Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жұмысшылар құқығы қорғаусыз қалмайды

0 178

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда: «Халқымыз «Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» деп бекер айтпаған. Жаңа Қазақстанда еңбекқор адам ең сыйлы адам болуға тиіс. Біз өскелең ұрпақты адал еңбекке баулып, жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуіміз қажет. Маңдай термен тапқан әр тиын – нағыз ардың ісі, Абай айтқан «толық адамның» еңбегі екенін жастардың санасына тоқуымыз қажет», – деген болатын.

Расында, еңбекқор адамдар қай заманда да зор құрметке ие болған. Бұл оларға зор жауапкершілік жүктейді. Ал олардың құқығы мен мүддесін қорғау сол жауапкершілікті үстемелей түседі. Бұл тұрғыда облыстық еңбек инспекциясы басқармасы тарапынан атқарылған жұмыс аз емес.
Айталық, ағымдағы жылдың 8 айында облыс ұйымдары мен кәсіпорындарында жоспардан тыс 103 тексеру мен 11 профилактикалық бақылау жүргізілді. Жоспарлы шараларды іске асырудың нәтижесінде есепті кезеңде 150 бұзушылық анықталды. Оның ішінде 120-ы еңбек қатынастарына, 30-ы еңбек қауіпсіздігі және оны қорғауға қатысты. Сондай-ақ 136 еңбек заңнамасының бұзушылықтары жойылса, оның 106-сы еңбек қатынасы, 30-ы еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау бойынша болып отыр. Осы орайда анықталған бұзушылықтардың нәтижелері бойынша жұмыс берушілерге 55 еңбек қатынастарына қатысты бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, заңды және лауазымды тұлғаларға қатысты 12 әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қаулы шығарылып, 4 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынып, олар толық өндірілгенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар есепті кезеңде мемлекеттік еңбек инспекторларымен 540 арыз-шағым қаралып, 244 қанағаттандырылып, 110 тиісті түсіндірмелер берілді. Ал 91-і басқа құзырлы органдарға жолданып, 95-і заң талаптарына сәйкес тоқтатылды. Тағы бір айта кетерлігі, жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары прокуратура органдарымен бірлесіп 13 кәсіпорында 779,1 миллион теңгенің жалақы қарыздарын анықтап, олар толығымен жойылды. Осының нәтижесінде 3424 жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалып отыр. Айталық, жалақы қарызы бойынша мәселелер әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысында қаралып, кәсіпорын басшыларының есептері тыңдалып отырады.


Облыста барлық деңгейдегі комиссиялардың 80 отырысы өтіп, оларда 218 мәселе қаралған. Осы шаралардың нәтижесінде 4731 жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалды.
Әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру жұмыстары бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2022 жылға бекіткен жоспарда 12 028 кәсіпорын болса, бүгінгі күнге нақты орындалғаны – 11 930 кәсіпорын. Ал енгізілуі тиіс еңбек шарттарының жоспары 93,7 пайызға орындалып отыр. Сонымен қатар Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері ұсынған ақпаратқа сәйкес, жыл басынан облыстың 1200 кәсіпорны 46 051 жұмыскердің жалақысын орта есеппен 27,1 пайызға көтергені белгілі болды. Бұл өз кезегінде жұмысшылардың материалдық жағдайының түзелуіне сеп болары сөзсіз.
Бейресми жұмыспен қамтылған тұлғалардың мәселесіне келер болсақ, 879 жұмыс берушідегі 4691 жұмыскердің еңбек қатынастары заңдастырылып, көлеңкелі экономикадан шығарылды. Оның 540-ы тойханалардың, 3127-сі шаштараз, көлік жуу секілді қызмет көрсету орталықтарының, 1024-і ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері екені анықталды. Осылайша осы кезге дейін барлығы 1354 жұмыс берушідегі 5766 жұмыскердің еңбек қатынастары заңдастырылып отыр.
Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінде көрсетілген еңбек ұжымдарында ұжымдық шартты әзірлеу және қабылдау жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы тең құқықтар мен тараптардың мүдделерін құрметтеу, ұжымдық келісімнің мазмұнын құрайтын мәселелерді демократиялық және еркін талқылау, тараптардың міндеттерін ерікті түрде қабылдау еңбек заңнамасын сақтау болып табылады. Бүгінгі күні облыста 10 470 ұжымдық шарт жасалған. Оның ішінде 1498 ұжымдық шарт мемлекеттік мекемелерде, 8972-сі жеке субъектілерде. Ал облыста аталған кезеңге әрекет етіп тұрған мемлекеттік ұйымдардың саны 1582 болса, жеке сектор саны 9569-ды құрайды. Барлығы 11 223-ке жетіп отыр. Осылайша ұжымдық шарттар жасалатын кәсіпорындар мен ұйымдардың көлемі облыста жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 93,2 пайызын құрайды.
Өңірлік кәсіпорындармен өндірістік процестерді тұрақтандыру, еңбек заңнамаларын сақтау, жұмысшыларды қысқартпау мәселелері бойынша облыс әкімдігі, жұмыс беруші мен кәсіподақ арасында меморандумның жасалуы бойынша жұмыстар да толық орындалып отыр. Ресми ақпаратқа сәйкес, облыста жұмыс істеп тұрған 11 223 кәсіпорын 100 пайыз жоғарыда аталған үшжақты мемарандуммен қамтылған.
Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысымен облыс ұйымдарында қызметтік міндеттерін атқарумен байланысты болған 20 жазатайым оқиға орын алып, онда 5 адам жеңіл, 9 адам ауыр жарақаттанып, 8 адам қайтыс болған. Еңбек қатынастары саласында азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау, жұмыскерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында, барлық тұрғындардың, әлеуметтік-еңбек қақтығыстарын алдын алу мақсатында мемлекеттік еңбек инспекторларымен ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізіліп отыр. Атап айтар болсақ, жыл басынан облыстық 127 еңбек ұжымында 1570 жұмыскердің қатысуымен дәл осындай түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар облыстағы өндірістік жарақаттанушылық деңгейін төмендетуге бағытталған облыстық жол картасы бекітіліп, тиісті жұмыстар жоспарлы негізде атқарылуда. Бұдан бөлек, облыстық еңбек инспекциясы басқармасының тапсырысымен дайындалған еңбек қауіпсіздігіне байланысты арнайы бейнеролик әзірленіп, Тараз қаласы мен аудандардың халқы көп шоғырланған жерлерде көпшілік назарына ұсынылуда.
Бұқаралық ақпарат құралдарымен де байланысымыз берік. Соның айғағы – атқарылған жұмыстар жергілікті телеарналар мен баспа басылымдарында үнемі жарық көріп тұрады. Одан бөлек, әлеуметтік желілерге келіп түскен сауалдарға да дер кезінде жауап берілуде.
Тағы бір мәселе – облыс аумағында орналасқан еңбек ұжымдарындағы ахуалды бақылау тұрақты негізде жүргізілуі. Бұл орайда Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен және облыс әкімінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №47-ө өкімімен еңбек жанжалдарының алдын алу мен болдырмауға бағытталған алгоритмі әзірленіп, Тараз қаласымен аудан әкімдіктерінің назарына жеткізілген. Бұған қоса әрбір аудан мен Тараз қаласында еңбек жанжалдары мен наразылықтары туындай қалған жағдайда шұғыл әрекет етіп, халықпен тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізетін белсенді, беделді, танымал азаматтардың пулы бекітілген. Облыстағы, еңбек жағдайларының ахуалын бақылауда ұстау мақсатында еңбек тәуекел қаупі жоғары кәсіпорындардың тізімі жасақталып, «Ыстық нүкте» картасына аудандар бөлінісінде 12 кәсіпорын енгізіліп отыр. Бұдан бөлек, өңірдерле әлеуметтік-еңбек жағдайларын реттеу жөніндегі дағдарысқа қарсы штабтар құрылып, олармен тығыз байланыста жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар «WhatsApp» желісінде арнайы чат құрылып, оған аудандық әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі дағдарысқа қарсы штабтардың төрағалары енгізіліп, күнделікті ақпарат алмасу мәселесі жолға қойылып, еңбек инспекторларымен де аудандық үшжақты комиссиялардың жұмысшы органдарымен байланыс орнатылып, еңбек жағдайлары тұрақты мониторингтен өтуде.
Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Ал олардың құқығын қорғап, тиісті көмек көрсету – біздің басты назарымызда. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстар үнемі жалғаса беретін болады.

Жарылқасын Айтақов, облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.