Қалалық қоғамдық-саяси газет

Аукцион

0 263

 

 

 

Бақытжан Советұлы,
сатирик ақын

 

Аукцион

– Сәке, ассалаумағалейкум.
– Уаликумассалам.
–Жан-жағыңа қарайтын түрің жоқ,
Соған қарағанда деймін-ау, тірлік көп.
Сәл сабыр етіңіз,
Сәлемімізді ала кетіңіз.
– Ал, алдық сәлеміңді,
Көңілің тола ма,
Кетуге енді бола ма?
– Әй, құрдас, қалжың ғой.
Біздікі қысыр сөз, мылжың ғой,
Көңіліңе алма.
Жүре бер жүгіріп алға.
Айтпақшы, барасың қайда?
– Аукционға.
– Аукционға?
– Иә, аукционға!
– Не сатады аукционда?
– Бауыр, бүйрек, жүрек.
– Не болды саған сонша,
Тамақ батпай жүр ме, онша?
«Оданша ет дегенде,
Бет бар ма» деп
Жатпайсың ба, қазы-қарта жеп!
– Қайдағы қазы-қарта,
Қайдағы тамақ?
– Иә, дұрыс,
Сіңімді болу үшін алу керек арақ.
И свежий салат!
– Әй, сен не деп далбасалап кеттің,
Көзінше көптің?
Саған бәтуа жоқ,
Қой, мен кеттім.
Сәл, сабыр етші.
Қай базарға барасың,
Айта кетші?
– Базары несі тағы да?
– Бауыр, бүйректі айтам?
– Аһ, сайтан.
Ол базар емес,
Медициналық орталық.
Қазір сонда жүр бар халық.
Біреуі бүйрегін сатса,
Біреуі жүрегін,
Енді бірі бауырын.
Мен да бара жатырмын
Алайын деп тәуірін.
– Түсінбедім,
Қай антұрған бауырын сатады?
Аға, іні оларға керегі жоқ па?
– Әй, тоқта!
Қайдағы аға-іні?
Кәдімгі өз мүшесі.
Өзінің бауыры, өзінің бүйрегі, жүрегі!
Кім не, қайсысын сатады, өзі біледі.
– О, сұмдық, оны кім алады?
– Біз аламыз.
Мәселен, мына мен.
– Не?
Денсаулығың сыр берді ме?
– Жоқ, жасартып жатырмын!
Өзің білесің,
Мен алпысты алқымдадым.
Осы кезге дейін
арақ-шараптан тартынбадым.
Енді іш-құрылыс ескірді ғой,
Ал маған ес кірді ғой.
Сондықтан да,
мүшемді жаңалап алайын деп,
Жүру үшін әлі де қазы-қарта жеп,
Бүйрек пен бауырды жаңаладым,
Жап-жас жігіттен сатып алып,
Құрдастар арасында дараландым.
Қазір жылдан-жылға жасарып келем.
Енді жүрегімді жаңаласам,
Мәңгі жас болып жүре берем.
Сірә, өлмейтін шығармын.
Өмір сүре берем.
– О, тоба.
Біреудің жүрегімен қалай жүресің,
Қалай өмір сүресің?
– Әй, кетші бар,
Басымды қатырмай!
– Сен де қызықсың,
Түсіндіріп айтсашы ақырмай!
– Менің уақытым жоқ,
Аукционға тезірек баруым керек,
Жас жүрек табуым керек,
Сатып алуым керек,
Ота жасатып, салуым керек!
Түсіндің бе?
– Жоқ.
– Әй, кетші бар.
Саған айтып тұрған мен де ақымақ.
PS: Елімізде енді адам мүшесі сатылмақ.
Жаңа Қазақстанда байлар өмір сүретін болды жарқылдап!
Қазір кім бай – сол Құдай!


Қарға қуу

– Ата-ау.
– Ау?
– Батаңызды беріңіз,
Шетелге кетіп барам.
– Жортқанда жолың болсын, балам.
Құдай несібеңді еселеп берсін саған!
– Әумин, ата.
Мынауыңыз керемет болды бата.
Ал мен кеттім.
Сізге көп рақмет!
– Сәл сабыр ет.
Онда не істейсің?
Жөніңді айтып кет.
– Жұмыс қой, жұмыс.
– Болмаған екен ғой,
мұнда тұрмыс.
Дұрыс, дұрыс.
Онда не іс?
– Қарға қуам, қарға.
– О, Құдайым-ай.
Ондай да жұмыс бар ма?
– Бар ата, бар.
Қарға қуып, аламын доллар.
– А?
Сұмдық-ай, ә.
– Иә.
– Басқа жұмыс жоқ па?
– Көп қой, көп.
Жұлуға болады арам шөп.
Бау-бақша өнімі,
Жеміс-жидек терімі,
Міне, осындай жұмыстар.
– Болды, жетеді,
Өзге елге
Боламыз десеңші кіріптар.
…Осылай деген атамыз
Терең күрсініп қалды.
Дорбасын асынған баламыз
Доллар үшін шетелге кете барды!
PS: Арқа жайлы болса,
Арқар ауып несі бар?
Болашақ бізде бұлыңғыр
Кетіп жатыр балалар!
SOS!!!


«Хайп» пен «лайк»

– Жылына бір-ақ рет есеп бересіңдер,
Елді алдап келесіңдер.
Жоқ, былай болмайды,
Көңілім менің толмайды.
Әлеуметтік желіге кіру керек,
Халықтың жағдайын білу керек, –
деген Президенттің сөзінен соң,
Барлық әкім ойланып қалды.
Қонжиып отырған суреттерін
Фейсбукке салды.
Тіпті бәрі
Жеке парақшаларын да ашып алды.
Енді,
Оған жаздыру үшін елді
Жандайшаптары сабылды.
– Неткен сурет.
Керемет.
Біздің әкім супер.
Ойы да тіпті терең ед.
Өзі қандай.
Көзі қандай!
Шашын айтсай, шашын,
Қасын айтсай, қасын.
Басын айтсай, басын.
Нағыз сенің досың, – деп
Басшысының қамын жеп,
Елді «лайк» басуға шақырды.
Бірақ қарапайым халық,
Сіресіп қалған суретке
Жіби қоймады.
– Мынауың маңғаз ғой,
«Сіресіп қапты»,
«Ақымақты тапты».
«Арты креслоға жабысып қалған ба?»
«Халықпен түс суретке,
Оған сен арланба!»
«Не істеп, не қойдың, жаз.
Өз суретіңе өзің болмай мәз».
Міне, осы сияқты сөздер
Суретіне қадалған көздер
Қарша борады!
PS: Уәж, әрине, орынды.
Құлақ асу керек сөзге толымды.
Әкім Мырза
Білсеші оңың мен солыңды.
Егістік басында,
Шаруалар қасында.
Өнеркәсіп пен кәсіпорын
Қанша аштың
Жұмыс орын.
Өз-өзіңе жасай бермей «хайп»
Міне, осындайыңды айт.
Білсін халық,
Сонан соң өздері-ақ басады «лайк».


Кит болған ит

– Бүгінгі күн тәртібіндегі өзекті мәселе не,
Оны білесіңдер ме?
– Білеміз.
Ел ырзығы – егін.
Төкпей-шашпай жинап алайық өнім!
– Тфу, қайдағыны айтып.
Иә, егін де керек.
Өзге өнім де керек.
Бірақ бізге ең бірінші
Бір-бірімізге сенім керек.
– Дұрыс. Мен таптым.
Қатты сезіліп тұр ғой,
Тапшылығы қанттың.
Қызылшадан көп өнім алайық,
Сонда разы болар халайық.
– Әй, кеңкелес.
Балбес.
Қант болмаса,
Бал жеш.
О, нес?
Астық та болар,
Шетелдік инвесторлар аман болса,
Қант та дүкенге толар.
– Бағасы өршіп тұр ғой бағасы.
– Соны да сөз қылып,
Не қыласыз, ағасы?
Одан да маңыздырақ мәселе бар.
– Дұрыс.
Ол қаңтарда жазаланған боздақтар!
– Ой, сіз де,
Қайдағы адам тағдырын айтып,
Бұл түрімізбен ел боламыз қайтіп?
Оданша итті айтсаңызшы, итті.
Балаларды қапса да,
Өлтіріп жатса да,
Ол ит қой, ит.
Жүрсін емін-еркін.
Болып кит!
Бала өлсе, өлер,
Орнына тағы бір сәби келер.
Ал ит өлсе обал ғой, обал,
Тісі ақсиған байқұс,
Адамға сенеді ғой олар,
Сондықтан да оны қорғайық,
Бәріміз бір ауыздан қолдайық.
PS: Итке бөлініп жатыр ақша көп.
Тамақтары жетеді аста-төк.
Ал көпбалалы аналар
Отыр үйде, шіріген картоп жеп.


Қыстың қамын жаз ойлаған жемқорлар

КЕШЕ:
– Қысқа дайындық қалай?
– Зың.
– Асыра сілтемеңдер тым.
– Жоқ, шынында да күшті.
Құбырларды ауыстырып,
Қазандықты да жаңаладық тіпті.
– Екібастұз ТЭЦ-не 22 миллиард теңге бөлінеп ед.
– Ол ақша кеткен жоқ тек.
Шетелден қазандық алдық,
Ескісін лақтырып,
Су жаңасын салдық!
– Жарайды, күн суытқанда көреміз.
Бағасын сонда береміз.
БҮГІН:
– Әй, мынау ел тоңды ғой.
ТЭЦ-ің мес болды ғой.
– Басеке, саспаңыз.
Құбырлар жарылса,
Қуана бастаңыз.
– Әй, не оттап кеттің,
Бетіне қалай қараймыз көптің!
– Біз де байбалам салайық,
Жаурады деп халайық.
Бәрі тозған «ремонт» деп
Тағы ақша алайық.
– Әй, осы сенің басың бас.
Болсаң да жап-жас.
Бірақ бере ме екен үкімет-тас.
– Береді.
«Шәпкісін» алды ғой, көнеді.
– Онда өзің баста.
Жоғарғы жаққа түсініктеме жазып таста.
– Иә, бәрін қатырамыз.
– Тексеріп келсе ше?
– Онда қарамызды батырамыз.
– Қайда?
– Шетелге.
Ақша жегендердің барлығы жүр ғой шетелде!
– Улап-шулаған халық ше?
– Олар да көнеді.
Азар болса, екі-үшеуі өледі.
Жаңа коронавирус дей саламыз,
Ақшаны опырып жей саламыз.
PS: Міне осылайша, бөлінген ақша желге ұшып жатыр.
Жемқорлардың қалтасына түсіп жатыр.

…Біздегі тірлік осылай.
Несін айтасың, досым-ай!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.