Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Заңсыз әлеуметтік көмек алды»: Павлодар облысында әкімдік 7 баланың анасын сотқа беріп жатыр

0 413

Әкімдік көпбалалы анадан 670 мың теңге жәрдемақыны кері қайтаруды талап етіп отыр,-деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарпт агенттігі sn.kz сайтына сілтеме жасап.

Павлодар облысында әкімдік қызметкерлері атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алды деген ұйғарыммен 7 баланың анасын сотқа бермекші.

Әкімдік көпбалалы анадан 670 мың теңге жәрдемақыны кері қайтаруды талап етіп отыр.

Мүгедек баласы мен күйеуін бағып отырған ақсулық ана қомақты қаражатты қайтаруға қауқарсыз.

Ол 3 жыл бұрын әр баласына мемлекеттен 21 мың теңге алғанын мойындайды. Ал әкімдік мүгедек баласына алатын қаражатты жасырдың деп жазғырған.

Көпбалалы ана болса, кірісін жасырмағанын айтып, безек қағуда.

«Неге бізді аямайды? Мүгедектерге неге қамқорлық жасамайды? Менің кінәм не сонда? Осылай зар жылап отырған адамды «білмеді, көрмеді, өтірік айтады» дейді. Мен мына түріммен отырып, қалай өтірік айтамын?! Мына мүгедек қызды «сенің отбасыңа табыс әкеліп» отыр дейді. Ал оның жатқан түрі мынау. Бір емес екі мүгедек бағып отырмын», – дейді жаны қысылған Сайрагүл Молдабайқызы.

Айтуынша, отбасының жалғыз кірісі ретінде мүгедек баласы мен күйеуіне берілетін болмашы жәрдемақы ғана. Сондықтан мойындарына қарыз қылып қойған 670 мың теңгені төлеуге шамасы келмейтінін айтады. Осыдан 2 жыл бұрын бұл мәселе көтерілгенде әкімдік өкілдері қарызды демеушілер көмегімен жауып береміз деп те уәде берген. Алайда, уәделерінде тұрмаған.

«Бұл кісі бала күтімімен жүрдім деді. Түсініп отырмыз. Оңай емес. Сондықтан мен де сізге айтып отырмын. Демеушілік тарапынан көмек көрсетілді. Әлі де көрсетеміз», – дейді Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Балтабай Қаппасов.

Ал заңгер Камиша Есмұхамедқызы әкімдіктің әрекетін заңсыз деп санайды. Ол шенділер өздері жіберген қателіктің салдарынан ортайған қазына қаржысын толтыруды ғана ойлап отыр деген ұстанымда.

«Өзінің қаражаты жетіп тұрса, мемлекетке қол жаймайды және сұрамайды. Заңсыз алды деуге сот шешімі жоқ. Қағаз жүзінде тергеу амалдары заңсыз пайдаға кенелгенін дәлелдеген жоқ. Сондықтан көпбалалы анаға 3 жылдан кейін қойып отырған талап арыз негізсіз», – дейді заңгер.

Ақсу қаласы әкімінің орынбасары бұл мәселені оңтайлы шешеміз деген уәде беріп отыр. Бірақ оны қашан орындайтындарын ашып айта алмаған.

 

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.