Жанардың жарқылына моншақтың жалтылы, күлкінің сыңғырына шашбаудың сылдыры ұласса, сұлудың сырғасынан сыр ұғып, үкісінен үміт күткен қазақпыз. Көненің көзі, ескінің сөзіндей бұла мүсіннің бітімін арттырған зергерлік бұйымдар қашанда құнын жоғалтпайды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Әр әшекейінің әр тасын таңдап таққан талшыбықтың болмысын бойына сыйдырған бұйымдар бағзы заманда бойжеткендердің жүрек назын ұқтыруға да қуаты жеткен. Әр оюы сырынан саз ұқтырып, жүрген жолындай сайрап тұрады. Расында, әшекейдің бұрын сән-салтанат үшін ғана емес, әдет-ғұрып, наным-сенімге де қатысы болған.

Қазақ әйелінің өмірінде зергерлік әшекейлердің үлкен мәні бар, оларда адамның сұлулыққа деген мәңгі құштарлығы, бақытты өмірге деген үміті, табиғаттың бәле-жала мен қырсықтан құтқаратын ғажайып күшіне деген сенімі тұнып тұр. Дәл осы себепті қазақ қыздары әшекейді дүниеге келгеннен бастап о дүниеге аттанғанша, жасы мен әлеуметтік жағдайына қарай тағатын.

Сырға
Ертеде қыздың басы бос, атастырылмаған болса, керегеге, кілемге, тіпті бақанға сырға іліп қою салты болған. Үйге келген қонақ, яки жолаушы үй ішін көзімен шолып, ілулі тұрған сырғаны көрсе, «бұл үйдің бойжетіп келе жатқан не бойжетіп отырған қызы бар екен, ата-анасы әлі ешкіммен құда болмапты, қыздың басы бос» деп ой түйген. Мұның аяғы кейде құдалыққа ұласқан.

Өңіржиек
Қазақ әйелдерінің кеудеге тағатын әшекейлерінің ішіндегі ең бастысы – өңіржиек. Олар көлеміне қарай ажыратылады. Негізгі өңіржиектің мағынасы ұрпақтың көбеюі, өсіп-өркендеуіндегі ананың орны және қауіп-қатерден сақтану сияқты жайларды білдіреді.

Шашбау, шолпы, шаштеңге
Мұндай әшекей бұйымдардың әйелдер үшін тәрбиелік мәні зор болған. Халық арасында «Адам жанының бір ұшы шашының арасын мекендейді» деген наным сақталған. Мәселен, шолпының салмағынан шаш ұзын болып өседі. Қазақтың ежелгі наным-сенімі бойынша бұрымдағы шолпы сыңғыры бойжеткенді қара ниетті күштерден қорғауға көмектеседі. Ал шашбаулы қыздың жүріс-тұрысы арқылы мінезін аңғарып отырған. Анасы қашанда қызына «қатты жүгірме, оқыс қозғалма, шолпың қатты сыңғырласа, сені әдепсіз қыз дейді» деп тәрбиелеп отырған екен. Ал шашбау өрілген бұрымның ұшына бекітіледі. Оны күмістен қақтап жасайды. «Шашбау шаш арасындағы жын-шайтанды қашырады» деп сенген. Шаштеңгені қыздарға мезгілсіз жүрмеуі үшін тағып қояды. Өйткені кешкілік оның сыңғыры қыз баланың әлі далада қыдырып жүргенін жан-жағындағыларға хабарлап тұрған.

Сақина-жүзіктер
Сақина, жүзіктерді киелі деп сену оның қолданыс аясын кеңейтті. Қазақ әйелдері баланы қырқынан шығарғанда шомылдыратын суды тазартады әрі сәбиді қорғайды деген ниетпен күміс сақиналарын салған. Сонымен қатар сақина ауруды анықтау тәжірибесінде қолданылады: науқас адамның жотасымен сақинаны жүргізіп өтсе, асқынған жер міндетті түрде қараяды деген тұжырым болған. Қалыптасқан сенімге байланысты әрбір қазақ әйелінің қолында жүзік болуы тиіс. Саусағында жүзігі жоқ әйел дайындаған тамақ адал емес деп есептелген. Қазақта осыған байланысты «Тамақ адал болу үшін қолда жүзік болуы керек» деген мәтел бар. Қазақ ұғымында «ортаңғы саусаққа жүзік салуға болмайды, әйтпесе жақыныңның бірі қайтыс болады» деген наным қалыптасқан. Тек ата-анасынан айырылған қыз ғана ортаңғы саусағына жүзік салуына болады, мұндай жағдайда сақина осындай жайдың нышанын білдіреді. Ал құдағи жүзіктер екі бастаудың, екі шаңырақтың ілік жекжат болуын бейнелейді. Бұл жүзікті келінге деген жылы қабағы, қамқорлығы үшін қыздың шешесі құдағиына салады.

Білезік
Шығыс Қазақстанда жұмыр және төрт қырланып соғылады. Солтүстік және Орталық Қазақстандағы әйелдер жұқартып, ширатылған түрлерін қолданған. Оңтүстік өңірлер құйма, үлкен, сом білезіктерді жасаса, Батыстағы жұрт көзді білезіктерді қалаған. Көзді білезіктерді үзбелі деп те атайды. Әр үзбенің үстіне тас орнатылады. Жалпы құйма білезік, қос білезік, қуыс білезік, бес білезік, топсалы білезік, бұрама білезік, жалпақ білезік, сом білезік, жұмыр білезік, өбістірме білезік сынды түрлері өте көп. «Білезік буын ауруларының алдын алады, қолдың тазалығын күшейтеді, жын-перілерді қуады» деген ұғым халық арасында кеңінен таралған. Ең маңыздысы, білезік адам бойындағы күш-қуатты сақтайды. Қазақта «бәле-жала әйелдің құлағы, шашы арқылы кірсе, күш-қуаты біртіндеп алақан арқылы сыртқа шығады» деген сенім қалыптасқан, сондықтан әжелер соңғы күш-қуатынан айырылудан қорқып, білезігін қолынан тастамайтын болған. Білезіктегі өрнектердің мәнімен қоса, көп халық ұғымында қалыптасқандай, қорғаныш қасиетке ие сиқырлық күші бар деп саналады. Сондықтан өзге де тұмарлармен бірге баланың білегіне ақ-қара, қызыл-көк көзмоншақ тізбегін тағу дәстүрі осы уақытқа дейін сақталған.

Осы орайда күні бүгін зергерлікпен айналысып жүрген Қазбек Уразбековтен заманауи зергерлердің қолымен жасалған әшекей бұйымдары туралы сұраған едік.

– Менің зергерлік бұйым ретінде жасаған ең алғашқы еңбегім неке сақинасы болатын. 30 жылға жуық зергерлік қызмет жасап жүрмін. Сырға, білезік, сақина, алқа – түрлі әшекей бұйымдарын жасаймын. Әркім өз қалауымен алтын мен күмістен тапсырыс береді. Білезікті бұзып жасату да кездеседі. Бұрынғы заманғы зергерлердің еңбегіне қарағанда бүгінгі таңда әшекей жасау оңайлау. Оның себебі бүгінде тапсырыс беруші ойын жеткізу үшін түрлі журнал, каталогтардағы үлгіні көрсетіп береді. Мен сол арқылы ойындағысын айнытпай жасап шығамын, – дейді Қазбек Жамалбекұлы.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған