Қалалық қоғамдық-саяси газет

Талап бәріне ортақ

0 210

Қала әкімдігінің мәжіліс залында карантиндік шаралардың күшеюіне байланысты жиын өтті. Қалалық бөлім басшылары мен қалалық прокурор, полиция басқармасы мен мейрамханалардың басшылары қатысқан жиынға қала әкімі Айтқазы Қарабалаев жетекшілік етті.

Арайлым Бақытжанқызы. Сурет Сәкен АБЖАПАРОВ

Қаланың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес қазанның 10-нан 11-іне қараған түннен бастап барлық кафелер өз жұмысын түнгі 00:00-ге дейін ғана жалғастыруға рұқсат берілген болатын. Алайда мобильдік топтар жүргізген рейдтерде анықталғандай тойханаларда той әлі тыйылмапты. Рейд барысында жауапты сала мамандары кейбір мейрамханалардың есігін бұзып кіріп, жасырын жасалған тойдың үстінен түскен.

– Елордада карантиндік шараларды күшейтуге байланысты ведомствалық комиссия отырысы өтіп, осыған орай облыс әкімі Бердібек Сапарбаев және жауапты сала мамандары індеттің алдын алу бойынша қажетті тапсырмаларды берді. Ағымдағы жылдың 9 қазанында қала бойынша 12 мобильдік топ құрылды. Еліміз бойынша пандемияның өршуіне қарсы тұру мақсатында кейбір елдімекендер карантинге жабылып та жатыр. Осының алдын алу үшін тойды доғарып, барлық карантиндік талаптарды сақтауымыз керек. Қалада әлі күнге дейін 500 адамның басын қосып той өткізіп жатқан мейрамхана иелері анықталып, айыппұл салынды, – деді шаһар басшысы Айтқазы Дәулетқұлұлы.

Ал Тараз қаласының прокуроры Жамбыл Сматов: «Өзге өңірлер секілді карантинге жабылмауды қаласақ, барлығымыз бірдей жауапкершілікті сезінуіміз керек» – дейді. Прокурордың айтуынша карантиндік талаптарды сақтамаған 78 факті тіркеліп, қажетті шаралар қабылданған.

– Бұл тек бізге белгілі болған фактілер ғана. Жасырын жасап жатқаны қанша ма?! Біз мобильдік топтың жұмысы жүйеленіп, кәсіпкерлер тойға тапсырыс алмай, карантиндік шараларды толық сақтайды деп сенеміз. Сондай-ақ тойдан кейін тарқасқан азаматтардың арасында жанжал шығып, соңы аса ауыр қылмысқа апарған жағдай жақында тіркелді. Қаулы қабылданды. Енді кафелер тек түнгі 12-ге дейін ғана жұмыс істейді, – деді Жамбыл Сырлыбекұлы.

Сондай-ақ жиында қалалық полиция басқармасының басшысы Асылхан Зауырбеков те сөз алып, көпшілікті талаптарды ұстануға шақырды. Ал мейрамханалардың иелері бұл талаптарға келіспейтіндіктерін жасырмады. Алдымен сөз алған «Ақорда» мейрамханасының иесі Эльвира Рысбекқызы: «Мен 5 баланың анасымын. 9 ай бойы күнімізді әзер көрдік. Сіздерден мейрамханаларды жабуды емес, күніне 3 сағат 80 адамға дейін сақтық шараларын сақтап, той өткізуге рұқсат берулеріңізді сұраймыз. Біздің отбасымыз бар. Жұмысшылар бар. Олар қалай күн көрмек? Біз бәріміз бірдей үкіметтен көмек алып отырғанымыз жоқ» – деді. Ал «Гауһартас» мейрамханасының иесі Меруерт Лештаева қала прокурорына: «Мобильдік топтан тексеру келгенде тек әкімдіктен екі адам және блогер келеді. Жалпы оның құрамына кіретін барлық мүше толық тексеру жүргізу керек. Ал біздерге келетін блогерлер өздерін «Құдайдай» көріп, жекеменшік иесінің жағасынан алып, ұялы телефонға түсіріп, ойына келгенін істейді. Блогерлерге ондай батылдық қайдан келген? Тексеріс жүргізесіздер ме, барлық топ мүшелері бірге келсін» – деді. Сонымен қатар жиында «Бақ сарайы» мейрамханасының басшысы да сөз алып, қазіргі таңда жылыту маусымының қамын жасай алмай отырған мейрамханаларға көмек көрсетуді сұранды. Барлық мейрамхана иелерінің назын тыңдаған шаһар басшысы карантиндік талап бәріне ортақ екендігін айтты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.