Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ғылымды дамытудағы берік байланыс

0 174

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажет. Бұл қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларды қамтиды», – деп мәлімдеп, ұлттық экономикамызды алға сүйрейтін салаларға бөлек-бөлек тоқталып, ондағы ең өзекті мәселелердің шешілу жолдарын көрсетті.

Бұл еліміздегі ғылым саласына, әсіресе химия ғылымының кең етек жаюына басымдық беру қажет екенін анық аңғартып отыр. Республикамыздағы химия өнеркәсібі өркендеген алдыңғы қатарлы өңір ретінде Жамбыл облысы да бұл бағыттағы жұмыстарға қосар үлесі зор.
Химия өнеркәсібі құрылымындағы басым бағыт – минералдық шикізат ресурстарын кешенді пайдалану және оларды қайта өңдеуде соңғы өнімдерді жасау. Айта кетер жайт, шығарылатын өнімнің ең көбі фосфор өндірісіне тиесілі. Қазір Қазақстан – посткеңестік кеңістікте ең ірі фосфор өндіруші. Атап өтерлігі, Әулиеата жері аталған қазба байлықты өңдеуден де, өндіруден де көш басында. Бұған аймақтың жер қойнауында республика бойынша фосфориттер балансының 72 пайызы орналасуы үлкен мүмкіндік беріп отыр. Ал бұл дәрежеге жетуге мемлекет 2010 жылдан бастап жүзеге асырған индустриялық-инновациялық даму саясаты оң ықпал етті.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен алынған ресми мәліметтерге сүйенсек, жаңа өндірістерді ашудың индустрияландыру картасы бойынша 2010 жылдан бастап химия саласында бірнеше инвестициялық жоба іске асырылды. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту еңбек өнімділігін және ресурс тиімділігін арттыру, өнім көлемін әртараптандыру және ұлғайтуға жол ашты. Бұл өндіріс ошақтарының қатарында еліміздегі химия өнеркәсібінің алыбы – «Қазфосфат» ЖШС де бар.
Бұдан бөлек, жаңа бәсекеге қабілетті химия өндірісін іске қосу үшін Жамбыл облысы мен Тараз қаласында Арнайы экономикалық аймақтар құрылды. Айта кетер жайт, аймағымыздағы саланы дамытуға бағытталған жұмыстар тек зауыттар ашумен шектелмей, ондағы кәсіпорындардың жұмысын жүйелеу, білікті мамандармен қамтамасыз етуге де көп көңіл бөлініп келеді.
Осының бір дәлелі – өткен жылы мамыр айында Алматы қаласында өткен Ресей мен Қазақстан Республикасы білім және ғылым жөніндегі үкіметаралық комиссиясының отырысында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде Д.И.Менделеев атындағы РХТУ өкілдігін ашу туралы шешім қабылданған болатын. Университет базасында шетелдік оқу орны өкілдігінің ашылуы химия саласын өркендетуге бастайтын басты қадамның бірі болатыны да осы жиында сөз болған. Сондай-ақ бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға дейін елімізде шетелдік жетекші университеттердің кемінде бес филиалын ашу туралы тапсырмасын орындауға мүмкіндік бермек.
Аталған оқу ордасының еліміздің химиялық кластерін ұйымдастыру үшін Жамбыл облысын таңдауы кездейсоқ емес. Өңірде минералдық шикізаттың ірі қоры барын айтпағанның өзінде, Әулиеата өңірі өндірістің қарқынын арттыру үшін жоғары білікті инженерлік, техникалық кадрларды даярлауға аса ыңғайлы.
Жуырда өзара байланысты арттырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ортақ істі жалғастыру мақсатымен Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы үкіметаралық комиссияның Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кіші комитетінің 4-ші отырысы өтті. Жиында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов пен Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті ректорының м.а. Илья Воротынцев Тараз қаласында РХТУ филиалын ашуға дайындық барысы туралы баяндады.
Тараптардың айтуы бойынша, осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап Тараз қаласында Д.И.Менделеев атындағы РХТУ филиалы өз жұмысын бастайды деп күтілуде. Бұл мақсатта жұмыс тобы құрылып, Жол картасы әзірленген. Филиалды Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде тіркеу үшін құжаттардың жобалары дайындалған. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінде филиалдың білім беру қызметімен айналысуына лицензия беру үшін құжаттар дайындалуда. 7 зертхана ашу бойынша жұмыс процесі жүріп жатыр.
Сонымен қатар алда химия саласында ғылыми-технологиялық және өндірістік міндеттерді шешуге қабілетті халықаралық білім беру стандарттары деңгейінде мамандар мен ғылыми кадрларды даярлау міндеті тұр. Химия және химиялық технология саласында іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу де жоспарда бар.
Айта кетер жайт, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті және «Қазфосфат» ЖШС бірлесіп 2023 жылы 19 қаңтарда білім және ғылым саласындағы «Қос дипломды білім беру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық туралы үшжақты келісімге қол қойған болатын. Нәтижесінде, ТМД-да алғаш рет «2+1+1» форматында бірлескен білім беру бағдарламасы бойынша желілік кампус жобасы іске қосылды. Онда екі жыл Дулати университетінде, үшінші курс РХТУ-да және төртінші курс «Қазфосфат» ЖШС-нде оқиды.
Қазіргі уақытта 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Мәскеуде «Аналитикалық химия» білім беру бағдарламасы бойынша 3-курстың жеті студенті білім алуда. 2023 жылдың 2 қазанынан бастап химия өнеркәсібі үшін болашақ кадрларды даярлау мақсатында 10 және 11-сынып оқушылары үшін «Менделеев сыныптары» жобасы жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта Тараз қаласындағы мектептерден келген 36 оқушы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде химия-математика бойынша қосымша оқу бағдарламасын өтуде.

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.