Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қызының туған күніне бара жатқан: Алматыда жас жігітті көлік соғып өлтірді

0 275

Алматыда қызының туған күніне сыйлық алып, көлігіне отыра берген жігітті басқа автомобиль қатты жылдамдықпен келіп соғып өлтірді,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Асыққан жүргізушінің әрекетінен жас жігіт мерт болып, оның қасындағы жолаушысы да сол жерде жан тапсырған. Апат орнында тағы бес адам жарақат алған.

Біраз уақыттан бері дүкендеріне бас сұғып, керек-жарағын алып жүрген жігітпен дүкен сатушысы Алмас Нұрмұхамбет таныс болған. Бір апта бұрын көлігімді ауыстырдым деп қуанышты хабармен келіп бөліскенін есіне алады ол. Таңғы төрттің шамасында ер адам жанына еріткен жолдастарымен қызының туған күні екенін айтып, заттар алуға дүкенге соққан.

«Қызының туған күніне заттар алып болып, машинасына отырғаны сол еді, қарсы бағыттан көлік келіп жолдың шетінде тұрған көлігін жоғары жылдамдықпен соқты. Көмек көрсетеміз бе деп едік, үлгере алмадық. Аман алып қала алмадық», – дейді куәгер Алмас Нұрмұхамбет.

Оқиға желісі бойынша, Жандосов көшесінің бойында тұрған Митсубиси маркалы автокөлікті қарама қарсы бағытта келе жатқан Субару Легаси маркалы темір тұлпар, бұрылыстан рөлге ие бола алмай қатты жылдамдықпен келіп ұрған. Соққының әсерінен орнында тұрған көліктің өзі 50-60 метрге дейін ұзап барып жол ортасында бірақ тоқтаған. Ал куәгерлер Субаруды жол жиегіндегі бағана тоқтатты дейді. Туған күнге асыққан жігіт пен қасында отырған жолдасы сол жерде жан тәсілім еткен. Ал артқы орындықтағы тағы бір жігіт пен екінші көліктің жүргізушісі және үш жолаушысы әртүрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізіліпті. Қазір бұл іс бойынша тергеу жүргізілуде.

«Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Бірқатар сараптама тағайындалды. Олардың нәтижесі бойынша жол апатының хронологиясын қалпына келтіруге, сондай-ақ тергеудің объективтілігін және толықтығын қамтамасыз етуге болады», – дейді қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің инспекторы Дәулет Есмырзаев.

Қайтыс болғандардың бірі 1985 жылғы болса, екіншісі 1987 жылғы. Марқұмдардың бірі облыстық полиция департаментінде жұмыс істеген деген ақпарат бар. Ал темір тұлпардың жылдамдығын асырған жүргізушінің көлігінен ішімдік табылған.

Тәулік бойы жұмыс істейтін дүкеннің сатушысы бұл бірінші рет болып тұрған жағдай емес дейді. Сатушының айтуынша, көбі жылдамдықты шамадан тыс асырып, бұрылыста көліктеріне ие бола алмай жатады екен. Сонымен қатар ол түнгі уақытта оқиғалар жиі болатындығын жеткізді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.