оның орнын толтырады», – деген уәдесінен бағамдай аламыз.

Нұрлыбек ШАКИЗАДАҰЛЫ,
дінтанушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.