Тоғыз жолдың торабы, отарбаның отаны саналатын Меркі ауданы – қай кезде де өндірісімен танылған өлке. Мұнда әсіресе қант, май, мұнай өндірісі өрістеп, үлкен жанар-жағармай қоймасы да халыққа қызмет көрсетуде. Аталған өнімдердің дені теміржолмен тасымалданатындықтан, кәсіпкерлер жүк пойызының қызметіне тәуелді. Алайда тауарларды тасымалдау тарифі Луговой телімаралық станциясынан кейін күрт көтеріліп кететіндігі кәсіпкерлердің шағымын туғызып отыр.
Меркілік кәсіпкер Совет Құлмамбетовтің айтуынша, Луговой станциясы мен Қырғызстанмен шекаралас Шалдавар станциясы арасындағы 41 шақырым болат жол толықтай айырқалпақты ағайынға қарайды екен. Сол себепті тасымалдау құны шарықтап кетуде. Бұл мәселе Парламент Мәжілісі депутаттарының құлағына жетсе де, әлі күнге шешімін таппапты.
– Бірер жыл бұрын Луговой мен Меркі станциясы аралығына екінші теміржол салып, ол толықтай Қазақстан теміржолына өтіп, оны электрлендіру мәселесі көтерілген болатын. Алайда жоба аяқсыз қалды. Соның салдарынан меркілік кәсіпкерлер тауарларын Луговой станциясына дейін қазақстандық тарифпен әкеледі де, одан кейін қырғызстандық тарифке ауысады. Ал ол екі есе шығын. Доллар бағамы тұрақсыз болғандықтан, тариф күнде құбылып тұрады. Сондықтан кәсіпкерлерге қазақстандық тарифті қойып берсе, анағұрлым тиімді болар еді.
Тағы бір мәселе, шикізат тиелген вагондар Луговой станциясында апталап тұрып қалады. Себебі вагондар жиналмай, маневрлық тепловоздар қозғалмайды. Ол тепловоздар да Қырғызстанға қарайды.
Кейбір кәсіпкерлер тепловоздың қозғалғанын күте алмай, тауарларды түсіріп алып, жүк көліктерімен алып кетіп жатады. Алайда ауыр тауарлар тиелген жүк көліктерінің кесірінен жолдың талқаны шығуда. Оны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Осылайша өз жолымызбен өзіміз жүре алмайтын күйге түстік, – дейді кәсіпкер.
Шынында, бұл таңғалатын нәрсе екен. Теміржол Қазақстан жерінде тұрып, не себепті қырғыздарға тәуелді болуымыз керек? Мәселенің ақ-қарасына жету үшін «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС «ЖТ – Жамбыл бөлімшесі» филиалы директорының логистика бойынша орынбасары Әділ Түсіповке хабарластық.
– Жыл басында Парламент Мәжілісі депутаттары тарапынан сауал жолданып, бұл мәселе көктемде қаралды. Бірақ ол жолы тек Меркі қант зауытының шикізат тасымалдау қозғалысы зерделенді. Сол себепті бүгінгі күнге дейін еліміздің ішкі нарығындағы тауарлар Меркі станциясына дейін ғана қазақстандық тарифпен тасымалдануда.