Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Таразға тарту» – тағылымның бастауы

0 392

Биыл облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Таразға тарту» жобасы қолға алынып, қаладағы аулаларды абаттандыруға облыс және қала әкімдігімен қатар, демеушілер де тартылған еді. Енді сол жоба бойынша үйлесімді жұмыс жемісін бере бастады.

Бюджеттен бір тиын шығын болған жоқ

Жыл басында қала халқының көп шоғырланған аумағында орын тепкен аулалардың тізімі дайындалып, абаттандыру үшін демеушілерге бөлініп берілді. Әр ауладағы жобаның сызбаға (эскиз) сай орындалуын қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі де бақылап, пысықтап отырды. Жұмыс барысы нақтыланған соң, келісіп-пішіп ұсынылған эскиздер бойынша берекелі іске бірден араласып кеткен аудандар болды. Мәселен, Қордай, Т.Рысқұлов, Байзақ, Мойынқұм, Талас аудандарының Таразға тартуына тұрғындар дән риза болып, алғыс айтуда. Сонымен аулада не бар дейсіз ғой? Демеушілер ең әуелі әрбір ауланың орналасқан аумағына жіті мән берді. Негізінен, көп аулаға жаяу жүргіншілер жолы, «street workout» алаңы салынды. Жарық шамдары, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды. Кейбір аумағы кең алаңдарда ойын алаңшалары пайда болды. Көгалдандыру жұмыстары да шетте қалған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, аула тұрғындарға қауіпсіз, ыңғайлы әрі ықшам. Енді спортпен шұғылданатындар орталық саябақтарға барып сандалмайды. Ал егде жастағы тұрғындардың бір сәт тысқа шығып, таза ауада сергіп қайтуына әбден болады.
Жоба демеушілердің қолдауымен жүзеге асып жатқан соң, бюджеттен қаражат қарастырылмаған. Әр аудан бөлініп берілген аумақты қолдан келгенше көркейтуді мақсат етті. Тіпті Таразға тартуды бірінен-бірі асырып жасауға ниеттеніп, үлгі көрсеткен демеушілер де болды. Облыс орталығында бұл бағыттағы жұмыстар әлі тоқтаған жоқ. Жалпы жоба бойынша жыл соңына дейін 42 ауланы абаттандыру жоспарланса, қазір соның дені аяқталып, пайдалануға берілген. Енді қалған сегіз сквер, аллея мен аулалардағы қызу тірлік биыл жыл соңына дейін аяқталмақ.
Біз алдымен жоба туралы қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Алмасбек Бөбеевтен сұрап білген едік.
– Біз жыл басынан бері бөлімдегі күнделікті тірліктен бірер сағат уақытымызды бөліп, жөндеуден өтетін аумақтарды бақылап жүрміз. Әр нысан бойынша жауапты тұлғалармен кездестік. Қандайда бір қайшылықтар туындап жатса, мәселені шешудің жолдарын қарастыруға күш салатынымызды айттық. Демеушілердің есебінен жүзеге асқан жұмыстар анау айтарлықтай үлкен шығынға әкелген жоқ. Әр аудан ұсынысын айтып, бірлесіп әрекет еттік. Жұмыла көтерген жүк жеңіл болатынын қаперге алсақ, аудандар мен басқармалар және демеушілердің облыс орталығының шырайын ашатын бастамаға белсене араласуы құптарлық іс болды. Себебі Тараз – облыстың айнасы. Бюджеттен тыс жоба қаланы абаттандыру, көгалдандыруға үлкен серпін берді деп ойлаймын. Қазірдің өзінде Таразға тартуын тапсырмаған санаулы демеушілер қалды. Барлық абаттандырылған аула бойынша тұрғындар алғыс айтып, лайықты бағасын беріп жатар, – дейді Алмасбек Бөбеев.

Бірлесіп атқарған іс берекелі болады

Қазір ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақта жасанды көлшіктің суы тазарып, оның төңірегі көз қызығатындай кейіпке енген. Бұл аумақты жаңарту «Адия Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құзырында. Демеушілер жобаға сай жұмыстың 90 пайызын аяқтап, субұрқаққа тапсырыс берген. Осы секілді «Қант зауыты» алқабында да қызу жұмыс басталып кетті. «ТаразЭнергоОрталық» АҚ-на бекітілген «Ана мен бала» скверінде жоспарлы іс 40 пайызға орындалған. Сквердің бір бөлігіне брусчатка төселсе, екінші бөлігі қызыл құммен тегістелген. Әзірге скверді «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі демеушілермен келісіп абаттандыруда. Бірақ шығынды «ТаразЭнергоОрталық» серіктестігі толығымен өтейді. Біз «Жасыл Ел-Тараз» серіктестігінің директоры Талғат Зауырбековпен байланысып, ондағы жұмыстың жай-жапсарын сұрап білуге тырыстық. Оның айтуынша, сонау Кеңес өкіметінің тұсынан бері жөндеу көрмеген скверді заман талабына сай жаңарту ұтымды бастама болған. Енді онда балалардың ойын алаңшасы да салынады. Демеушілер көп ұзамай міндетіне мықтап кіріссе, тұрғындардың тілегі орындалатын күн алыс емес.
Осынау игі бастамаға тек облыстың атқамінерлері мен кәсіпкерлер ғана емес, сол саладағы мердігерлер де үн қосып отыр. Мысалы, қаладағы «Қарасу-3» аумағын абаттандыру бірнеше мердігер компаниялардың құзырында екен. Қазір сол аумаққа бордюрлер орнатылып, брусчатка төселуде. Канал бойындағы күл-қоқыс тазартылса, қалған жұмыстар 15 тамызға дейін толығымен аяқталады деп күтілуде. «Таразға тарту» жобасы туралы естіп, кейін ұсыныс түскенде бірден қабыл алған компаниялар да жоқ емес. Олар бірігіп іс тындырса, біріншіден, басқа демеушілерге үлгі болады. Екіншіден, тұрғындардың алғысын алады.
Қала орталығындағы Есенин ескерткішінің маңын жаңартуды қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев бастаған депутаттар жауапкершілігіне алған. Бүгінде ондағы жұмыстың 80 пайызы орындалған. Аулаға бордюрлер қойылып, брусчатка төселген. Сонымен қатар газон егіліп, жарық шамдары орнатылған соң, ескерткіштің ажары ашыла түскен.

«Мамыр» саябағындағы қарбалас

«Мамыр» саябағы қаланың көрікті жерлерінің бірі болған соң, ондағы «Білім» аллеясының абаттандырылатыны «Таразға тарту» жобасына еніп, қайта түрленетіні қуанышты жаңалық болған еді. «Білім» аллеясын облыстық білім басқармасы міндетке алып, жүзеге асырып жатқаны қай жағынан алып қарасақ та, оң шешім болған. Қазір аллеяға брусчатка төселіп, сахна мен амфитеатр қайта құрылып жатыр екен. Жауаптылар жобаны осы айдың соңына дейін толығымен аяқтауды көздеп отыр. Осы орайда біз облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Жамаловпен тілдесіп, жұмыстың барысы туралы толығырақ сұрап білдік.
– Жоба аясында «Мамыр» саябағындағы «Білім» аллеясын жөндеуден өткізу біз үшін абыройлы міндет деп білеміз. «Білім» аллеясын жаңарту арқылы біз кейінгі жастарға үлгі көрсетуіміз керек. Құрылысы аяқталса, сол маңда жастардың қатысуымен ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарда бар. Сондықтан бұл жұмысқа қаладағы екі ірі жоғары оқу орны мен облыстағы кәсіптік-техникалық білім беру мекемелері үлес қосуда. Енді біз аллеяға кітаптың монументін қоюды жоспарлап отырмыз. Ағаштарды балақтап, тым биіктерін аласартуды да қолға алдық. Сол саябаққа қала әкімдігі су жүргіземіз деп отыр. Бұл біз үшін қуанышты хабар болды, – дейді Талғат Салқанұлы.

Шу ауданының тартуы таң қалдырды

Осындай игі бастамаға үн қосып, екі бірдей жұмысты қатар алған Шу ауданын ерекше атап өткеніміз жөн. Шудың демеушілері «Алатау» ықшам ауданына құны 43 миллион теңгеге кіші футбол, баскетбол, волейбол алаңшасы мен «street workout» алаңын салып берген. Балаларға арналған арнайы ойын алаңшалары дайын. Аумақтың төңірегі жарықтандырылып, қоршалған. Сквер ең әуелі балалардың спортпен шұғылдануына өте қолайлы екен. Стандартқа сай алаңшада қауіпсіздікке аса көңіл бөлінген. Тағы бір айта кететін жайт, демеушілер сквердің маңына автотұрақ жасаған. Мұндағы қыруар жұмысты «Кенбай-Тас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Аула тұрғындары «Таразға тарту» жобасына риза екенін жеткізіп, Шу ауданына алғыс айтуда. Шу ауданы мұнымен тоқтамай, ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақтағы амфитеатрдың маңын абаттандырды. Онда амфитеатрдың үсті жабылып, көрермендер үшін арнайы орындықтар қойылған. Осылайша, Шудың демеушілері жобада ерекше белсенділік танытқанын білуге болады. Бұл, әрине, ауданның көне шаһардың туризмін дамытуға қосқан үлесі деп түйдік.
«Таразға тарту» жобасы бойынша алты аумақта атқарылып жатқан жұмыстың қарқыны тәп-тәуір. Ендігі кезде «Қазфосфат» АҚ-на белгіленген «Үшбұлақ» каналын абаттандыру бойынша мекеме басшылығымен келіссөз жүріп жатыр екен. Ал «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына бекітілген «Қарасу» каналының бойы абаттандырылмаған. Осы екі жоба жыл соңына дейін жүзеге асса, онда «Таразға тарту» жобасы бойынша жоспар толығымен орындалмақ.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.