Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қызылабадтағы түйінді түйткілдер көп ұзамай тарқатылады

№11 аумақтық округке қарасты «Қызылабад» алқабында өткен көшпелі қоғамдық қабылдауда қала әкімі Ержан Жылқыбаев пен оның орынбасары Асхат Есеналиев, сондай-ақ бөлім басшылары, ардагерлер кеңесі мен құзырлы орган өкілдері тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ түрді.

0 343

Бұл күні базынасын арқалай келген халықтың қарасы қалың болды. Айталық, Жүсіп Ерғалиев алқапқа қоғамдық көлік жүргізуді сұрай келіпті,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

– №40 автобус осы маңға келгенімен, бір көше әрі қарай бұрылып кетеді. Сондықтан, амал жоқ, қала орталығына таксилетіп баруға тура келуде. Жаңа маршруттың қажеті жоқ, тек №40 автобусты алқаптың ішіне кіргізіп, бағытын созып беруді сұранамын, – деді қала тұрғыны.
Ал балаларының болашағына алаңдаған Мыңжасар Заурбеков жаңа мектеп салып беруді мәселе етіп көтерді.
– Қазіргі қолданыстағы мектептің әбден тозығы жеткен. Ғимараты ескі, құлауға шақ тұр. Оның үстіне алқапқа келіп қоныстанып жатқан халықтың да саны жылдан-жылға өсуде. Соған байланысты орын тапшылығы да сезілуде. Барлығымыз да ұл-қыз өсіріп отырмыз. Солардың жайлы, материалдық-техникалық базасы қамтылған оқу ордасында сапалы білім алғанын қалаймыз, – деген тұрғын алқап көшелерін жарықтандыру керектігін де алға тартты. Одан бөлек, тұрғынның айтуынша, күн батқан соң көшеде жүру мүмкін емес екен. Аталған мәселелерден хабардар екенін жеткізген Асхат Қамқабайұлы жуық арада қос түйткілдің түйіні тарқатылатынына сендірді.
Қызылабадтықтарды толғандырған тағы бір мәселе – алқаптағы медпунктті газбен жылыту жүйесіне қосу. Бұл түйткілді Бақберген Исмаилов көтерді.

– Тұрғындарға ем-дом көрсететін жалғыз медициналық пунктіміз бар. Өкінішке қарай, бұл нысан газбен жылыту жүйесіне қосылмаған. Қақаған қыста көмір арқылы жылытылады. Қазіргідей дамыған заманда, оның үстіне облыс орталығына қарайтын болғандықтан, қатты отын пайдалануымыз, меніңше, дұрыс емес. Сондықтан осы мәселені шешіп берсеңіз екен деген тілегіміз бар, – деді Б.Исмаилов.
Сондай-ақ тұрғындар ауыз су жүйесін тарту, көшелерді асфальттау, балалар ойын алаңын салу секілді өзекті мәселелерді қозғады.
Шаһар басшысы Ержан Жұматұлы көтерілген мәселелермен жете таныс екенін және барлығы жоспарға сай кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.