Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Зауыт үстінен тұрғындар шағым түсірген»: Алматыда 300-ге жуық қызметкер жұмыссыз қалуы мүмкін

0 482

Алматыда соттың шешімімен 300-ге жуық қызметкер табыс тауып отырған зауыт жабылды. Кәсіпорын маңындағы тұрғындар әкімдікке «көшемізді шаң басты, денсаулығымызға зиян келді» деп шағым түсірген. Ал жан бағып жүрген жалғыз жұмыстарынан айырылғысы жоқ қызметкерлер сот үкімі өзгертілсін деген талап қойып отыр, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

НұрТау зауытының басшысы сот шешіміне сәйкес зауыттың жабылатынын хабарлаған. Жұмысшылардың айтуынша, кәсіпорын маңындағы тұрғындар әлеуметтік желілер арқылы жергілікті билікке шағым түсірген. Олар зауыттан шыққан зиянды қалдықтардың кесірінен адамдар ауырып, бау-бақшадағы өсімдік шаңға көміліп жатқанын айтып арызданыпты. Жақында сот үкім шығарған. Енді кәсіпорын жабылса, жұмыссыз қалуы мүмкін 300-ге жуық қызметкер сот шешімі бұзылсын деп талап қойып отыр.

«3-4 көршінің шағымымен зауыт жабылып қалса, 250 адам не істемекпіз? Жұмыссыз қаламыз ба? Бізге қандай көмек болады? Бзіге көмектесулерін сұраймыз», – дейді зауыт жұмысшысы Ерлан Қалменов.

«Тыныс демікпесі деп жатыр. Өкпе ауруы болсын. Тіпті ковидпен ауырған бірде-бір адам болған емес бүгінгі күнге дейін. Мен кадр бөлімінде отырған соң соның бәрін білемін», – деп қосты Майра Сейсенқызы.

Зауыт қызметкері Қуаныш Телебаевтың сөзінше, өндіріс орнында италиялық құрылғы орнатылған. Ол шаңды сыртқа шығармайды екен.

Алматы қалалық экология департаментінің өкілдері тұрғындар шағымынан кейін тиісті тексеру жұмыстары жүргізілді дейді. Сол кезде зауыт пен іргелес үйлер арасындағы заңмен бекітілген арақашықтық сақталмағаны анықталған. Яғни қазір қоршау мен үй арасы 20 метрді құрайды. Ал заң бойынша кемінде 300 метр болуы тиіс екен. Сондай-ақ соңғы жылдары зауыттан бөлінетін зиянды қалдықтар да артқан.

«Рұқсат етілген шығарындылар көлемі 2018 жылы 20,67 тонна. Шығарындылар көлемі көбейген. Алайда санитарлық қорғау аймағы айқындалмаған. Біз соны айтып отырмыз», – деп хабарлады Алматы қаласы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Данияр Әлімсейітов.

Данияр Әлімсейітов, зауытты сотқа берген жоқпыз деді. Айтуынша, кәсіпорын жұмысына ешқандай қарсылықтары жоқ. Тіпті жауапты тұлғаларға кәсіпорынды индустриалды аймаққа көшіру туралы да ұсыныс білдірген. Ал зауыт басшылығы алдағы күндері аппеляциялық сотқа шағым түсірмек.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.