Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлттық құрылтай ұлт бірлігін бекемдейді

0 798

Дәстүрлі Ұлттық құрылтай биыл ерке Жайықтың жағасында жалғасын тапты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен жиында Президент мемлекеттің ұлттық идеологиясын қалыптастыру, саяси-әлеуметтік салалар алдында тұрған аса маңызды міндеттер мен мақсаттарды анықтап, айқындап берді.

Ең әуелі, Мемлекет басшысының пікірінше, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталатындығын тілге тиек етті.
– Алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет. Қазір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты талқылау көбейіп барады. Қаламгерлеріміз тіпті Шыңғыс ханның тегі кім деп айтысып-тартысып жататын болды. Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қояды. Дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дүниетанымына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті. Олар, яғни сол заманның қайраткерлері бір кездері ұстанған бағытына бола дауласса, ендігі ұрпақ кімнің ісі дұрыс, кімдікі бұрыс деп даурығып жүр. Жалпы бұрынғы және қазіргі тарихтың түрлі кезеңдерін, тұлғаларын бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Түптеп келгенде, мұның бәрі – біздің тарихымыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент айтқандай, аға буын өзінің көзқарасы мен дүниетанымына, өз дәуірінің мүддесіне қарай қызмет етті. Енді солардың кейбірін біріне-бірін қарсы қою – ұлттығымызға сын болатын келеңсіз жағдай. Сондықтан оның барлығын сол қалпында қабылдау үлкен парасатты қажет етеді. Алдыңғы аға буын мен зиялы қауым өкілдерінің білімдері мен біліктері кейінгі ұрпаққа өте қажет. Олар қоғамдағы мәселелерді, теріс түсініктерді қалай түзеуге болатынын назардан шет қалдырмауы тиіс. Олар, екінші жағынан, билік пен халықтың арасында алтын көпір болуы керек. Өмірден түйгендері көп, тірліктің түрлі салаларында еңбек еткен азаматтардың жастарға айтатын ақылдары қашанда маңызды.
Сонымен қатар Президент өз сөзінде бабаларымыздың мың жылдық діни білімі мен рухани нұсқауына сүйенуіміз керек екенін ерекше атап өтті.
– Радикалды неофиттар қоғамға жат діни мұраттарды, оның ішінде халқымыздың салтында жоқ киім үлгісін енгізуге ұмтылуы – дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан шабуыл. Дүниеге ақыл-парасатпен қарау және еркін ойлау секілді ханафизмге тән қасиеттер Ислам өркениетінің қайта өрлеуіне жол ашты. Сондай-ақ біздің өңірде өнер-ғылымның өркендеуіне және Әл-Фараби сияқты ұлы ойшылдардың тарих сахнасына шығуына ықпал етті. Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударған жөн. Бұл мәселе бойынша ең әуелі өз еліміздің және шетелдің ғалымдарын шақырып, арнайы симпозиум өткізу қажет, – деді. Қ.Тоқаев.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы құрылтайдың ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын емес екенін, келешекте де ондай болмайтынын еске салды. Бұған дейінгі екі құрылтайда елді дамытуға қатысты маңызды бастамалар көтеріліп, оның біразы орындалғаны сөз болды. Яғни Президенттің өзі «бәрі 100 пайыз жақсы» дегеннен қашып отыр.
– Ең алдымен халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды, ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет, – деді ол.
Руханият өкілдері Мемлекет басшысының құрылтайда кітапхана ісі туралы айтқан ойын іліп әкетті. Көпшілік кітап оқитын ұлт болу үшін бұл қадамның маңызы бар деп есептейді. Әрі көптеген мемлекетте Ұлттық кітап күні аталып өтеді.
– Біз ең алдымен жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр.
Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды іс-шараларды қолға алу қажет. Алматыда кейбір кітапханалар заман талабына сай жаңғыртылды. Онда жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұштауына толық мүмкіндік бар. Облыс әкімдері осы жақсы тәжірибені жалғастыруы керек, – деді Президент.
Құрылтай «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» деп аталды. Ал бұл үштаған кездейсоқ емес, оны табысқа жетуші елдің басты критерийі деп айтуға болады. Себебі адам адал болса, адал еңбек етсе, адал табыс тапса мемлекетіміз дамып, еліміз өркендеп әлемдегі озық елдердің қатарына қосылатынымыз кәміл. Халқымыздың сан ғасыр бойғы қилы тарихы да бұған куә. Қоғамдық институттар мен билік бір мақсатта ұйыса білсе ғана біз болашағы жарқын, қуатты мемлекет құра аламыз. Әрине, заман ағымына ілесе алмасақ, біздің ұлт бәсекеге қабілетті бола алмайды. Сондықтан ертеңгі күні елімізді басқаратын ұрпақ – жастар үшін жаңашылдық пен жасампаздық, бастамашылдық ең негізгі шарттардың бірі болуға тиіс.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.