Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тараздық тентектерді қалай тезге саламыз?

0 1  340

Тараз қаласы – қай кезде де тентектерімен аты шыққан шаһар. Сонау 90-шы жылдардың тұсында қала көлемінде қылмыс өршіп, бандиттердің билік құрғаны жасырын емес. Алайда кейін келе бұзақыларға «тұсау» салынып, жағдай тұрақталды. Десе де, әлі күнге жасөспірімдер арасындағы қылмыс азаймай тұр. Әсіресе мектеп оқушылары арасында бопсалау, тонау, адам өлтіру мен жыныстық сипаттағы қылмыстар өршіп тұрса, бұған не дерсің?

Жуырда Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев мектеп директорларының басын қосып, осы мәселені майшаммен қарады. Қала әкімдігінің білім бөлімі басшысының орынбасары Дүрия Тоғатаеваның жиында келтірген деректеріне көз салсаң, санаң сан-саққа жүгіреді. Мәселен, бүгінде қаладағы 59 жалпы білім беретін мектепте 75 905 бала оқып жатыр десек, 56 жайсыз отбасында 127 бала тәрбиеленуде. Ал ата-анасы туыстарына қалдырған, сенімхатпен тұрып жатқан оқушылардың саны 479-ды құрайды. Сондай-ақ жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған 467 бала бар. Толық емес отбасында тұратын 8449 оқушы тіркеуде тұр.
«Бала бақылауда» жобасы бойынша қашықтан оқыту кезінде 2322 бала сырттай бақылауға алынса, оқу жылының бірінші жартыжылдығында отбасында зорлық-зомбылық, ұрлық, төбелес және жыныстық сипаттағы 12 жағдайдың алды алынған. Алайда сақтық шараларына қарамастан, кәмелеттік жасқа толмағандар арасында құқық бұзушылықтар әлі күнге орын алуда. Бүгінде 2930 кәмелетке толмаған жасөспірім түрлі әкімшілік құқық бұзушылық жасаса, соңғы 12 ай ішінде жасөспірімдермен жасалған 50 қылмыс дерегі тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 34,2 пайызға кемігенімен, оқушылардың қатысуымен 4 ұрлық, 2 адам өлтіру және 1 алаяқтық дерегі орын алған. Сондай-ақ өткен жылы мектеп оқушыларына қатысты жыныстық сипаттағы 6 ауыр қылмыс тіркеліп отыр.
Бұдан бөлек, полиция бөлімдерінің есебіне алынған оқушылар саны 37-ден 49-ға өскен. Осыған байланысты 3 мектеп басшысына, 13 директордың орынбасарына, 13 психолог және 26 сынып жетекшіге тәртіптік шара қолданылған.
Байқап тұрсаңыздар, оқушылар қылмысы жаға ұстатып тұр. Ал Тараз қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі берген ақпаратқа сүйенсек, түрлі рейдтік шаралар барысында әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін полиция бөліміне 2930 бала жеткізілген екен. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 262 жасөспірім орналастырылған. Өткен жылдың 12 айында 3918 бала әкімшілік жауапкершілікке тартылса, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 507 дерекке артқанын айғақтап тұр. Сондай-ақ мектеп жасындағы оқушылардың беймезгіл уақытта жүруі 2020 жылмен салыстырғанда 200 дерекке өскен. Нәтижесінде баласын қараусыз қалдырған 50 заңды өкілге сотпен айыппұл салынған. Бұдан бөлек, 52 азамат ата-ана құқығынан айырылып, арнайы мектепке 18 жасөспірім орналастырылған.
Оқушылардың ең көп қылмысы №18,56,46,11,38,28 және кешкі мектепте орын алса, арнаулы орта оқу орындары арасында «Тараз-Ғасыр», Жамбыл индустриалды-техникалық колледжі, Жамбыл политехникалық колледжі, «Парасат», Жамбыл жоғары медициналық колледжі, «Білім», «Теміржол», «Қайнар» сынды колледждер жасөспірімдерге тиісті деңгейде тәрбие бере алмаған.
Әрине, жасөспірімдер арасындағы қылмыстардың алдын алу бағытында жұмыстар жасалмай жатыр деуден аулақпыз. Мектеп директорларымен өткен басқосуда қала әкімі Ержан Жылқыбаев кешегі қаңтар оқиғасында кәмелеттік жасқа толмаған балалардың бұзақылық жасап, қамауға алынып жатқаны ата-ана мен мектеп қабырғасындағы тәрбие жұмыстарының әлсіздігі екенін баса айтып, мектеп инспекторлары мен психологтардың жұмысын күшейтуді тапсырды. Осы талапты тапсырманың өзі көп нәрсені аңғартатындай. Сондықтан қылмыс деңгейі төмендеді деп сүйіншілегенше, бұл мәселеге жауапты мекемелер, ата-ана мен мектеп баса мән беріп, бақылау мен қадаға жұмыстарын жіті қолға алғандары абзал.

Саятхан Сатылғанов

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.