Жаһандану соқпағында сүрінбей келе жатқан елдерді дамытып отырған бірден-бір ірі сала – логистика. Алдымызға келген астың да, пайдаланып жүрген мүлкіміздің де осы салаға тікелей қатысы бар. Себебі барлығы тасымал арқылы жеткізіледі.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Халықаралық дәліздердің тоғысқан нүктесінде орналасқандықтан, Қазақстанның Еуропа мен Азия арасын жалғауға мүмкіндігі мол. Дегенмен мамандар еліміз бұл сала бойынша эволюциялық дамудың алғашқы кезеңінде деген пікірді алға тартады. Еуразияның жүрегіндегі мемлекет үшін бұл фактор табысы мол транзиттік әлеуетке жол ашады.

Әлем елдері бойынша тауар тасымалының 90 пайызы су жолдары арқылы жүзеге асады. Себебі түсінікті. Құны қымбат емес. Бұл ретте еліміздің алдында жүк тасымалының осы формасына бәсекелес бола алу міндеті тұр. Мысалы, Жапониядан шыққан кеме Еуропаға орташа 22-24 күнде жететін болса, бүгінде Қытай – Қазақстан – Еуропа бағытындағы темір жол тасымалы 11-13 күнді құрайды. Осы тұста уақыт және жылдамдық жағынан Еуразиялық көлік дәлізі барынша тиімді болып отыр. Бұл – компьютерлік технологиялар, құрылғылар, косметика және өзге тауар тасымалы үшін таптырмас дәліз. Қытайдың технологиялық өндірістік компаниялары бұл артықшылықты пайдаланып келеді. «Бір белдеу – бір жол» (One Belt – One Road) атты Қытай бастамасы мен Ұлы Жібек жолын жаңғырту идеясының да негізгі бағыттарының бірі – осы Қазақстан территориясы арқылы логистиканы дамыту. Тіс пастасын АҚШ-тан, көйлегін Кореядан, дәрі-дәрмегін Еуропадан алдыратындардың саны күрт артқан сайын логистика саласына құйылатын инвестиция көлемі де ұлғая береді. Жекелеген тапсырыстардың саны көбейген сайын «Амазон», «Алибаба» сынды компаниялардың табысы молайып отыр. Былтырғы жылдан бері ғаламды құрсауына алған қауіпті індеттің өршіген тұсында аталған компаниялардың табыс көзі бұрынғыдан бірнеше есе артып кеткен.

Тәуелсіздік жылдары ішінде елімізде транспорттық-логистикалық инфрақұрылымды жақсарту бағытында біршама жұмыстар жасалынды. Дегенмен елімізде өнімнің бағасындағы логистикалық шығындардың үлесі жоғары: орташа – 20-25 пайыз, ал орташа әлемдік көрсеткіш – 10-15 пайыз. Жалпы логистика экономиканың табысты сегменттерінің қатарына жатады. Бүгінде әлемдік көлік нарығы 3 трлн АҚШ долларына жуықтайды. Мәселен, Германияда бұл сала жалпы ішкі өнімнің 13 пайызын, Ирландияда 14,2 пайызын, ал Қазақстанда бар болғаны 8 пайызын құрайды. Саланы дамыту жолында бөлініп жатқан қаражаттың, жекелеген компаниялардың жасап жатқан тегеурінді тірліктердің көлемі аз емес. Дегенмен алпауыт мемлекеттердің аталған сала бойынша алға жылжуы цифрландыру жұмыстарын бізден анағұрлым ертерек бастауына байланысты екен. Мұнымен қоса тасымалдың барлық түрлерін тиімді пайдалану, жол сапасы, жұмсалатын жанармай мен салық мөлшері сынды бірқатар мәселелер еліміздің мұнайдан кейінгі екінші орындағы асыраушы саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыра түседі. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында аталған салаға арнайы бөлім арнап, отандық логистиканың тасын өрге домалату бойынша нақты ұсыныстар айтқан болатын.

– Өзекті мәселенің бірі – көлік-логистика кешенін дамыту. «Нұрлы жол» бағдарламасының бірінші кезеңі табысты жүзеге асырылды. Соның арқасында елордамызды өңірлермен «тармақтану» қағидаты бойынша байланыстыруға мүмкіндік туды. Көлік жүйесінің жаңа инфрақұрылымдық ұстыны қалыптасты. Еліміздің жаһандық көлік дәліздерімен интеграциялануы қамтамасыз етіліп, Азия мен Еуропаны байланыстырған Қазақстанның тарихи мәртебесі қалпына келтірілді. Дегенмен бұл саладағы бәсекелестік өте күшті. Орталық Азия өңірінде пайда болған баламалы жобалар Қазақстанның көлік әлеуетін төмендетуі мүмкін. Сол себептен «Нұрлы жол» бағдарламасының екінші кезеңі еліміздің көлік-транзит секторының жетекші рөлін бекемдеуге арналуы керек. Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі тың инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, жаңа мемлекеттер мен компанияларды тарту, қызмет көрсету сапасын жақсарту және транзиттік бағдарлардағы жылдамдықты арттыру есебінен өсуге тиіс. Алдымызда тұрған міндет – 2025 жылға дейін 24 мың шақырым жолды, яғни республикалық маңызы бар жолдардың бәрін қайта жөндеп, жол бойындағы қызмет көрсетумен қамтамасыз ету, – деді Президент.

Бәсекеге қабілеттіліктің күн, тіпті сәт, сағат санап артып жатқанына Мемлекет басшысы да жіті мән беріп, саланы дамыту бойынша нақты шаралар қабылдау керектігін алға тартады. Осыған орай Әулиеатада да ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды жұмыстар қолға алынғанын білдік. Мысалы, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры Өмірзақ Ерембаев біздің өңірде қызмет көрсетілетін аумақ бойынша қандай жұмыстар жүргізу жоспарланғанын егжей-тегжейлі айтып берді.

– Қазіргі уақытта Жамбыл облысында бірнеше бағытта автомобиль жолдарын қайта жаңғырту жобалары жүзеге асырылуда. Олар: Балқаш-Бурылбайтал, Мерке-Бурылбайтал, Күрті-Бурылбайтал және Отар-Ұзынағаш дәліздері. Реконструкцияланған жолдардың жалпы ұзындығы 491 шақырымды құрайды. Қайта жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін облысымыздың Қарағанды шекарасынан Алматы облысының шекарасына дейінгі, Алматы облысының шекарасынан Оңтүстік Қазақстан облысының шекарасына дейінгі және Меркі кентінен Шу қаласына дейінгі жол учаскелері I техникалық санатына ауысады, яғни ось бойынша төрт жолақты болады. Шу қаласынан Бурылбайтал ауылына дейінгі жол қозғалыс үшін екі жолағы бар I техникалық санатына ауысады, – деп атап өтті Өмірзақ Ерембаев.

Мамандардың айтуынша, Меркі-Бурылбайтал жолының учаскесі Тәтті, Шу, Бірлік елді мекендерін айналып өтеді. Бүгінгі таңда алты көпір, темір жол арқылы өтетін үш жол өтпесі, 11 жарықтандырылатын жол айрығы, жол төсемін орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жобаның бас мердігері «Синьсин» құрылыс және дамыту жөніндегі Қытай компаниясы» ЖШС және «АБК Автодор НС» ЖШС құрамындағы консорциум болып табылады. Инвестициялар The Export-Import Bank of China/China Exim Bank (ҚХР) арқылы бөлінеді. Жұмыстарды аяқтау 2022 жылға жоспарланған.

– Балқаш-Бурылбайтал жолының учаскесі Бурылбайтал, Шығанақ, Мыңарал, Қашқантеңіз елді мекендерінің бойымен өтетіні белгілі. Қазір бес көпір, темір жол арқылы өтетін бір жол өтпесі, жарықтандырылатын екі жол айрығы, жол төсемін орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл жобалардың бас мердігері – қытайлық «Синохайдро» компаниясы. Жұмыстарды аяқтау 2022 жылға жоспарланған. Ал Күрті-Бурылбайтал жолының учаскесі Бурылбайтал, Ақсүйек елді мекендерінің бойымен өтеді. Бұл бөлікте төрт көпір, темір жол арқылы өтетін бір жол өтпесі, жарықтандырылатын бір жол айрығы, жол төсемін орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жобаның бас мердігері «Тодини&СМС» бірлескен кәсіпорны болып табылады. Жұмыстарды аяқтау 2022 жылға жоспарланған, – деді Өмірзақ Ерембаев.

Жол бойында демалыс алаңдары салынып, автопавильондар орнатылады. Жол төсемінің жабыны ретінде жобада қиыршық тасты-мастикалық асфальт-бетон қарастырылған.

– Мысалы, өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған Меркі-Бурылбайтал жолын алайық. Ол жылдары құрылыс кезінде сол заманға сай стандарттар ескерілді. Қозғалыс қарқындылығы тәулігіне 400-600 автокөлікті құрады, ал жүк көлігіне максималды жүктеме алты тоннаны құрады. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіштер айтарлықтай өсті: тәулігіне жолдың осы учаскесі бойынша үш мыңнан астам машина жүріп өтеді, ал жолға түсетін жүктеме 10-13 тоннаға дейін артты. Осы көрсеткіштердің барлығын ескере отырып, жобада жол санатын арттыру қарастырылған. Жалпы ұзындығы 86 км Меркі-Шу жолының учаскесінде жобамен жол осі бойынша қоршауы бар I техникалық санаттағы 4 жолақты трассаның құрылысы көзделген, – дейді филиал басшысы.

Логистика тұрғысынан Тараз Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. Сондықтан маманнан «Жолдардың дамуы жүк тасымалының артуына ықпал ете ме?» деген заңды сауалға жауап алдық.

– Егер 2010 жылғы кезеңдегі осы учаскедегі қозғалыс қарқындылығын бүгінгі күнмен салыстырсақ, жүк ағынының ұлғаюы екі есеге жуық өсті. Егер бұрын қозғалыс қарқындылығы орташа есеппен тәулігіне бес мың көлік бірлігін құраса, қазір ол тоғыз мыңнан асады. Олардың шамамен 30 пайызы – жүк көлігі, – деп баяндады Өмірзақ Ерембаев.

Республикалық маңызы бар жолдарда икемді сигнал бағаналары мен күн батареялары бар катафоттар орнатылған. Бұл – республикалық маңызы бар автожолдарда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі заманауи және инновациялық тәсіл. Олар екі жағынан қисық жолақтарға орнатылған, күн сәулесінен қуат алады және жүргізушілердің жолға деген назарын арттыруға көмектеседі. Мұндай технологияның Жамбыл облысы бойынша 706 данасы орнатылды. Сондай-ақ республикалық маңызы бар жолдарда көлік құралдарының бірнеше рет соқтығысуынан кейін пішінін қалпына келтіретін композиттік (икемді) сигнал бағаналары орнатылды. Олар жасанды жарықтандыруы жоқ автомобиль жолдарына орнатылады.

Осындай жаңашылдықтардың арқасында елдегі логистика саласы бәсекеге қабілеттілікті арттырарына сенім мол. Дегенмен транзиттік саланы алға жылжытатын тасымал құралы тек автомобильдер мен фуралардың қозғалысы ғана емес. Әуе мен кеме көліктері, темір жол тасымалы да осы саланың негізгі тетіктерінің бірі десе болады. Бұл ретте «Қазақстан Еуропа елдерінен үлгі алуы тиіс» деген маман пікіріне тоқталдық.

– Еуропада жүк тасымалының барлық түрі қарқынды дамыған. Тауар айналымы өте жоғары. Мысалы, Германияда Фрайзинг деген қала бар. Мұнда тек әуе тасымалы арқылы ғана тауар келеді. Мен жұмыс істеген компанияның жүк көліктері тауарды осы қалаға жеткізіп, ары қарай өзге мемлекеттер мен қалаларға ұшақпен тасымалданады. Бір қызығы, шет мемлекеттерде логистерге әрдайым сұраныс жоғары. Жалақы да аз емес. Ал өкініштісі, Қазақстандағы жас мамандар Еуропаға ағылып келіп, ірі компанияларда қызмет етеді. Бұл, бір жағынан, жақсы үрдіс. Тәжірибе жинайды. Бір есептен көңілге қаяу түсіреді. Шетелдегідей мөлшерде жалақы төленіп, жұмыс ауқымы қолайлы болса, өз еліңде жүріп еңбек еткенге ештеңе жетпейді. Қалай болғанда да логистика – өлмейтін, үнемі дамып отыратын сала. Біздегі компаниялар мен Еуропадағы компаниялардың арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Логистерге компания ұсынатын арнайы платформалар бар. Мамандар көліктердің қай нүктеде орналасқанын, қай нүктеге қанша уақытта жетуі тиіс екенін, қай жерден тамақтанып, қай қалада, қандай қонақ үйде түнейтінін бір ғана монитор арқылы басқарып, жүргізушімен үнемі байланысып отырады. Саладағы қарапайым құралымыз – қарым-қатынас. Бұдан шығатын қорытынды: логистиканың дамуына нақты әсер ететін негізгі тетік – цифрландыру. Көліктердің де әртүрлі табиғи жағдайларға дайын болуы үлкен маңызға ие. Тауарлардың түрі бойынша да арнайы платформалар бар. Осы ресурстарға қарап отырып-ақ қай қалаға қандай тауар келіп жеткенін бақылап, ел экономикасына шолу жасап отыруға болады. Қарапайым тілмен айтқанда, ашықтыққа баса мән беріледі. Тағы бір қызық жағдай, қазақстандық компанияларда қызмет еткен әріптестерім қазіргі уақытта Еуропаның бірнеше елдерінде шағын жеке компания ашып алған. Келешекте олар өз елімізде де осы саланы дамыту бойынша тер төгеді деген сенімдемін, – дейді Еуропада жұмыс істеп жүрген Әріпжан Нұржанов.

Тауар тасымалы бойынша елімізде бірнеше транзиттік дәліздер бар. Сауда ағындарын заманауи логистикалық инфрақұрылымдармен және жылдамдық пен жүкті жеткізу бағасы бойынша сапалы сервиспен жабдықтау, жоғарыда айтылған дәлізге қатысушы елдерге жаңа нарықтарды игеруге және транзиттік жүк ағынын молынан тартуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде аймақта тұрақты даму процесі үдеп, елдің әл-ауқаты арта түседі. Сол себепті бұл сала бойынша түсетін пайда көлемі мұнайдан кейін екінші орынға тұрақтап отыр. Транзиттік әлеуетімізді таразыласақ, тиімді технологиялық шешімдер ел экономикасын өрлетуде маңызды рөл ойнайтын болады. Тек бұл тұста өз мамандарымызға деген жанашырлық молынан болса дейміз.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған