Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қырықбай – «Қазақстан барысы»!

0 661

Жамбылдық жерлесіміз жарады! Арқа төсінде Әулиеата күрес мектебі асқақтады! Тараздық тарлан топ жарды! Осымен он екінші рет түндігін түрген «Қазақстан Барысы» турнирінде жерлесіміз Ғалымжан Қырықбай жасындай жарқылдап, абыройымызды асқақтатты. Апайтөс балуанымыз айтулы аламанда жеңістің ең биік шыңына көтерілді. Бұл, сөз жоқ, Жамбыл спорты үшін үлкен олжа.

Астана күніне орай елорда төрінде өткен бозкілем бәсекесі жылдағыдан өзгеше өтті. Себебі жаңа облыстардың ашылуына байланысты жарысқа қатысушылардың саны артқан. Нақтырақ айтсақ, 41 балуан бақ сынады. Оның ішінде 33 балуан облыстардан, 2 спортшы «Әскер Барысынан» және 3 республикалық маңызы бар қаладан тағы 6 спортшы қатысуға мүмкіндік алған. Олардың қатарында осыған дейін жеңіс тұғырынан көрінген Руслан Әбдіразақов, Нұрдәулет Жарылғапов, Ерасыл Қажыбаев және Мақсат Исағабылов сынды танымал балуандар бар.
Елордадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде жалауы желбіреген доданың алғашқы айналымдарында жерлесіміз Ғалымжан Қырықбай «Әскер Барысы» Марат Байқамұровты жеңді. Ал ақтық сында талай турнирлерде топ жарып жүрген тәжірибелі қарсыластардың бірі – «Маңғыстау Барысы» Нұрдәулет Жарылғаповпен жолы түйісті. Бірақ бабы мен бағы қатар жанған көне шаһардың көкжалы Ғалымжан Қырықбай қоян-қолтық сайыста қарсыласының жауырынын жер иіскетті. Осылайша жерлесіміз турнир қорытындысы бойынша «Қазақстан Барысы» атанып, 25 миллион теңге, алтын белбеу мен ауыспалы «Алтын тайтұяқты» еншіледі.
Кеше Әулиеатаға оралған Ғалымжанын қара орман халқы әуежайдан салтанатты түрде күтіп алып, құрмет құшағына бөледі.
– Ғалымжанның жеңісі – ортақ жеңіс. Бұл – Жамбыл спорты үшін үлкен абырой. Қандай байрақты бәсекелер болмасын жерлестеріміз олжасыз қайтқан емес. Бұған дейін Бейбіт Ыстыбаев үш дүркін «Қазақстан Барысы» атанса, енді міне, Ғалымжан Қырықбай бәсекенің биік тұғырынан көрініп отыр. Жеңіс құтты болсын, жамбылдақтар! – деген облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Ташметов өзінің ізгі тілегін жеткізді.
Өз кезегінде сөз алған Ғалымжан Қырықбай жанкүйерлердің қолдауы үшін алғысын білдірді.
Иә, бұл, сөз жоқ, өңір спорты үшін үлкен абырой. Біз жерлесіміздің әлі талай биік белестерді бағындыратынына бек сенімдіміз.

Жұматай Көксубайұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.