Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қышқыл шоколад

0 213

Жаңа жылға бірнеше сағаттар қалды. 31 желтоқсан. «Сағат тілі 12-ге жеткенде ауылда болуым қажет. Жаңа жылды тек қана отбасыммен қарсы аламын» деп күбірлеп жүрмін. «Сізді бастық шақырып жатыр», – деп күлімсіреді хатшы қыз.

Жастық шақты бірге өткеріп, бір группада оқыған қыздың кабинетіне жетіп бардым. Ол Ақшақар болып киініп алып, терезеге қарап, ойға шомып тұр екен.
Әлдебір қорапты қолыма ұстатып:
– Анаңа апарып берші, – деді.
– Бұл не? – дедім мен түсінбей.
Жанарын көзіме қадап үнсіз тұрып қалды. Жүзі алабұртқан сәт ойына әлдене түсе кеткенін сездім. Ол қасыма келіп күрсінгендей болды.
– Ауылға бүгін барасың ба?
– Иә!
– Базарлық қой!
– Кімге? Не үшін? – дедім абдырап.
Ол әңгімешіл емес. Үнсіз тыңдағанды ғана ұнататын. Бұл жолы олай болмады. Тамағын қырнап, терезеге көз салды. Алыс қалған күндерді есіне алса керек, күлімсіреп тұр.
– Студент кезімде бір үйге қызмет етуге баратынмын. Таңнан түн ауғанша құрбым екеуміз бар тірлігін жасаймыз. Қарнымыз қатты ашады. Ол әйел болса: «Тамақтарыңды үйлеріңнен ішіп келіңдер», – дейтін. Жатақханада тұратын студентте қайбір тамақ?! Тірлігін үнсіз істеп жүре береміз. Таңға жуық ілініп-салынып студенттер жатақханасына жаяу қайтамыз. Ол кісіге артық сөз айта алмаймын. Себебі ұстазым еді. Аптасына екі-үш рет барып тұрамыз. Үстелінің үстінде үнемі шоколадтар тұратын. Қызыл, жасыл, жылтырақ қағазға оралып, көздің жауын алардай! Апай шығып кеткенде тез-тез қабығын аршып, апыл-ғұпыл біреуін аузыма саламын. Не деген дәм! Тәттілігі сондай, жей бергім келеді. Бірақ екіншісін алуға батпаймын. Болмайды! Апай біліп қояды. Сонда армандаушы едім: «Оқуды жақсы аяқтап, қызмет етіп, айлығыма осындай шоколад алып жесем ғой», – деп…
Иә, мен оқуды жақсы оқыдым. Қызмет еттім. Осы күнге дейін сондай шоколадтың түр-түрін алып жедім. Бірақ дәл сондай тәтті дәм жоқ! Ашқұрсақ кезімде тығып жеп, таңдайымда қалған тым тәтті шоколадтың дәмімен салыстырғанда, мен сатып алып жеген шоколадтардың дәмі түкке тұрғысыз. Есесіне сонау ауылда жүріп, сары самаурынды қайнатып беретін сенің анаңның қою шайының дәмін ешқашан ұмытқан емеспін! – деп сарғыш қораптағы шайды шоколадпен қосып орап, сөмкеме салды.
– Мен жақсылықты ұмытпайтын адаммын. Анаңа сәлемімді жеткізерсің. Жамандық та жүрегімде дақ болып қатып қалатыны бар, – деді сосын.
Дәл Жаңа жыл күні – анамның туған күні. Құрбымның сыйлығын көріп, балаша мәз болды. Ол сыйға тартқан шашақты орамалды басына шарт байлап, шай демдеді. «Сол қыздай бастық болсын» деп ырымдап, тәттілерді немерелеріне үлестіріп берді. Бірақ маған шоколадтың дәмі қышқыл көрінді. Сөйтсем, жылап отыр екенмін…

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.