Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Таяқпен ұрып, кірпіш лақтырады»: Алматыда ерлі-зайыпты бағып алған балаларын қалай қинағаны туралы көршілері айтып берді

0 344

Алматы облысында бағып алған балаларын ұрғандардың көршілері олар туралы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап.

Балалар қазір балалар үйіне уақытша орналастырылды. Құзырлы орындар көршілердің шақыртуымен келіпті. Айтуларынша, ерлі-зайыптылар асырап алған төрт баланы ұрып-соғып, таңнан қара кешке дейін жұмысқа жегеді. Тіпті жетім балаларды қамқорлығына алғандар араққа сылқия тойып алып, жеткіншектерге күн көрсетпейді дейді көршілері. Осы жайтқа қатысты іс қозғалып, тексеру жүріп жатыр. Ал арнайы құрылған комиссия осы отбасыға балаларды қайтадан қамқорлыққа беру немесе сол құқықтан айыру мәселесін қарастыруда.

Асырап алған балаларын ұрып-соққан ата-ананың видеосы 27 тамызда түсірілген. Кадрда қолына балта ұстаған келіншек ұл-қыздарын балағаттап, қол көтергенін анық байқауға болады. Өгей әке де қарап қалмай, бірін шапалақпен жазаға тартып, енді біріне оқтау лақтыруда.

Ерлі-зайыптылардың озбыр әрекетін таспаға түсіріп, әлеуметтік желіге таратқан көршілері екен. Гүлсара әжей жетім балалардың құлындаған даусы шыққанда өзімді қоярға жер таппадым деп отыр. Оның айтуынша, араққа сылқия тойып алатын ата-ана өгей балаларын жиі тоқпақтап, құлша жұмсайтын көрінеді.

“Мына видео жазылған ғой. Одан да бетер болады. Ұрып-соғады. Есігін құлыптап қояды. Балалар шыға алмай қалады. Таяқпен ұрады. Кірпіш лақтырады. Тебеді. Басынан ұрады. Соғады. Көрдік қой олардың барлығын. Бірақ оларды видеоға түсірмедік. Арақ ішкен күндері қозып, балаларды қудалайды. “Қойсаңшы, балаларды қинамасаңшы“ дедім. Тыңдамайды”, – дейді Байсерке ауылының тұрғыны Гүлсара Исанбетова.

Ескертуді елемейтін отбасы қамқорлығына алған төрт баланы қара жұмысқа да жегіп, күн көрсетпейді дейді Байсерке ауылының тұрғындары.

“Мұндай жағдай бірінші рет болып тұрған жоқ. Үнемі балалар айғайлап, көмек сұрап жатады. Біз өткен жылы тиісті органға хабарлағанбыз. Сол уақытта бұл отбасы үйінің ауласындағы монша мен сарайды осы кішкентай балаларға салдыртқан. Он жастан асқан ұлдардың 17 келілік кірпіш тасып жүргенін көргенде жүрегім ауырған. Видеоға түсірдік. Бірақ білім бөлімдегілер ешқандай шара қолданған жоқ”, – дейді Байсерке ауылының тұрғыны Қахрамон Исанбетов.

Зура Өмірзақова 18-ге енді толған ұлына ара-тұра қол көтеретінін жасырмайды. Ал асырап алған өзге ұл-қызыма қол ұшымды тигізбеймін деп ант-су ішті. Көршілерінің сөзін жоққа шығарған әйел кейде ашуға беріліп, үлкен ұлы Никитаны шапалақпен салып жіберетінім бар деп ақталды.

“Ұрлық жасағаннан кейін, өтірік айтқаннан кейін “жасың 18-ге келді ғой“ деп, ақылымды айтқам. Ешқандай арам ойым болған жоқ. Бір айттым. Екі айттым. Тіл алмаған соң, ұрдым. “Қойыңдар” деп дауыс көтеретін шығармын. Бірақ балағаттамаймын. Мен дұрыс тәрбие беріп жатырмын деп ойлаймын”, – дейді Зура Өмірзақова.

Еске салсақ, осыдан бес жыл бұрын Зура Өмірзақованың күйеуі өзін және екі бірдей баласын тірідей өртеп, барлығы көз жұмған еді. Бірақ бұл қайғылы жағдайдан аудандық білім бөлімдегілер бейхабар. Олар полициямен бірге сол үйге барып, көздері жәутеңдеген балаларды алып кеткендерін жеткізді. Ал жетім балаларды бауырына басуға ниет білдірген отбасыны егжей-тегжейлі тексереміз дейді мамандар. Тіпті бала асырап алатын ата-аналар арнайы психологиялық даярлықтан да өтеді екен.

“27 тамыз күні мектеп тарапынан сигнал түсті. Сол бойынша полиция қызметкерлерімен мекенжайға шықтық. Балалар тартып алынды. Видео тарау бойынша. Қамқоршы Өмірзақова Зура психологиялық даярлықтан өткен. Қолында сертификаты бар. Сертификат алған адам үш айлық оқуды өтеді. Тәрбиелеуге дайын деп саналады”, – дейді  Іле ауданы білім бөлімінің бас маманы Ботагөз Төлеубекова.

Өгей әке-шешесінен қорлық көрген үш ұл мен бір қыз менің ту сыртымдағы жекеменшік балалар үйіне уақытша орналастырылған. Ал асырап алған балалаларына қол көтерген ерлі-зайыптыларға қатысты әкімшілік іс қозғалып, сотқа жолданды. Жуан жұдырықты ата-ана осы төрт баланы қамқорлыққа алу немесе одан айыру шешімі ертең арнайы құрылған комиссия отырысында қабылданбақ.

Еске салсақ, осыған дейін Желіде Алматы облысы Іле ауданындағы отбасылардың бірінде асырап алушылардың кәмелетке толмаған балаларға қатыгездікпен қараған видеосы тараған болатын.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.