Утилизациялық алым ставкалары ақпан айының соңына дейін өзгереді. Бұл туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлімдеді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Министр кабельді-өткізгіш өнімдеріне утилизациялық алым жинау 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін тоқтатылғанын айтты.
«Ставкаларды қайта қарауды индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп осы айдың соңына дейін аяқтаймыз», – деді Брекешев үкімет отырысында.
Айта кетері, утилизациялық алымды әкімшілендіру және жиналған қаражатқа иелік ету функциялары толықтай мемлекетке тиесілі «Жасыл даму» компаниясына берілді.
Компанияның директорлар құрамы бекітілді. Оған қоғам өкілдері кірді.
Еске салсақ, Қазақстанда жеңіл көліктерге арналған утилизациялық алым 2016 жылы енгізілген болатын. Ал 2019 жылы ауыл шаруашылығы техникасына қолданыла бастады. «Оператор «РОП-тың» бес жылдық жұмысы нәтижесінде 579 миллиард теңгенің утилизациялық алымы төленді.