Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Террористердің ұрлап көмген мүрдесі табылды»: Олар кімдер?

0 201

Полиция Алматыдағы «Қаңтар қырғынан» кейін мәйітханалардан ұрланған мүрделердің жеке басы анықталғаны туралы хабарлады. Олар кімдер? Тілшіміз анықтауға тырысты. 

 

Nege.kz тілшісі ІІМ-нің баспасөз қызметіне хабарласқан. Ондағылар бұл сұрақты Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбекке қою керек екенін айтты.

«Қылмыстық істің тергеуі бітпейінше, бұл сұрақтарға жауап бере алмаймыз. Өйткені қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабының талаптарына сай, тергеу мәліметтері жария етілмейді», – деді Салтанат Әзірбек. 

Естеріңізде болса, қалалық полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов Алматы мәйітханасынан лаңкестік кезінде қаза тапқан адамдардың 41 мәйіті ұрланғанын хабарлаған болатын.

«Шабуылдарды қару-жарақты, ұрыс әдістерін жетік меңгерген кәсіби дайындалған адамдар жүргізді. Жағдай кезінде қаза тапқандар мен жарақат алғандарды шабуылшылар өздерімен бірге алып кетті. Сол күндері мәйітханаға жеті шабуыл жасалып, қайтыс болғандардың 41 денесін белгісіз адамдар ұрлап әкетті», – деді ол.

Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігінің қоғаммен байланыс департаментінің директоры Әсел Артакшинова шабуылшылар ем алғаннан кейін «қарулы адамдармен бірге ауруханалардан кетті, олар тіпті жансақтау бөлімнен де кетті» деп мәлімдеді.

«Алматы қалалық Полиция департаменті мәселе денелері зерттелмей әкетілген мәйіттердің жерленген орындарының табылғаны туралы болып отырғанын хабарлайды. Олардың жеке басы анықталды. Сот-медициналық сараптамалар ҚР Қылмыстық іс жүргізу заңына сәйкес жүргізілетін болады», – делінген қалалық Полиция департаментінің баспасөз хабарламасында.

Алайда, жеті рет шабуыл жасап, қайтыс болғандардың 41 денесін ұрлап әкетті дегенге сенетіндер аз. Полиция «жеке басы анықталды» деп хабарлағанымен, олардың кімдер екенін айтпады. Шынымен де террористер ме, әлде бүлік кезінде жазықсыз оққа ұшқан бейбіт адамдар ма? Қоғамда сұрақ көп. Сондықтан полиция ештеңені жасырмай, ақпаратты ашық таратқаны дұрыс болмақ.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.