Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңа Қазақстанның бағыт-бағдары айқындалды

0 188

    Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауы әр азаматтың сенімін нығайтып, жігерін жаныды. Қаңтар оқиғасынан кейін көпшіліктің үрей билеп, көңілге күмән кіргені рас. Президент берген тапсырмалар сол күдікті сейілтіп, түннен соң күн шығатынын көрсетті. Әрі бұл реформалар тек құр дақпырт үшін ғана жасалмайтыны да көңілге медеу. «Экономикадағы, саясаттағы жасанды монополияларды түбірімен жоюға тиіспіз» деген Президент ашық әрі әділ бәсеке орнатқанда ғана халықтың әл-ауқаты артатынын алға тартты. Мемлекетті басқаруды суперпрезиденттік үлгіден мықты Парламенті бар президенттік республикаға көшіруді көздеген ұсынысы да халықтың мүддесінен шықты.

Мемлекет басшысы әлемдегі геосаяси жағдайдың ушығып тұрғанына қарамастан, елімізде дағдарысты жеңудің құралдары мен қорлары жеткілікті екенін атап айтты. Бұқаралық ақпарат құралдарының тәуелсіздігі мен бәсекеге қабілеттілігінің маңыздылығын да негіздеді. Саяси реформалардың маңызды бағыты ретінде өкілетті билік органдарын құрудың ережелерін өзгертуді, Президенттің басқару мерзімінде ешбір партия құрамында болмауын баса тапсырды. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынды. Ол ұсынысы қолдау тауып, ұлт ұясы Ұлытауда алғашқы басқосуы өтіп те үлгерді. Аталған жиында кемел келешегіміз үшін кемеңгер пікірлер айтылды.
Президентіміздің қаралы қаңтарда да халық мүддесін көздегені анық. Бұл – оның өмірлік ұстанымы. Расында, елдігіміздің іргесін қақыратып, тыныштығын бұзуға ұмтылған әлдебір топтардың жойқын әрекеттеріне тосқауыл қою, ел тыныштығы мен тұтастығын сақтау оңай болмағаны белгілі. Жолдауда Президент ел ішіне іріткі салғандардың күштік құрылымдардың заңға сәйкес қимылдауына кедергі келтіргенін еш бүкпесіз жеткізді. Осындай жағдайда қиыннан жол тауып, бітімгерлерді шақырғанымен, олардың бір оғын да шығындатпай, өз құқық қорғаушы азаматтарымыздың күшімен тойтарыс берілгенін де атап өтті.
Президенттің: «Мақсатқа жету үшін тек мемлекеттік аппаратты жаңарту жеткіліксіз, әрқайсысымыз өзгеруіміз керек. Мен барша қазақстандықтарды біртұтас организм ретінде Жаңа Қазақстанды құруға кірісуге шақырамын», – деген сөзін толығымен қолдаймын. Бұған өзгелер де ерекше екпін түсіріп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы қажет.

Мұратхан Шүкеев,
облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.