Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қызылордада үш баланың анасы күйеуінің қолынан қаза тапты

0 1  300

Қызылордада үш баланың анасы Ажар Шадиева күйеуінің қолынан қаза тапты. Әйелдің анасының айтуынша, қылмыскер мәйітті жасыруға тырысқан деп хабарлады turkystan.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға болатын күні Ажар күйеуімен, оның дос-туыстарымен кафеде туған күнін атап өткен. Әйел үйіне ертерек қайтқысы келген. Оған күйеуі ашуланып, аяусыз ұра бастаған. Осыдан кейін оқиға орнына учаскелік полиция қызметкері келді.

«Полицей Ажардың телефонымен анасына хабарласқан. Ол кезде Ажарды күйеуі үйіне алып кеткен. Ал оның телефоны кафеде қалған екен. Полицей анасына хабарласып болған жағдайды айтып, олардың шотты төлемей кеткенін жеткізген. Тіпті, қызын ауруханаға апаруға кеңес беріпті. Өйткені күйеуі оны есінен танып жатқан жерінен алып кеткен. Ажардың анасы хабарды естіп бірден оның үйіне жүгірген. Барған кезде күйеу баласы оның ұйықтап жатқанын айтып, кірмеуін сұраған. Алайда анасы көрпешеде оранып жатқан қызын көрмек болып ашқан кезде оның жан тапсырғанын бірден түсінген. Күйеуі мәйтті жасыруға тырысқан болуы керек, жуындырып, ораған»,- дейді марқұмның әпкесі Жұлдызай.

Туыстарының айтуынша Ажардың денесінде сау жері қалмаған. Күйеуі оны метал затпен ұрған екен. Құрбылары оның бұрын да соққыға жығылғанын көріп, ажырасуға кеңес бергенін айтады.  Бір күн бұрын 27 жасқа толған әйелдің артында үш баласы қалды. Ең кішісі екі жаста.

«Балаларын қатты жақсы көрді. Бір өзі жұмыс істеп, отбасын асырады. Балаларын ешкімнен кем қылмады», – дейді Ажардың құрбысы Белла Іңкәрбекова.

Қазір полиция күдіктіні ұстап, қылмыстық іс қозғады. Ол кісі өлтіргені үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал марқұмның туыстары сол күні оқиғаға куә болған, бірақ араша түспеген барлық адамның жауапқа тартылуын талап етіп отыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.