Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңа әліпби – жаһандық үдеріске жол

0 272

Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Тілдерді оқыту орталығында «Жаңа әліпби – жаңғыру жолы» атты семинар ұйымдастырылды.

Думан САХИ

Жиынға аудандар мен облыс орталығынан тіл жанашырлары, өңірдегі ЖОО ұстаздары қатысып, өзекті ойларын ортаға салды. Басқосу барысында латын әліпбиіне көшудің рухани дамуға қозғау салатыны, қазақ тілінің жаһандану заманында басқа тілдермен терезесі тең тіл ретінде дамуына ықпал ететіні айтылды. Яғни латын әліпбиі жаhандану заманында өркениетке бір табан жақындауға, еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруына, ғылым мен білімнің даму үрдісінен көш соңында қалып қоймауына әсер етіп қана қоймай, қазақ тілінің басқа тілдермен иық тіресіп, халықаралық дәрежеге шығуына жол ашатыны кеңінен сөз болды.
– Латын қарпінің таңбалары біздерге таңсық емес. Бүгінде әлемнің дамыған елдері латын әліпбиін қолданады. Сондықтан тілдің дамып өркендеуі, әр ұлттың өзіндік ерекшелігі оның тілімен айқындалатындығы анық, – дейді ТарМПУ профессоры Тұрсынай Әбдіқадырқызы.
Жамбыл облысындағы жоғары оқу орындарының лингвист ғалымдары әліпбидің қолданылу аясы халыққа тиімді болу керектігін айтады. Ол үшін жаңа әліпби орфографиялық, терминологиялық және пунктуациялық қателерден арылуы тиіс. Бұл жұмыстар 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бұл бағытта елімізде ҚР Үкіметі бекіткен үш кезеңнен тұратын ұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес бекітілді. Әрбір кезеңде атқарылатын шаралар жоспарланып, мақсат-міндеттер айқындалды. Семинар соңында өз ойларын ортаға салып, өңірдегі латын қарпіне ауысу жұмыстарының барысын сөз еткен тіл жанашырлары өзектілігі жоғары үдерісті бақылауда ұстап, маман ретінде өз үлестерін қосатындарын жеткізді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.