Қалалық қоғамдық-саяси газет

Туризм тек тұрақты елде дамиды

0 109

Халыққа кезекті Жолдауын арнаған Президент ең әуелі Әділетті Қазақстанды құруымыз керектігін шегелеп айтты. Осы мақсатта еліміздің алдағы бағыт-бағдарын айқындап, саяси, экономикалық реформалардың жалғаса беретінін жеткізді.

Жолдаудың басым бөлігі саяси шешімдер қабылдаудағы шекті айқындық, тұрақты жаңару, ашық бәсекелестік қағидаларына негізделді. Әрине, биліктің өкілді органдарын жаңарту, Мәжіліс пен мәслихаттарды қалыптастырудың жаңа қағидаттары атқарушы органдар, яғни Үкімет пен әкімдіктерді кешенді түрде трансформациялаумен тығыз байланысты. Осы арқылы келешекте Үкімет құрамына көп дауыс жинаған партияның өкілдері ғана емес, қоғам белсенділерінің де енуіне мүмкіндік туады.

Қазіргідей күрделі геосаяси жағдайда мемлекеттің ішкі реформаларының орнықтылығы – өте маңызды мәселе. Президент ұсынған Әділетті Қазақстан тұжырымдамасы да осыны көздейді.

Тұтастай алғанда, Жолдауда ұсынылған барлық саяси бастамалар біздің мемлекеттік құрылымымыздың «Қуатты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» негізгі формуласын нақты мазмұнмен толықтырады.

Яғни кешенді реформалар бүкіл саяси жүйені қайта құруға мүмкіндік береді.
Президент кезекті Жолдауында экономикалық даму, мемлекеттік басқару ісін жаңғырту, өнеркәсіпті күшейту, білім және ғылым, мәдениет, бизнес салаларына айқын тоқталды. Әсіресе ең төменгі жалақыны 70 мың теңгеге дейін өсіру, бала күтіміне берілетін төлемді бір жарым жасқа дейін ұзарту, Ұлттық қор табысының 50 пайызын балалардың есепшотына жинау, әйелдердің зейнетке шығу жасын 61-ге дейін төмендету, қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жариялау, шетелден әкелінген көліктерді 200-250 мың теңгеге заңдастыру сынды тапсырмалар халықтың жүрегін жылытты.

Мемлекеті тұрақты болса, халқы қуатты болады. Ал тұрақты елге шет мемлекеттерден келетін қонақтардың қарасы көбейеді. Соның нәтижесінде туризм саласы қанат жаяды. Туризм – Қазақстан экономикасындағы қарқынды салалардың бірі. Халықаралық сарапшылардың пікіріне сүйенсек, аталған сала көп елдерде жалпы ішкі өнімнің қалыптасуына, қосымша жұмыс орнын арттыруға, сыртқы сауда балансының белсенділігіне ықпал етуде.

Соңғы жылдары туризм әлемдегі ең табысты бизнестің біріне де айналып үлгерді. Оның жылдан-жылға маңызы артып жатқандықтан, халықаралық байланыста және валюталық түсім көзі ретінде көп мемлекеттер аталмыш салаға баса назар аударуда. Міне, сондықтан елімізде бұған бет бұрып, барынша көңіл бөлуде. Мәселен, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі біздің өңір арқылы өтеді. Бұл біздегі Айша бибі, Қарахан, Бабаджа хатун кесенелері, Керей мен Жәнібек ескерткіштері, «Ақыртас» және «Тектұрмас» этнотарихи кешені сияқты тарихи-мәдени нысандарды тамашалауға келетін саяхатшыларға мол мүмкіндік туғызбақ. Бұл өз кезегінде экономикамызды өркендетеді.

Біржан КҮЗЕМБЕКОВ, облыстық туризм басқармасының басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.