Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Қылмыскерлер 6 жылдан кейін бір-ақ қолға түсті»: Қызылордалық тергеуші Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ең шулы істер жайлы айтып берді

0 763

Тәуелсіздікпен түлеген азамат. Қызылорда облыстық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Айдарбек Маншариповке осындай теңеу келтіруге болады. Полиция полковнигі 30 жылдан бері тергеу саласында абыройлы қызмет етіп келе жатыр. Өз тәжірибесінде талай күрмеуі қиын қылмыстық істерді ашып, заңды белшесінен басқандарды құрықтаған. Айдарбек Жақсыбекұлы өз ісінің нағыз маманы, өтірік пен шындықты қателеспей ажырата алады. Қылмыскердің психологиясын жете меңгерген, өте мәдениетті адамның өзі ұрлыққа баратынын жақсы біледі. Қызметінің қыр-сыры туралы Айдарбек Маншарипов Stan.kz тілшісіне айтып берген болатын.

Айдарбек Жақсыбекұлы күнделікті қызметтік формасын мақтанышпен киеді. «Полковник» шеңі өзіне қандай жауапкершілік жүктейтінін де жақсы біледі. Арада 30 жыл өтсе де, алғаш рет әкесімен Қарағанды қаласына арман қуып барғаны әлі есінде. Жоғары полиция мектебіне оқуға қабылданып, жүрегімен ант қабылдағанын ұмытпадым дейді.

«1990  жылдан бастап ҚР ІІМ Қарағанды жоғарғы мектебіне алғаш рет жалпы орта білім алған түлектер қабылдана бастаған болатын. Солардың қатарында менде болдым.
1991 жылы Кеңес Одағы тарады. Сол кезде мен 18 жаста едім. Бойымда болашағыма деген күдік басым болғанын жасырмаймын. “Енді халықтың жағдайы не болмақ? Ішкі істер органы қалай өзгереді?” деген сұрақтар жаңғырып тұрды. Олай дейтін себебім, енді бой көтеріп жатқан Тәуелсіз Қазақстанның халқы көп қиыншылықты бастарынан өткізді. Өз нарығын енді жүйелеп жатқан елде тапшылық болды. Жұрт саудамен айналысып кетті. Халық тапқан-таянғанымен өмір сүрді. Бірі мал бақса, бірі егін екті. Мен қайткенде де құқық қорғау органында жұмыста қаламын деп шештім. Осы шешімім үшін ешқашан өкінген емеспін», – дейді Айдарбек Жақсыбекұлы.

Айдарбек Маншарипов еңбек жолын қарапайым қатардағы қызметкер болып бастаған. 1996 жылы Қызылорда облысында мемлекеттік тергеу комитеті құрылып, қызметін сонда жалғастырған. Кейін аудандық Ішкі істер бөлімдерін басқарып, жүктелген міндеттерді абыроймен атқара білген. Тәжірибелі полицей Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қоғамның алай-дүлей болғанын айтады. Өңірде қылмыстың да өршіген кезі осы уақытқа сәйкес келген екен. Жұмыстың көп болғаны соншалық, кейбір тәртіп сақшылары үйлеріне қайтпай еңбек етуге мәжбүр болған.

«90-жылдары халық тамақтан қысылды. Соның салдарынан азық-түлік пен мал ұрлығы көп орын алды. Мұнымен қатар, сол кезден бастап есірткі қылмысы да өрши бастады. Аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері күндіз негізгі қызметін атқарса, түннің екінші жартысында кезекшілікке түсіп, көше аралап, қылмыстардың алдын алу бағытында жұмыстар атқарды. Мен сол жылдары Жалағаш аудандық ішкі істер бөлімінде қылмыстық іздестіру бөлімінің жедел уәкілі, тергеушісі қызметтерінде еңбек еттім. Ол кезде көлік жоқ, арнайы техникалық құралдар ескірген. Қылмыстық іс бойынша ауылдарға жету үшін қоғамдық көлікпен қатынап, тергеу әрекеттерін жасап, кері қайтатынбыз. Себебі қылмыстық процеске қатысушылар қаржылық жағдайы болмауына байланысты аудан орталығына келу мүмкіншіліктері болмады. Талай қиын күндерді бастан өткердік», – дейді полиция полковнигі.

Айдарбек Маншарипов әріптестерімен иық тіресе жүріп, талай қылмыстық істердің бетін ашқан. Айтуынша, көпті әбігерге салған қылмыстардың желісі 1998 жылы басталған. Сол жылдары Қызылорда облысында таксистер бірінен соң бірі жоғала бастаған. Шопыр да жоқ, көлік те жоқ. Ішкі істер бөліміне жақынын іздеп жылаған әйелдер мен аналар көп арызданған. Ерекше кәсіби біліктілікті қажет ететін істі ашу үшін тергеу тобының жетекшісі болып Айдарбек Жақсыбекұлы бекітіліпті.

«Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ай-күннің амандығыңда таксистер жоғалатын болды. Халық арасында түрлі қауесет әңгімелер тарады. Кейбір ер кісілер такси болуға қорқатын болды. Әлі күнге дейін бұл істі ұмытқан жоқпын. Қылмыскерлер аса қатыгездікпен 6 жүргізушіні өлтіріп, көліктерін пайдаға жаратқан. Кісі өлтірушілерді 6 жыл дегенде әрең құрықтадық. Талай түн ұйқысыз өтті, көп жұмыс атқарылды. Нәтижесінде бас пайдалары үшін адам өлтіруге барған екі қызылордалық ұсталды. Сотта күдіктілердің қылмысы толық дәлелденді. «Өлім жазасына» мораторий жарияланғандықтан, олар өмір бойы бас бостандықтарынан айырылды. Бұл менің еңбек тәжірибемде ең қиын істердің бірі болатын», – дейді полицей.

Расымен, 90-жылдары ел экономикасының тұрақталмаған, халықтың қаржылай қиындықтарды бастан өткерген кезі. Соның кесірінен, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында есірткі бизнесі ерекше дамыған еді, деп еске алады полицей. Айдарбек Жақсыбекұлы күдікті азаматты қарапайым тексерудің соңы, қалай үлкен қылмыстық істі ашуға көмектескені туралы да айтып берді.

«1998 жылдың жаз мезгілі болатын. Жалағаш ауданындағы вокзал перонында бір азамат күдік тудырды. Тексеру кезінде ол кісіден гашиш табылды. Күдікті есірткі затын Ресей Федерациясындағы Липецк қаласына алып бара жатқанын көрсетті. Осының негізінде есірткі затының контрабандасы дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Осы қылмыстық істің төңірегінде жүргізілген тергеу әрекеттері мен жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 8 тұлғаға қатысты 11 эпизод қылмыстық іс қозғалып, осы есірткі затының егілген алқабы анықталды. Үлкен арнайы операция  нәтижесінде қылмыскерлер құрықталды», – дейді Айдарбек Жақсыбекұлы.

Бір өкініштісі, 90-жылдары жасөспірімдер арасында да қылмыс өршіген. Айдарбек Маншарипов кәмелетке толмағандардан құралған қылмыстық топпен күрес болғанын айтады. Мектеп оқушылары түн мезгілінде үйлерге кіріп, бағалы заттар мен азық-түліктерді ұрлайтын болған. Кісі шеберліктің арқасында ғана көп эпизодты қылмыстың жолын кесу мүмкін болған.

«Тергеуші – қылмыс орын алған жердегі ең басты адам. Жедел топ пен криминалистер тергеушінің бағытымен жұмыс жасайды. Бұл ретте тергеуші өте салқынқанды болу керек деп ойлаймын. Сол кезде қылмысты тез ашуға мүмкіндік көп. Әрине, адам болған соң, эмоция болады. Бірақ нағыз маман өзіне жүктелген міндеттерді ұмытпауы керек. Мен еңбек өтілімде осы принципке сүйеніп, қызмет жасап келе жатырмын», – дейді полковник.

Бүгінде Айдарбек Маншарипов өзінен кейін өсіп келе жатқан жас мамандармен тәжірибе бөлісіп келеді. Жинақталған тәжірибе мен білімнің пайдасы болғанын қалайды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.