Жамбыл облысында сыртқы ауа температурасы соңғы 5 тәулікте +8 0С-тан жоғары болса, жылыту маусымын аяқтау көзделген. Осы орайда, жылыту маусымы ағымдағы жылдың 4-6 сәуірі аралығында аяқталып, ұзақтығы 180 тәулікті құрады. Алайда, денсаулық сақтау, мектепке дейінгі білім беру сияқты әлеуметтік маңызы бар нысандарға сұраныстары негізінде жылу беру жалғасуда.
Бұл туралы ӨКҚ баспасөз алаңында аймақтағы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Руслан Мұздыбеков айтты. Ол маусым кезінде 1,025 млн. гигакалорий жылу энергиясы өндіріліп, 122,354 млн. текше метр газ тұтынылғанын да атап өтті. Жылу көздері мен инженерлік инфрақұрылым желілерінде авариялық жағдайлар мен технологиялық бұзушылықтар тіркелмегенін жеткізді.
«Облыстағы барлық 9 жылу энергетика кешендері мен 444 автономды қазандықтар штаттық режимде жұмыс істеп, жалпы 1664 әлеуметтік маңызы бар нысан мен 1622 көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтамасыз етілді. Бюджеттік мекемелердің автономды қазандықтары жоспарлы 67,4 мың тонна көмірмен, халық 188 мың тонна көмірмен толық қамтамасыз етілді. 2022 жылға 1 335,0 млн. текше метр газ көлеміне «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-мен тиісті келісімшарттар түзілді. 3 моно қаланың орталық қазандықтарын қажетті отынымен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 1 950,5 млн. теңге қарастырылды», – деді спикер.
Руслан Орынбекұлы жылыту маусымы аяқталғанымен, Тараз қаласында ыстық су үздіксіз берілетінін жеткізді.
Жалпы, қалада барлығы 915 көпқабатты тұрғын үй ыстық сумен қамтамасыз етілген. Алайда, жыл сайынғы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу үшін жаз айында 15-20 күннен аспайтын мерзімге ыстық судың берілуі уақытша тоқтатылады.
Сондай-ақ, брифингке өңірдегі жылыту кәсіпорындарының жауапты мамандары «Таразэнергоорталық» АҚ вице-президенті Мамат Шакиров пен «Таразтрансэнерго» МКК өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Рауан Байдалиев қатысып, журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жан-жақты мәлімет берді.