Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тыныштық – тілегіміз, татулық – тірегіміз

0 314
  Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімі №27 бөбекжай-бақшасында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаланы жүзеге асыру және ілгерілету мақсатында «Тыныштық – тілегіміз, татулық – тірегіміз» атты Қазақстан халықтарының достығы фестивалі ұйымдастырылды. 

Фестивальді бөбекжай-бақша меңгерушісі Сулейманова Алтынкүл Шындалықызы ашты.

– Ел иесі, жер иесі саналатын қазақ халқы алмағайып замандарда шартараптан бас сауғалаған, тағдыр тәлкегімен босып келген басқа жұртты бауырына басты. Өзінің тоз-тозы шыққанына қарамастан, басқаның қайғысына да ортақтығын танытты.

Кеңестік жүйе қыспағымен қазақ даласын паналаған бөтен жұрт осында мәңгілік тұрақтап қалды. Бүгінде бөбекжай-бақшада 41 педагог бала тәрбиелеу ісімен айналысуда. Оның ішінде 32 педагог қазақ ұлтынан болса, 3 орыс ұлты, 5 өзбек ұлты, 1 қырғыз ұлты бар. Сондай-ақ бөбекжай-бақшада 96 қазақ, 114 қырғыз, 95 өзбек, 19 орыс, 5 татар, 2 кәріс, 2 дүнген, 2 тәжік ұлтының балалары тәрбиеленуде.

Осылайша, біздің тәуелсіз Қазақстан мемлекетімізде 130-дан астам ұлт өкілдері тату-тәтті тұрып келеді. Қазақ халқына тән қонақжайлылықпен барша ұлттарды бауырына басқан елміз, – дей келе, фестивальдің ұйымдастырылу мақсатын айтып, қатысушыларды ел татулығын сақтап қалуға үлес қосуға шақырды.

Фестиваль тоқырау заманындағы халықтың бастан кешкен қиын кезеңдерін бейнелеген бейнероликті көрумен басталды. Педагогтердің басты міндеті жас ұрпақтың бойында береке-бірлік, татулық туралы түсініктерін қалыптастыру, балаларды татулыққа, бірлікке, достыққа тәрбиелеу болды. Тәрбиешілер мен тәрбиеленушілер әр ұлттың әндерін айтып, билерін билеп, өнерлерін көрсетті, ұлттық құндылықтарын бейнелейтін көрме ұйымдастырылды.

Фестиваль барысында бөбекжай-бақшаға келетін балалар құрамы көп ұлтты бола тұра, балалар арасындағы достық, татулық сынды адами құндылықтар балалар бойында қалыптасып үлгергені байқалды. Бұл – біздің еліміздің ең басты байлығы.

Сондай-ақ фестивальге арнайы келген поляк халқының өкілі Араксия Ваграмовна: «Қиын-қыстау жылдарда солақай саясатқа байланысты қоныс аударып келген өзге ұлт өкілдеріне қазақ елі айқара құшақ жайып, ауызбіршіліктің, сыйластықтың нәтижесінде Қазақстан көп ұлтты ынтымағы жарасқан бейбіт елге айналып отыр.

Қазақ елі – құшағы ыстық, құлашы кең-байтақ өлке. Мен қазақ халқының мұндай мейiрбандығын, қонақжайлылығын, кеңпейiлдiлiгiн үнемi үлгі етiп келемiн», – деп қазақ халқына деген ерекше ықыласын білдірді.

Қазақстанда қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Достық пен ынтымақты ту етіп, бірлік пен татулықты жыр еткен барша Қазақстан халықтарының мызғымас достығы мен бірлігі мәңгі жасай берсін!

Нұрсұлу Кенжекулова,
бөбекжай-бақша әдіскері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.