Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тоқаев Мысыр президентін Қазақстанға шақырды

0 301

Мемлекет басшысы Мысыр Араб Республикасының Президенті Әбдел Фаттах ас-Сисимен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі nege.kz сайтына сілтеме жасап.

«Мысыр тарапының бастамасымен ұйымдастырылған жоғары деңгейдегі сұхбат барысында Мемлекеттер басшылары екіжақты қатынастардың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылады», – делінген бейсенбідегі хабарда.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-мысыр байланыстарының тамыры терең болғанымен, екі ел арасындағы қазіргі дипломатиялық қатынастардың орнағанына биыл 30 жыл ғана толғанын атап өтті. Осы мерзім ішінде екіжақты ынтымақтастықтың әртүрлі саласы бойынша бірқатар жетістікке қол жеткізілді. Дегенмен, бүгінгі таңда екі елдің бұл бағыттағы әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанына назар аударған Қазақстан Президенті мысыр тарапын сауда-экономика саласындағы ықпалдастықты дамытуға шақырды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қаңтар оқиғасына қатысты алаңдаушылық танытып, ниеттестік білдіргені үшін Әбдел Фаттах ас-Сиси мен мысыр халқына алғысын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі жағдайдың тұрақталғанын атап өтіп, әлеуметтік-экономикалық қайта құрудың жаңа стратегиясын жүзеге асыру шаралары қабылданғанына тоқталды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқының болашаққа нық сеніммен қарайтынын жеткізді.

Сұхбат соңында Мемлекет басшысы Мысыр Президентін Қазақстанға өзіне қолайлы мерзімде сапармен келуге шақырды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.