Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жүрек әлеміндегі жұмақ

0 571

Жаныңның сұлулыққа құмар болуы қанша жерден жақсы болғанымен, сол сұлулықты өз қолыңмен жасап шығару одан да ғажап әрі сөзсіз ләззат сыйлайтыны бар. Жүрегіне әсемдік пен нәзіктік, сыр мен сымбатты қатар өрбітіп, әлемнің бар жарқылын өн бойына жинаған Альбина Галимова – дизайнер-интерьер. Біз Альбинаның шеберханасынан сыр шертіп, сұлулық әлеміне бойлап қайтқан едік.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Дионисий ПЛЯШЕШНИК

Бүгінде көне шаһарға көрік беріп тұрған Альбинаның дизайн шеберханасына адам кірсе шыққысыз. Онсыз да аппақ әрі әсем бөлмелерге әр жерден жарық беріп тұрған түрлі аспалы шам, жайлы жиһаздар, ерекше стильде дайындалған орындықтар, ағаш сөрелер мен кәдесыйлар бұл жерге ерекше жайлылық сыйлап тұр. Ал қабырғаға асқан талғаммен жапсырылған пластмасса гүл бүршіктері әне-міне тырс-тырс қауызын жарып, жұпар аңқып қоя беретін дала гүлін елестеткендей.
Альбина бүгінде тапсырыс бойынша пәтер, офис немесе әлдебір қоғамдық орталықтарды жабдықтар сәтте ол орынға қандай заттар қажет, оларды қай жерге және қалай орналастыру, әшекейі мен түсі, бөлмедегі жиһазды өзгерту-өзгертпеу туралы мәселені алдын ала ойластырып, санасында пісіп-жетілгенше әбден ойға шомады.
– Біздің оңтүстіктің халқы жаңашылдыққа тез арада үйрене қоймайды. Бізге бұрыннан үйреншікті нәрселер ғана жанымызға жайлылық сыйлайтындай болғандықтан, жаңалыққа аса құмартпаймыз. Біздің өңірдің адамдары байыппен, бәрін салмақтап барып жасағанды құптайды. Кім саяхатқа көп шығады, міне, солар өзгерісті қалайды екен. Қазіргі таңда халық жаңашылдыққа енді бет бұрып келе жатыр десем болады. Заманауи интерьерге тапсырыс беруді қолға алып, жаны өзгерісті қалайтындығын енді-енді көрсетуде. Тараздықтардың талғамы неоклассикаға жақын десем болады. Күні бүгінде ламинат, кафель, түсқағаздар дамып, заманауи стильге сай күннен-күнге өзгеріс үстінде. Сондықтан бұл сала үнемі талғамның өсуімен қатар, бір орында тұрып қалмай, қимыл-қозғалыста, заман көшінен қалмауды, тек қана алға жүруді талап ететіні жасырын емес, – дейді Альбина.

Расында, жазушы өз кабинетін қалай жасатар еді? Оның жүрегі нені қалайтыны беймәлім ғой. Дәрігер ше? Ал көпбалалы отбасының үйін қалай әрлеуге болады? Міне, бұл біз үшін өте қиын сұраққа айналды. Бұл ретте де Альбинаға сауал тастап, көмегіне жүгіндік.

– Адамға идея қай кезде келеді? Әрине, тапсырыс берушінің ауласына барып, үйінің шатырына, терезесінің қалай орналасқанына, бөлмелерінің арақашықтығына қарап қана қоймай, осы үйдің аурасын сезінгенде барып ой туады. Тапсырыс берушінің жаны нәзік пе? Бәлкім, ол қаталдық пен тәртіпті сүйетін болар? Мүмкін ол томаға-тұйықтықты қалайтын шығар? Міне, тапсырыс берушінің өзін ғана емес, оны қоршаған ортаны да сезінуің қажет. Және де оның мінезін білуің, оны тыңдап қана қоймай, оның ішкі жан дүниесін сезінуің қажет. Клиенттің бойындағы осы нәрсені терең ұққанда, бұл адамға қандай жиһаз, түс, қажеттіліктер жарасатынын біле қоясың. Клиентпен сөйлесу арқылы мінезін түсінген соң барып, ол адамның жанына қандай нәрсе жайлылық сыйлайтынын ұғасың. Адамды тану арқылы оның ішкі сарайына құлақ түресің. Ал, ең қызығы, кейде адамдар заманауи нәрсеге тапсырыс беріп жатып, «мына жиһаз – әжемнің көзі, сондықтан міндетті түрде үйімнің төрінде қалсын» дейді. Немесе арқалығы мүжілген ескі орындық оның ең жақын адамының көзі болғандықтан, ол үшін сондай қымбат. Тіпті тапсырыс берушінің қандай кафеге баратыны, түскі асқа не ішетіні, хоббиіне дейін білуге ұмтыласың. Арман-қиялынан хабар аласың. Ал сен сырын ашуға тиіс адамның болмысы – сен жасайтын жиһаздың кілті, – дейді дизайнер.

Жұмыс барысында дизайнер ең алдымен психолог әрі суретші деген тұжырымға келдік. Сонымен қатар өзгеше ойлауды, асқан талғамды, тоқтаусыз ізденісті талап ететіні тағы бар. Психолог дейтініміз адаммен тілдесу барысында оның жан дүниесін аша білмесең, ол өз үйіне не қажет етіп отырғанын, оған не нәрсе демалыс сыйлайтынын біле алмайсың. Сиқырлы атмосфераны ойлап табу оңай емес.

Реті келгенде қолға бояу алып, ақ қағазға із қалдырудың алғашқы кезеңіне де көштік. Қолыма қылқалам ілінген сәт ең алдымен мен өз көрерменімнің сезіміне, ойына әсер ету арқылы эстетикалық ләззат беруді ғана ойладым. Осы сәт миымда түс пен реңк, жарық пен көлеңке, сәуле мен қараңғылық, қарама-қайшылыққа толы ғұмыр менің миымның ішінде төңкеріс жасап жатты. Мен сары түсті таңдадым. Себебі сары – ол әлемге шуағын шашып тұрған күннің түсі. Ал күн болмаса, жер бетін қою қараңғылық басып алар еді. Осы ойдың жетегінде ақ қағаздың бетіне үш бірдей сары жолақ та түсті. Ақ қағаз – әлі дақ түспеген ар, әлі ешкім баса қоймаған қар, кіршіксіз таза пейіл. Ал оның үстіне түскен үш сары сызық не? Бұл бүкіл ғұмырдың өлшеміне сыймайтын ой іспетті. Сары уайым. Күзі жеткен сары жапырақ. Шуағы шашыраған жарық күн. Жоқ, бұл – мен қалдырған жол! Алайда бұл жол бізді қайда апаратыны беймәлім…

Міне, ойға тоқтам жоқ екенінің тағы бір дәлелі – осы үш сары сызық түскен ақ қағаз. Дизайнердің де ойына дамыл жоқ екеніне көзім жетті. Ол да үнемі сұрақ пен жауаптың арпалысында, шығармашылық тартыстың, ой мен өрістің шеңберінде ғұмыр кешіп жүр. Бірақ ол салған жол өзгеше. Әдемі. Анық. Белгілі. Кімді қайда жетелеймін, кімді қайда апарамын десе де өз еркі. Ол тілдей ғана қағазға бүкіл әлемді сыйдырып, алақандай бөлмеге жұмақ орната алады. Сіздің жұмағыңызды. Мен Альбина Галимованың шеберханасынан ой алып қайттым. Ол ой енді ешқашан таусылмайтынына, түгесілмейтініне сенімдімін.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.