Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тау тұлғаның қайраткерлік қыры

0 201

Ерман ӘБДИЕВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Ақпарат саласының үздігі

Соғыс жылдары, яғни 1943 жылдың қаһарлы қысында батыр Бауыржан Момышұлы елге келеді. Ауыл болып колхоз басқармасы кеңсесінің алдында батырмен кездесу өтеді. Сонда батырдың аузынан шыққан әр сөзге құлақ түрген ауылдастардың ортасында он бір жасар қара домалақ Шерхан бала да бар еді. «Сол жолы санама сіңген батырдың даналық сөздері кейін өміріме өзек болды», – дейді Шер-аға бір естелігінде. Жалпы Бауыржан Момышұлының Шер-ағаның әкесі Мұртаза ағасына деген құрметі жоғары болған. Сол сабақтастықты үзбеген Бауыржан мен Шерхан өмір бойы ағалы-інілі болып сыйласып өтті.

Осы оқиғаны Шерхан Мұртаза 1951 жылы наурыз айында небәрі 23 жасында екі дүркін Кеңес Одағының Батыры атанған аңыз адам, 29 жасында КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты болған Талғат Бигелдиновпен кездескенде айтып берген болатын. Сол жолы Жоғары Кеңестің кезектің сессиясына КСРО құрамындағы 15 одақтас мемлекеттің түкпір-түкпірінен депутаттар Мәскеуге жиналып жатты. Әрине, оның қатарында Қазақстаннан да сайланған депутаттар болатын. Осы жылдары Мәскеу полиграфиялық институтында оқып жүрген 19 жастағы студент Шерхан Мұртаза өзінің әлеуметтік жағдайын айтып, әрі қолға алған аударма ісі бойынша баспалармен байланыс орнатуға көмек болар деген ниетпен Оңтүстік Қазастан облысынан сайланған депутат Ермековке жолықпақшы болады. Алайда жас студент «Европа» қонақ үйіне орналасқан депутаттар тізімінен Талғат Бигелдиновтің есімін көріп қалып, аңыз адамға жолығуды мұрат етеді. Мұң-мұқтажын да сол кісіге жеткізеді. Т.Бигелдинов сол жолы Шерханның Бауыржанның ауылынан екенін біліп, батыр туралы көп сұрайды. Ондайда шабыттанып кететін Шер-аға туған өлкесі, батырдың жастық шағы жайында көп әңгіме айтып береді. Талғат Бигелдинов көзінен жалын атып тұрған жас жігіттің қандай мақсатпен келгенін де сұрамастан, көмек қолын созуға уәде береді. Міне, Шерхан Мұртазаның қайраткерлік жолының бастауы осы кезеңге сай келеді. Ал Шер-ағаның Жамбыл қаласындағы интернат-пансионда үш жыл бірге оқыған сыныптасы, бүгінде тоқсанның төріне шығып отырған Құрметті теміржолшы Әбдуәлі Данаев Шерхан Мұртазаның қайраткерлік жолы жоғары сыныпта басталғанын алға артады. «Біз жоғары сыныпта оқып жүргенде интернатқа қарама-қарсы бетте орыс училищесі болды. Ересек балалар бізге тыныштық бермейтін. Сол тұста Шерхан екі жақтың тілін тауып, мәмілеге келуімізге мұрындық болып жүретін. Егер жаға ұстаса кететін болсақ, интернаттағы біздің тағдырымыз не боларын білді ол», – дейді қарт теміржолшы.
Өмір үшін күрес, алдағы мақсат-мұраттарға деген ұмтылыс, шығармашылық құлшыныс осы кездесуде шабыт беріп, соқтықпалы, соқпақты өмір жолындағы барлық кедергілермен күресуге дайын тұрды жас жігіт. Студенттік жылдарындағы қиындықтар, ауылдағы жесір анасына, бауырларына деген сағынышы – жас Шерханның бойына қуат беріп, күш жинап, тынымсыз еңбек етті. Сол кездегі 15 мемлекеттің Отаны, жүрегі Мәскеудегі баспаларды аралай жүріп, аударма ісіне белсене кірісті. Тіпті кейде Мәскеуде білім алып жүрген сыныптасы, тұстастары Қаратай Тұрысов бастаған қатарларына оқып беріп, бағасын да алып жүрді. Бұл өзін-өзі шыңдау мектебі болды.
Шер-аға 1953 жылы қараша айының 16-сы күні күнделігіне мынадай жазба қалдырыпты: «Мен бүгіннен бастап радиоақпарат редакциясында корреспондентпін. Алғашқы тапсырманы орындадым. Бүгін Мәскеудегі тарих және қалпына келтіру музейінде болдым. Музейдің ғылыми қызметкерімен тілдестім. Менің кейіпкерім өзі айтқандай, (Алматыдан) «жерлесім» болып шықты. Радиодағы әдеби қызметкер менің жұмысымды жақсы қабылдады. Орловаға (БЛКЖО ОК қызметкері) телефон шалдым. Келесі аптада жұмыс болады деді». Аудармамен айналысып, кейін жергілікті баспа, газет-журнал, радиода қызмет ету, қосымша табыс табу Мәскеу полиграфиялық институты редакциялық-баспа факультеті студентінің оң жамбасына келген секілді. Оның үстіне осыған Т.Бигелдинов қозғау салғаны да анық.
Өзінің алған білімі бойынша туған еліне, Отанына қызмет ету Шерхан Мұртаза үшін үлкен мұраттардың бірі болды. Ол бұған ертерек қамданып, Алматыдағы баспалар мен газет-журнал, радиолармен тығыз байланыс орната бастады.
Шер-ағаның 1954 жылы 4 наурыз күні күнделігіне жазған жазбасына үңілейікші. «Бүгін сағат азанғы 7-де тұрдым. Күнде 11-12-де тұратын басым бүгін әрең оянып, амалсыз көтерілдім. Кеше Алматымен сөйлесуге заказ беріп қойған едім. Сағат 8-де телефонға бардым. Күдік пен қуаныш араласып, кабинаға кірдім. Мен күткен Көркем әдебиет баспасының директоры Балтағожиннің орнына оның әйелі сөйлеп тұр. Жеңгейдің дауысы алдымен тіптен сыпайы естіліп, біраздан соң менің студент екенімді біліп, ыңыранып, ыңқылдауға көшті. Жол болмады. Директор командировкаға кетіп қалыпты. Сонау қыбыр-шығаспен, 4000 километрлік қашықтықпен сөйлесіп тұрғанда, құлағыңа тәкаппар қатынның ыңыранған ұнамсыз тарғыл дауысынан басқа түк естімеген соң ыза болады екенсің. Трубканы қайсысымыз бұрын ілгенімізді білмеймін. Сөйлесу екі минуттан артыққа созылмады. Заказ бойынша 5 минут еді. Қапаланғаннан ақшаны қайтып сұрамадым да». Бірақ бұған жас жігіт қапаланбады. Араға үш ай салып Алматыға келгенде Балтағожинге бетпе-бет жолығады, мәселе шешіледі. Штарц екі айға қызметке алады. Мұны Шер-аға «аударма жақсылыққа жақын» деп жақсылыққа жорыды.
Бұдан кейінгі Шерхан Мұртазаның өмір жолы шығармашылыққа байланып, қызметтің жолы республикалық басылымдарда өтті. Қоғам және мемлекет қайраткері болып қалыптасудағы ұлы баспалдақтар ұлы күрестермен, шиеленістермен, ізденістермен келетінін іштей сезді де. Және осы мұраттар жолында тынбады. Оған дайындығын өзінің бір естелігінде былай деп жазды: «Менен бұрын біздің тұқымда жоғары білімді адам болған жоқ. Егер біздің ата-тегіміздің тізімін жасаса, мен келген буынның тұсына үлкен леп белгісін қою керек. Әлеуметтік, психологиялық үлкен бетбұрыстың бір бекеті деу керек. Бұл тақырып».
Адами болмыс, азаматтық парыз, парасатты пайым, арман-мұраттар жолындағы даңғыл осылай басталды. Қаймықпады, қасқайып тұрып шындықты айтты. Жасымады, жалындап шоқтай жанды. Күресті, кемелінің толымын білді. Тіпті 1971 жылы Қазақстан ЛКЖО ОК Бюро мүшесінен босатқанда, мінберде тұрып: «Мен ана сүтімен өстім, комсомолдың рухында тәрбиелендім. Менің бойымда қандай да бір жақсы қасиет болса, ол ана сүтімен келді. Мен оны ұмытпаймын. Рақмет!» – деп қысқа қайырады. Өзге желөкпелердей шешенсіп сөйлеп, жағымпазданбайды. Бұл – шындық! Бұл – қайраткерлік!
Шер-ағаның қазақ қоғамындағы белсенділігі оны Қазақстан Жазушылар одағында секретариатта қызмет етіп жүрген жылдары биікке көтерді. Әрине, Шерхан Мұртазаның аударма ісіндегі қыры бір төбе болса, жазушылығы мен журналистикадағы еңбегі қос қанаты еді. Заманында билік тізгінін ұстаған Д.Қонаев, Ө.Жәнібеков, К.Аухадиев, І.Балтағұлов сынды азаматтардың қабылдауында сан рет болып, жазушылардың мұң-мұқтажын жеткізе білу де қайраткерлік іс болуы керек. Өзінің үстінен жазылған «домалақ арыздардың» тағдыры оны аса толғандыра қоймайтын. Бірде Кеңес Аухадиев Шер-ағаға: «Үлкен кісі сіз туралы біледі. Бірақ арыздар толастар емес. Қызметіңізді атқара беріңіз», – дейді. 1968-1980 жылдар аралығында Шер-аға Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауында төрт рет болған екен.
Шерхан аға 1980 жылдың мамыр айында КСРО ОК Бюро мүшесі, Қазақстан Коммунистік партиясы ОК бірінші хатшысы Д.А.Қонаевқа хат жазады. Хатта Тұрар Рысқұлов туралы романын жазып бітіргенін айтып, Алаштың ардақты ұлының тағдырына қатысты ізденістерінде өмірі күрделі азаматтың сан қырын ашқандығын алға тартады. Сөйтіп, Т.Рысқұловтың 60 жылдығы қарсаңында Т.Рысқұловтың еңбектерін жарыққа шығару және Жамбыл облысындағы Луговое станциясы мен Шымкент облысындағы Түлкібас ауданының орталығына, Ванновка ауылына Т.Рысқұловтың есімін беру жөнінде ұсыныс тастайды.
Шер-ағаның бұл жанайқайы аяқсыз қалмай, араға үш ай салып Д.Қонаев Ш.Мұртазаны қабылдайды. Арадағы әңгіме Т.Рысқұлов кітабы төңірегінде төмендегіше өрбиді.
«Д.Қонаев:
– 28 жыл бұрынғы гимназия, ол кездегі КазПИ үйінде Т.Рысқұлов сөз сөйледі. «Бір кезде осы үйге мен қожаның балаларын оқуға күймемен тасушы едім. Табалдырығын аттау арман еді, енді төрінде сөз сөйлеп тұрмын, бақыттымын», – деді. Мен оны өз құлағыммен есіттім. Мен Әзиза жеңгеміздің інісі Рашидпен бірге ойнап өскен адаммын. Рысқұлдың оқиғаларын білемін.
– Білсеңіз, соның бәрі осы кітаптың ішінде бар.
– Оқып шығамын. Орысшаға түсірілді ме? («аударылды ма?» дегені)
– Иә, аударылды. Бірақ, шыққан жоқ. Рысқұловқа салқын қарайтындар әлі бар. Тірілткендердің бірі және бірегейі өзіңіз. Бірақ әлі өз дәрежесінде, оның халыққа сіңірген қызметіне лайық бағалай алмай жүрміз. Мысалы, биыл «ТүрікСібтің» 50 жылдығы деп шулап жатырмыз. Ал «ТүрікСібке» Рысқұловтай еңбегі сіңген ешкім жоқ. Ал «ТүрікСіб» бойында тым болмаса бір разъезд соның атымен аталмайды. Мысалы, Луговое.
– Ол қиын. Карта, т.б. – бәрін қайта жасау керек. Карта, почта, толып жатқан документтер, халықаралық қағаздар…
– Онда аудан орталықтарының бірі. Мысалы, Ванновка…
– Оны ойланайық. Тағы не?
– Мен үшінші кітап үстіндемін. ИМЛ, Москваға бара беруге мүмкіндік жоқ. Партия тарихы инст-дегі материалдарға рұқсат еткізіңіз.
– Оны айтам, тапсырамын. Тағы не?
– Болдым.
– Жаз. Жаза бер, Шәке!
– «Шәке» дегені… жоқ, ирония емес, шыны.
Тағы да:
– 60 жылдыққа арналған баяндамамда арнап тұрып айтамын.
– Алдына таман атаңыз.
– Оны көреміз…»
1986 жылы Желтоқсан оқиғасынан кейін Асанбай Асқаровтың да басына қара бұлт үйірілді. Ақыры «анау деді, мынау деді» қамаққа алынып, іс сотқа дейін барып, түрмеге қамалды. Айтулы азаматтың басына іс түскенде Шерхан Мұртаза жалтарып қалмады.
1991 жылы тамыз айында Н.Назарбаев Достық үйінде журналистермен кездеседі. Президенттің «Әділеттің ақ жолы» деген кітабы шыққан. Осы жиынға қатысқан Шер-аға сөз соңында Президентке бір сәтке жолығып: «Қырғызстанға бара жатырсыз, жолыңыз болсын! Асқар Ақаевқа анау Асекең туралы бір ауыз сөз айтсаңыз», – дейді. «Айтамын» – деді Президент жалтармай. «Айналайын, әруақ қолдап, абырой артты ма, осыдан төрт айдан кейін Асекең елге келді», – деп жазады Шерхан аға естелігінде.
Ал Шер-ағаның Парламент Мәжілісінің мінберінде тұрып, Конституция жобасына өзгерістер енгізуде «Біз, Қазақстан халқы…» деген теріс ұғымға қарсы шығып, «Қазақ халқы» деп айқын айтуға шақырғаны, Жоғары Кеңесті «Ұлы Құрылтай» атау, заңдарды алдымен қазақша жазып, кейін орысшаға аудару жөніндегі ұсынысы, «Жоғарғы Кеңес Қазақстан Республикасының шекарасын өзгерту жөнінде шешім қабылдайды» деген жазуға қарсы шығуы, шетелдік қазақтар сайлауға қатыссын деген ұсынысы, тіл, жер, су, экология, демография, т.б. мәселелер төңірегіндегі жанайқайы әлі күнге жадымызда жаңғырып тұр.
1993 жылдың қаңтарында Шер-ағаға Президент телефон соғады. Екеуара диалог төмендегіше өрбіген екен.
«– Қаулыға қол қойылды. «Егемен Қазақстанға» қайтып барсаңыз қайтеді?
– Қалайша?
– Ә.Кекілбай «Егеменнен» кеткісі келеді.
– Мен республикалық телеарнаға 3 айдан бері тер төгіп, еңбек сіңіріп, бетін бері қарата бергенде, бұл қалай болады? Оның үстіне қазақта «Қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман» деген бар.
– Онда кім бар?
– Табылар.
– Ал Сәрсенбаев қалай?
– Ол газетті он орап алады. Бірақ ол Сіздің ең бір жанды жеріңізді ұстап отыр ғой…».
Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен пікірлес болған Шерхан Мұртаза – ұлы ойшыл Абайдың «Толық адам» іліміндегі толымдыққа жеткен ұлтжанды ұл, қайсар қайраткер, мейірімді мемлекетшіл ТҰЛҒА!

(Мақаладағы кейбір деректер Шер-ағаның күнделігінен алынды)

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.