Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тегін заңгерлік көмектен күтер көп

0 188

Халықтың әлеуметтік осал топтарына өмірлік маңызды мәселелерді шешуде тегін заңгерлік көмек көрсету мақсатында Жамбыл облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «Адал көмек» жобасын белсенді түрде жүзеге асыруда. Аталған жоба аясында жуырда Тараз қалалық халыққа қызмет көрсету орталығының №1 алаңында алғаш рет тұрғын үй, жер алу мәселелері, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бойынша азаматтарды қабылдау өтті.

Көмек беру алаңында Тараз қаласы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Беркінбек Бижігітов, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ филиалы директорының орынбасары Данияр Медетбеков, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің Превенция басқармасының басшысы Дәурен Омаров, тұрғын үй қатынастары, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерінің өкілдері өз қызметтерін ұсынды. Шара барысында алдын ала тіркелген азаматтар ғана емес, ХҚКО-ға аталған мәселемен келген азаматтар да мемлекеттік органдардың басшылығының заңгерлік кеңесін тыңдауға мүмкіндік алды.
Қабылдау барысында 30-дан астам қала тұрғыны түрлі мәселелер бойынша түсініктеме алды. Сондай-ақ қалалық емханалардағы комплаенс-қызметкерлерінің арқасында екі азамат дәрі-дәрмектеріне қолдары жетті. Жоба аясында кейбір мәселелер заң нормаларына сәйкес одан әрі шешу үшін мемлекеттік органдардың және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің лауазымды тұлғаларының бақылауына алынды.
Тегін заңгерлік көмек көрсету үшін бұл салалар кездейсоқ таңдалмаған. Өйткені тараздықтар арасында жер телімдерін бөлу, мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу мәселелері бүгінге дейін өзекті болып келеді. Әсіресе жеке тұрғын үй құрылысына 10 гектар жерді алу жолдары, баспана алуға қажетті құжаттар мен мемлекеттен пәтер алу тәртібі, кезекке тұру үшін жасалатын әрекеттер мен мемлекеттік бағдарламаларға қатысты сұрақтар жиі қойылады.
Сіз коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға жазылу үшін https://zhilfondtaraz.kz/onlain-servisy/poisk-ocheredi-na-zhile ақпараттық сервистік платформасында ғана өтініш бере аласыз.
Ақпараттық қызметке қолжетімділік Қазақстан Республикасының азаматтарына электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, пайдаланушы шартына қол қойған кезде беріледі. «Ақпарат» бөлімінде пайдаланушыны тіркеуге, кезекке тұруға өтініш беруге арналған бейненұсқаулары және пайдаланушының жеке кабинетіне жалпы шолу кіреді. Сонымен қатар бұл қызмет үйден шықпай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу кезегіңіздің орындалу барысын қадағалауға, кезектегі мәліметтерді өңдеуге өтініш беруге, кезектен шығаруға өтініш беруге мүмкіндік береді.

Лаура АБАЙҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.