Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қызылорда полицейлері жоғалған жігіттің денесін туыстарына ескертпей көміп тастаған

0 293

Қызылордалық полицейлер іздеудегі азаматтың өлі денесін тауып алып, туыстарына ескертпестен белгісіздер зиратына көміп тастаған, деп жазды turkystan.kz  сайтына сілтеме жасап.

Бұл жайында марқұмның туыстары белгілі журналист Гүлмира Әбіқайға хат жазған.

Қызылорда қаласы Тасбөгет кентінің 1987 жылы дүниеге келген тұрғыны Сағындықов Берік Бейсенбайұлы 2021 жылы желтоқсан айының ортасында ұшты-күйлі жоғалып кеткен.

«Егде жастағы ата-анасы арыз жазған соң Кызылорда қалалық ПД іздеу салады. Анасы учаскелік полициядан сұраған кезде Қызылордаға бару керектігін айтқан. Ал қаладағылар Тасбөгетке кері қайтарған. Әрі-сәрі іздеушілерге полицейлер «Хабар болса, не өліп қалса, біз бірінші естиміз. Хабарын айтамыз» деген. Мүгедек екі балаға қарайлап отырған жарымжан ана хабар күтумен бірнеше күн өткізген» деп жазды Гүлмира Әбіқай.

Ең сұмдығы, 2022 жылдың 25 қаңтарында Қызылорда полициясы Беріктің өлі денесін тауып алғандарын және өткен жылдың 18 желтоқсанында көміп тастағанын айтқан.

«Көппен бірге басына ағаш қадап, БОМЖ-дар сияқты көме салған. 35-тегі жігіттің құжаты, ата-анасының мекен-жайы, телефоны тергеушіде бола тұра өлімді неге хабарламаған?» деп жазылған хатта.

Журналистің айтуынша, ескертілмей көмілген денені туыстары қазып алып, арулап, 2022 жылдың 27 қаңтарында қайта жерлеген.

«Соқталдай азаматтың өліміне кім жауап береді, кім өлтірді? Полиция Беріктің жүрегі қысылып өлген деген уәж айтып отыр. Бірақ сараптама қағазын қолымызға берген жоқ. Қызылорда полициясына сенім жоқ, ІІМ-нен ақиқатты білгіміз келеді!» деді хат иелері.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.