Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әкім екі айтпайды

0 21

Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев Т.Рысқұлов атындағы саябақта №3 аумақтық округтің тұрғындарымен кезекті көшпелі қоғамдық қабылдауын өткізді.

Шапағат Әбдірұлы

Жиынға қала әкімі Ержан Жылқыбаев пен әкімдікке қарасты бөлім басшылары және арнайы мамандар қатысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүзеге асқалы жергілікті әкімдер мен халық арасында байланыс беки түсті. Қала басшысының қоғамдық қабылдауы – соның бір айқын көрінісі.

Кезекті қабылдауға келген тұрғындардың қарасы қалың болды. Себебі қабылдау болатыны туралы хабарлама алдын ала қала әкімдігінің ресми парақшаларында жарияланған. Бұл қоғамдық қабылдауға келген адамдардың көбінің мәселесі үй алу, жарық тарту турасында. Мысалы, «Көктем» алқабының 3,4,5-ші көше тұйықтарындағы тұрғындар жиналып, тоқ тарту мәселесін айта келіпті. Жандос Жаманқұловтың айтуынша, тоқ электр желісінің қуатының аздығынан теледидар, тоңазытқыштың барлығы күйіп кетіп жатыр екен. «Тоқ мәселесі шешілсе, бізде басқа қиыншылық жоқ» дейді. Осындай мәселелермен 31 тұрғынды қабылдап, халықтың мұң-мұқтажын тыңдаған қала әкімі тиісті мекеме басшыларына тапсырма жүктеді.

Сондай-ақ Нахимов көшесі №4 үйдің тұрғыны Мадина Батырбекқызы: «Үйім жоқ. Қазіргі тұрып жатқан пәтерімде не су, не газ, не жарық жоқ. Көршіден бөшкелеп су тасимын. Әкеме қараймын, ол кісі – мүмкіндігі шектеулі жан. Кәмелетке толмаған екі балам бар. Үйге де тіркелгенмін, бірақ менің кезегім алға бір жылжымайды», – деп назын айтты. Әкім бұл мәселені жеке бақылауына алып, көмегін тигізетінін жеткізді.

Шаһар басшысының қабылдауында болған 120-ға жуық қала тұрғынының сауалдары ішінде 70 пайызы тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, 20 пайызы әлеуметтік жағдай, қалған 10 пайызы әртүрлі мәселелер болды. Сондай-ақ қабылдауда қайтарымсыз гранттар мен атаулы әлеуметтік көмек алу туралы кеңес беріліп, тұрғындар тарапынан тіркелген әрбір мәселе бойынша кері байланыс орнатылып, нақты шешім табу үшін комиссия құрылып, жан-жақты зерделенді.
Көшпелі қоғамдық қабылдау тамыз айына дейін әр жұма сайын жалғасады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.