Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өзгеремін десеңіз…

0 265

Әйелдің күлкісіне күй тұнып тұр. Жүрісінен жаз күліп, көңілінен көктем көктейді. Бір арудың жанарына біткен әжім жанға қаяу түсірсе, бір арудың жүрегіне ұялаған мұң әлемнің жанын сыздатады. Негізі, сұлу біткеннің жанын кіршік шалмас үшін көп нәрсе қажет емес. Жай ғана айнадан қарағанда, жылы жүзіне көңілі толса жетіп жатыр. Біз осы орайда «Центр преображения» сұлулық орталығын ашып, тән сұлулығының шебері атанған косметолог Салтанат Әбдірахыммен бірге мамандық өзгерткен едік.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Айна алдындағы иісмай, опа-далап, сан алуан крем, түрлі-түсті бояулар әйелдің ішкі һәм сыртқы әлемін нұрландыруға қауқары жетеді-ақ. Бет терісінің күтімі, жылдар тізбегіндегі маңдайға біткен майда әжімдер, көз алдындағы қыртыстар, жүздің солғын тартуы мен бетке түскен түрлі дақ, бөріткен мен безеудің сырын ұғып, ізін қалдырмауға көмектесу – косметолог маманның міндеті. Салтанаттың басқа косметологтардан бір ерекшелігі – алдына келген әр әйелдің жанын емдемей тұрып, тәнін жақсартуға асықпайды. Сондықтан болар ол, ең алдымен, алдына келген әрбір жанарға терең үңіліп, жанының жарасын аршумен арпалысады. Сол әйел болып күйініп, сол әйел болып сүйінуге тырысады.

– Әсемдікке жаны құштар нәзікжандылардың сыртқы келбеті анық көрініп тұрғанымен, кірбің шалған жанарын жасырып қалу мүмкін емес. Жанға бататыны сол, әйел өзінің сыртқы бейнесін әрлеуді ұмытып, «отбасыма жетсін, солар жесін, солар ішсін» деп өзін ең соңғы орынға қойып жүріп, қалай уақытын өткізіп алғанын білмейді. Ал бала туып, бағып, отбасының күлімен кіріп-шығып жүріп, өзіне көңіл бөлуді ұмыт қалдырған қартаң тартқан әйелді сенген жары бір-ақ күнде тастап кетеді. Көзін бояп отырып, көңіліндегісін сұрап, жанарына түскен сызаттан сыздықтап аққан жасы жаныңды сыздатады. Сөйтіп, маңдайына сызат түскен әйелдің маңайында ешкім қалмай, жалғыздықтан жапа шегеді. Қырықтың қырқасына шыққан жасында ғана бізден көмек сұрап келіп, сұлулық салонының табалдырығын тұңғыш рет аттаған әйелдің жанарын ғана емес, сонымен бірге жанын да бояуға тура келеді, – дейді Салтанат.

Егде тартқан теріге пилинг, массаж жасап, екпе егіп, ботокс сынды түрлі процедура енгізеді. Процеске келген жанның жасы мен терісінің құрамы анықталған соң, қажетіне қарай көмек көрсетіледі.

Көбіне келушілер пилинг немесе эксфолиация арқылы беттерін қалыпқа келтіруге ұмтылады. Беттің сыртқы қабатынан бастап тазалайтын бұл техника сыртқы көріністің әдемі болуына, дақтардан тазаруына ықпал етеді. Терінің құрамына байланысты пилингтің бірнеше түрі бар: химиялық, ферментті, лазерлі, жемісті және тағы басқа.

Бетке арналған пилинг 3 кезеңнен тұрады. Жеңіл немесе сыртқы, орта деңгей және терең жасалатын пилинг. Алғашқы уақытта жеңіл пилингтен бастаған дұрыс. Ол беттің тек сыртқы қабатына ғана арналған. Әрі қарайғы саты оның теріге сіңуіне байланысты жасалады. Мысалы, терең пилинг беттің ішкі қабатына дейін сіңеді. Пилингтің құрамында лимон қышқылы, глюкоза, алма қышқылы сияқты химиялық элементтер болғандықтан, бетке жағу барысында оның теріні тітіркендіруі – қалыпты жағдай. Үш сатыда беттің қалыпқа келуі үш түрлі болады. Мысалы, алғашқы пилингте бет көп өзгеріске түсе қоймайды, ал жоғары сатыда бетте қабыршықтар пайда болып, күйік шалғандай күйге енеді.

Бірақ оны өзі қалыпқа келгенше түртпеу керек. Себебі бетіңізде тыртық қалып қоюы мүмкін. Ал бетке жасалатын массаждың қай жаста болмасын көмегі зор. Ол беттің демалуына, әжімнің алдын алуға, терінің әсемденуіне ықпал етеді.

Бүгінде сұлулық салонын ашып, өз ісін дөңгелетіп отырған Салтанат косметолог мамандығына қалай келді? Бет әрлеп, тән түзеп, сән сұлулығына үлес қосуға ұмтылуына не себеп болды? Салтанат Павлодар қаласында журналистика мамандығында оқыған. Сөзге де шебер, ісіне адал қыз ата-анасының қаражатына телмірмей, бәрін өзі жасағысы келетін. Сөйтіп, студент қыз сұлулық салонына барып, еден жууға жұмысқа тұрады. Уақыт өте келе дәл сол сұлулық салонына қарауыл болып та қызмет етеді.

Сол жерде түнеп, сол жерде өмір иірімдерін игереді. Зерек қыз салонды жуып-шайып болған соң, айна алдында ұзақ тұратын. Айна әйелдің әлемі екеніне сенді. Айна ғана алдамайтынын білді. Жанарын түрлі түске бояп, қайта өшіріп, қайта үйлестіріп жүріп, өзі де тәнді ретке келтіретін сиқырлы әлемге еніп бара жатқанын, әйелдің бет-әлпетіндегі қалтарысын қалт жібермейтін сұлулық шеберіне айналып бара жатқанын байқамады да. Сезімтал саусақтары салонды жуып-тазалап жүріп-ақ қас бояп, қабақ танудың қыр-сырын меңгеріп алады. Кейін арнайы курстардан өтіп, осы мамандықты барынша терең игеріп, білімін де жетілдірді.

Салтанат қатпар-қатпар әжімнен әйелді аршып алуға болатынына көз жеткізді. Еңсесін езген мұңнан арылтуға болатынын ұқты. Алдына келген адамның жанарын бояп отырып, сол жанардан тарам-тарам болып аққан жасын сүртуді де үйренді. Ол әйелдердің қуанышынан қуат, күлкісінен нәр алады. Өзгеремін десеңіз, Салтанатқа барыңыз!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.