Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қыс қыр астында

0 458

Қаладағы көппәтерлі тұрғын үйлерге ыстық су беріліп, жылу қазандықтарының қысқа әзірлігі пысықталды. Бұл туралы алтыншы шақырылған қалалық мәслихаттың кезекті қырық сегізінші сессиясында айтылды.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Суреттерді түсірген Юрий КИМ

№25 сайлау округінің депутаты Нариман Мауленов төрағалық еткен сессия жұмысында шаһардың алдағы жылу беру маусымына дайындық жайы жан-жақты сөз болды. Ең әуелі нысандарды аталған маусымға әзірлеу барысы жөнінде қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов баяндады.
– Ағымдағы жылдың 10 қыркүйегінен бастап «Жамбыл-Жылу» МКК тұтынушыларын ыстық су жүйесіне қосу жұмыстарын бастады. «Темір Жол-Жылу» МКК мекемеде шығынның қалыптасуына байланысты ыстық су жүйесін жылумен бірге қосады. «Таразтрансэнерго» МКК қазіргі таңда М-4 жылу магистралін қысым арқылы сынақтан өткізу жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесі бойынша ақаулар орын алмаған жағдайда ыстық су жүйесіне қосуды жоспарлап отыр. Шаһарда жылу қуатын өндіруші қазандықтардың жалпы саны – 55, қазандықтарда 171 негізгі қазан жұмыс істейді және 90 резервтік қазан орналасқан, – деді Бейсенбек Керімбекұлы. Сондай-ақ ол қалаға қар түскен жағдайда сақтық шаралары үшін тас жолға себілетін инертті материалдар көлемінің жеткіліксіздігін хабарлады. «Қазіргі таңда қоймаға қысқы маусымда қала ішіндегі жолдарды күтіп ұстау үшін 50 тонна тұз және 1000 текше метр құм ғана жатыр. Осы қыркүйек айында 700 тонна тұз жеткізіледі», – деді ол. Баяндамашының сөзінше, шаһар бүгінгі таңда жылу маусымына 98 пайыз дайын. Десек те, тұрақты комиссия төрағасы Жұмабек Бөлекбаев мінберге көтеріліп, олқылықтарды ортаға салып, бірнеше ұсыныстар айтты.
– Алтыншы шақырылған Тараз қалалық мәслихатының коммуналдық шаруашылық, көркейту, қоршаған ортаны сақтау және жер қатынастары жөніндегі тұрақты комиссия мүшелерімен айтылған олқылықтарды жою мақсатында қалалық әкімдікке тиісті іс-шаралар қабылдауды сұраймыз. Тұрғындарға жылу сапалы және мерзімінде берілуі керек, – деді Жұмабек Әбдікәрімұлы.
Сессия барысында күн тәртібіндегі мәселе бойынша Тараз қаласы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Нұрбол Базарбайұлы, тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиев баяндама жасап, депутаттар сауалына жауап берді. Жиынды қорытындылаған қала басшысы Қайрат Досаев сессияда айтылған мәселелерді назарда ұстайтынын жеткізді. Жиын соңында қалалық мәслихаттың кезекті қырық тоғызыншы сессиясының төрағасы етіп №2 сайлау округінің депутаты Берік Ақшаловты сайлады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.